Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ.
Н.Ә. Назарбаев
Мойындау керек, қазақ ұлты кезінде жіберілген тарихи қателіктері жөнінде сөз қозғауды аса ұнатпайды. Өлтіре сынағанымызбен, әлі күнге дейін «өткенге салауат, келешекке аманат» айта алмай келе жатқан жайымыз бар. Бір жағынан, қателіктерімізді айту арқылы «әлемдегі ең ерекше, ең ұлы халық» дәрежесін түсіріп аламыз деген қорқыныш бар. Хан-батырларымызды, қайраткерлерімізді дәріптеумен бірге, қағыс қадамдарын көрсетуге уақыт жеткен жоқ па? Қараңғылық пен отарлық езгінің санамызды айырып, тіпті тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды тартып алғанына назар аудару керек. Қателік деп отырғаным тым турашыл болып көрінгенімен, бұл пікірді ішімнен шығармадым, бұл қазақ басылымдарында ара-арасында көтеріліп тұратын мәселелер, соларды үздіксіз оқу барысында осындай ой түзілді. Ендеше, еліміздің тарихи дамуында айрықша орын қалдырған алты оқиғаны (одан көп екені сөзсіз) ұсынып отырмыз. Оларды қателік деп қабылдау не қабылдамау өз еркіңде, оқырман.
1. Кіші жүздің Ресей империясына қосылуы.
О баста Ресеймен әскери одақты жасауды ұсынып, кейін Әбілқайырдың өз уәдесінде тұрмай, келіссөздердің басқаша сипат алғаны белгілі. Кіші жүздің 1731 жылы отаршыл империяның құрамына ресми түрде кіруі - кейін бүкіл қазақ мемлекетінің тағдырын қайғылы жағдайға ұшырататынын білді ме екен?! Ресей құрамына кіруден бас тарту қозғалыстары болғанымен, егемендік үшін күрестегі халықтың әлсіздігінен, алдыменен бүкіл құрамда Кіші жүз, кейін Орта, соңында Ұлы жүз кірген еді. Әбілқайыр бұндай қадам жасамағанында қазақ мемлекеті үш ғасырға жуық езгіні бастан өткізбей, көршілес түркі елдерімен одақтасып, басқаша өмір сүріп, даму бағытын алуы мүмкін еді. Бірақ, қазақ елі тарихындағы ең үлкен тарихи қателік кесірінен қазақ ұлты миллиондаған адамымен бірге, мәдени-тарихи, рухани келбетінен айырылды.
2. 1916 жылғы патша жарлығына қатысты ұстаным.
Түркістан өлкесінен 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі 1916 жылғы Ресей патшасының жарлығы бүкіл қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыстың пайда болуына түрткі болды. Әлбетте, еңбекке жарамды азаматтарды адам айтқысыз қара жұмысқа жіберуге қатысты тиісті жауап болу керек еді. Алайда, империяның әскери-техникалық, идеологиялық басымдылығы тұсында басқаша әрекет көрсету қажет пе еді? Мәселен, қазақ интеллигенциясының басында болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқалар күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшыратарын ескертіп, сабыр сақтауға шақырған еді. Себебі, олар жағдайды ушықтырмай тұрып, үкіметпен белгілі бір компромисске келуді көздеген болатын. Сондай-ақ, ұлт-азаттық көтеріліс аяқталғаннан кейін бірнеше айдан соң, 1917 жылдың ақпанында патша тақтан құлатылып, кеңес режимі орнатылған болатын. Сонымен бірге, ұлт-азаттық көтеріліс мәселенің айрықша тарихи маңыздылығына қарамастан, бүкілхалықтық қолдау таппады. Егер қазақтардың тәуелсіздік үшін күресу санасы оянғанында патша алдында талаптарын орындатуы да ғажап емес.
3. Алаш автономиясының қолдау таппауы.
Өз тарихымызды оқи отырып, халқымызға «тәуелсіздік керек емес» болғаны көрінеді. Әсіресе, 1917 жылы басталған революциялардан кейін, жер-жерде анархия басталғанында, қазақ халқы осы жағдайды пайдаланып еркіндікке қол жеткізу жолында неге күреспегені сұрақтар туындатады. Мысалы, 1917 жылы Алаш үкіметі мен автономиясы құрылып, дербестікке бірнеше қадам қалғанында қоғам құлдық санасынан айыра алмай, тарихи мүмкіндігін жіберіп алды. Кейінгі 20 жыл ішінде де ұлт зиялыларының талпыныстарына қарамастан, жағдай оңалмады. Қателіктің салдары қазақ интеллигенциясын түбірімен жойылуына себеп болды.
4. Ресей мен Өзбекстан аумағына қазақ аудандарының өтіп кетуі.
Жер мәселесі әлі күнге дейін даулы, әрі қауіпті екенін Қырымға қатысты жағдай жақсы көрсетіп берді. ХХ ғасырда белгілі бір себептерге байланысты еліміздің солтүстіктігінде аудандар, алғашқы астанамыз болған Орынбор қаласы, Астрахань облысындағы жерлер Ресей Федерациясының құрамына, оңтүстіктегі Мырзашөл сынды бірқатар қазақ аудандары ауыл шаруашылық мақсатта Өзбекстан Республикасына берілген болатын. Алайда кейіннен Қазақстан басшылығының талап қоя алмағынан не басқа себептерге байланысты қазақтар мекендеген жерлер өзге мемлекеттерде қалып қойды.
5. Қазақстан басшылығының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде КСРО позициясын қолдауы.
25 жылдан астам уақыт өтсе де, тәуелсіздігімізді алсақ та, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен оның қатысушыларына тарихи баға берілмей келеді. Сол уақытта «Қазақстан билігінің демонстрацияны қолдап, КСРО-ға талап қойғанында оқиға қалай өрбуі мүмкін» деген сауалдар жиі қойылуда. Алаңға шыққан жастарды кері қайтарып, оларды «маскүнем мен нашақор» деп атамай, Кремль ұстанымын қолдамағанында, қантөгісті алдын алуға не, саяси еркіндік алуға мүмкіндік тумас па еді?!
6.Мемлекет атауының өзгертілуі.
1991 жылы 10-желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы «Қазақстан Республикасы» деп өзгертілді. Алайда, «-стан» жұрнағын қосып өзгертудің қаншалықты қажет болғаны беймәлім. Себебі, «Қазақ» емес, «Қазақстан» болған соң, «қазақстандық ұлт» сынды жоба пайда болып, ел азаматтары өздерін қалай атау керектігі жөнінде екіұдайлы пікірде болды (қазақ не қазақстандық). Сондықтан, бұрынғыша «Қазақ Республикасы» бола бергенде, бүгінгідей қарама-қайшылықтардың қалыптастпауы да мүмкін. Өткен жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау облысына барған сапарында Қазақстан Республикасы атауын “Қазақ елі” деп өзгерту туралы өз ойын білдіргені бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы леппен Павлодар, Перопавл сияқты қалалардың аттарын өзгерткенде жағдай өзгеше орын алуы да мүмкін ғой.