Бүгін – ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, танымал қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның туған күні. Бекболат Қанайұлы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Еңбек жолын музыка саласынан бастағанымен, қоғамдық-саяси өмірге араласып, ұлтшыл мемлекет қайраткері ретінде танылды. Б.Тлеуханның жалынды өлеңдері, түрлі мәселелерге қатысты айтқан пікірлері әсіресе жастар арасында қызу қолдауға ие. Ұлт жанашырын мерейлі 50 жасқа толуымен құттықтай отырып, көпке үлгі өмір қағидаттарымен бөлісуді жөн көрдік.
***
Әкем 6 жасымда қолыма домбыра ұстатып, 6-сыныпта оқып жүргенімде «Батыр Баян» поэмасын жаттатқан. Мағжанның, Абайдың жырларына сусындап өскендіктен болар, дәстүрлі ән-жыр, термелерден әлі күнге қол үзгем жоқ.
***
«Жәнібек Кәлменовтың шешендігіне, Ақселеу Сейдімбектің сөйлегеніне, Қайрат Байбосыновтың әншілігіне еліктедім.
***
Бәріміз күлкі, арзан дүние қуып кеттік. Арманы асқақ адамдарға жақын жүріңдер.
***
Қайдағы жоқ жантүршігер жалалар жабылып жатқанда, өзіңді күнде көріп, сөзіңді күнде тыңдап жүрген (аңқау ма, ақымақ па, білмйемін) тұрғыластарым ту сыртымнан күмәндана қарағанда, ішім сыздап қоя береді.
***
Кезінде «қара тізімге» кіргізіп қойыпты. Сол қара тізімнің инерциясы әлі менен кеткен жоқ. Телевизиядан бермейді, анау күні бір ток-шоуға қатысатын болып едім, құдай сақтасын, маған қарсы бір үлкен механизм жұмыс істеді.
***
Ұдайы концертпен шығатын жастан да асып кеттім. Сахнада селтеңдеп жүру 25-30-дағы жігіттерге жарасады. 50-ге келген кезімде бала-шағаны тастап, таңертеңнен кешке дейін сахнада жүрмеймін ғой.
***
Жат елдер алдында өз болмысымызбен, табиғатымызбен танылып қана мойындата аламыз.
***
Саясаткер ретінде қатарымыздың қандастарымызбен толығуынан артық ештеңені көріп тұрған жоқпын.
***
Жиырма жылдың ішінде қазақтың жүрегін серпілткен дәл «Жау жүрек мың баладай» кино көргенім жоқ.
***
Шынайы көңіліммен айтайын, нағыз жүйке Назарбаевта ғана бар.
***
Елді елдікке бастайтын, қасіреттен құтқаратын жалғыз жол – осы иман.