Көңілі дархан Дидаға...
23 мамыр күні Қазақстанға танымал жазушы, журналист, «Түркістан» халықаралық газеті бас редакторының орынбасары Дидахмет Әшімханұлы 65 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл суыт хабар еліміздің журналистер мен жазушылар қауымын, жалпы жұртшылықты естен тандырды. Өйткені, кеше-ақ жарқын жүзімен көз алдымызда алаңсыз жүрген жанның мезгілсіз өліміне сену қиын. Белгілі болғандай, Дидаға (Дидахмет Әшімханұлын көпшілігі осылай атайтын) соңғы жылдары сырқаттанып, Қытайға барып емделген. Жақында жанарына операция жасатқан екен. Ал сенбі күні таң ата жүрегі соғуды тоқтатты...
Жазушы Дидахмет Әшімханұлымен қоштасу 24 мамыр күні сағат 09.30-да Қазақстан жазушылар одағында өтеді.
Gonzo ұжымы Дидахмет Әшімханұлының отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Төменде Дидағаның әріптестері мен шәкірттерінің естеліктерін беруді жөн көрдік.
Жаңабек Шағатай, «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, жазушы:
«Дидағаң 50 жасқа келгенде «Дипломат-демократ Дидағаң» деп жазған болатынмын. Көп жылдар бері бірге жұмыс істеп келгенбіз. «Түркістан» газеті ашылғанынан бері тізгінді ұстап келген еді. Дидағаңды жазушылар қауымының бәрі жақсы көреді, сыйлайды. Ол кісінің ерекше қасиеті – үлкенмен де жастармен де тең жақсы қарым-қатынаста болды: үлкенді сыйлай білді, кішіге ізет білдірді. Дидағаң әсіресе, жастардың қамқоршысы болды. Жеке шығармашылығына келетін болсам, Дидағаң аз жазды. Бірақ аз болса да, саз болды... Бірі білсе, бірі білмейді Дидағаңның бір қасиеті ақындық болды. Егер поэзияны қуғанда мүмкін ел айтарлық ақын болар ма еді?!
Ол кісі Шығыс Қазақстан облысы Қатоңқарағай ауданының тумасы, ол жер қазақтың әдеби мәйегі! Осы өңірден Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақов, Әлібек Асқаровпен қатар Дидахмет аға да шыққан. Олар өр Алтайдың рухын, биіктігін, өзіне тән романтиканы алып келген жігіттер. Өкінішке орай, барлығымызға сыйлы ағамыз мезгілсіз қайтыс болды. Иманы салауат болсын!»
Бейбіт Сарыбай, жазушы, ақын:
«Бекер-ақ болды...» Қазақ прозасының классигі, Өзіңіздің ағаңыз Қалихан Ысқақтың бір эссесінің осылай басталатынын қайта-қайта айтып, тамсанушы едіңіз ғой, аға. Адам бойындағы қимастық, өкпе, өкініш, реніш сынды бірнеше сезімді бойына сыйдырған сол сөйлем менің тілімнің ұшында тұр, аға. Бекер-ақ болды. Ерте еді ғой әлі. Әлде Оралхансыз қалғанда опасы азайып қалған жалғанның Қалихансыз қалғанда мүлде қадірі азайып қалды ма? Атаның топырағы кеппестен артынан тұра жүгіргеніңіз-ай. Қайран аға-ай!
Талаптан Ахметжан аға қайтыс болған күні аз-кем әңгімелесіп қалдық. Сонда менің шығармашылығым туралы өз ой-пікірлеріңізді айтып, «егер қарсы болмасаң кітабыңа алғысөзді мен жазайын»,- деп едіңіз. «Қарсы болғаныңыз не, рахметтен басқа айтарым жоқ»ғ-дедім, бақыттан басым айналып. Жаздыңыз. Жазғанда да өзгелерше немқұрайлы емес, шын жанашырлықпен жаздыңыз. Сол алғысөз менің мемлекеттік сыйлығым болып қалады аға.
Кеше кешкісін өзіңіздің жүрегіңіздің жартысы, жан балапаныңыз, ұлыңыз Дәукеш хабарласты. - 31 мамыр күні бесік той жасаймыз, соны папам саған тапсырды, сәлден соң өзі хабарласады-деді. Әдеттегідей: - Тапсырма орындалады, уайымдама,-деп едім. Қуанып едім.Енді не болды? Бекер-ақ болды, аға. Жоспары бұзылмайтын жоспарлы жұмыспен үш күнге Астанаға келе қалып едім... Жат қалады жалғыз өзім отырмын енді, сандырақтап. Бекер-ақ болды».
Ерлан Жүніс, ақын, халықаралық «Шабыт» байқауының жеңімпазы:
«Осы қасиеттің бəрі Ағаның өзіне тəн еді ғой. Өзінде барды өзгеден көргісі келетін, өзінде барды өзгеге бергісі келетін шын адам, шынайы суреткер өтті өмірден. Əлі сене алар емеспін. Ертеректе, бір топ ақын жігіт басымыз ауырыңқырап, Ағаның кабинетіне еркелей кірдік. "Ал, жігіттер, қызыма құда түсіп келдіңдер ме?" деп, суыт жүрісімізді сезіп, жұмсақ жымиып қарсы алды. "Қызылыңызға құда түсіп келіп ек..." деп қызарақтап қалдық біз. Əдемі əңгімесін шалқымалатып барып, бір қайырып алды да, қолымызға (ешкім көріп қоймасын дегендей) бес мың теңге қыстырып жіберді. Мəз болып біз кеттік. Кейін сонымыздан ұялып жүрдік».
Төмендегі пікірлер фейсбуктен алынды:
Аманхан Әлімұлы, ақын, журналист, «Ақиқат» журналының бас редакторы:
«Е..е..е, достарым, «Мір кем дүние, Алланың салғаны, дә...» деген осы. Әйтпесе, кеше қана қатар жүріп, қарбалас тірліктен қалт еткенде сан сырласқан да мұңдасқан Дидағам өмірден өтеді деп кім ойлаған. Жатқан жері жайлы болып, жанына жәннәт бұйырсын. Артында қалған отбасына Алла амандық берсін. Сөйтіп, өмірден тағы бір қарымды қаламгер, ел-жұрт мұңын мұңдаған азамат өтті. Басыңызда айтар сөзді, достарыммен бөлісіп отырмын, Дидаға! Енді, қош болыңыз! Алла алдыңыздан жарылқасын!»
Құл-керім Елемес, ақын:
«Өмір реліс сияқты. Қатар ағылған. Біреудің туылған күні болып жатса, біреудің жаназасы оқылып жатқан... Біреуді құттықтайсың. Біреуге көңіл айтасың... Біреу бұ жалғанына келіп жатса, біреу мәңгілігіне аттанып жатқан... Біреу бұ күнін ойлап жанұшыртса, біреу кетер жағын ойлап кемін (құлшылығын) сайлауда... Дидахмет ағам да аттанып кетті. Рухы Жәннәті болсын!»
Досай Кенжетай, философия және теология ғылымдарының докторы:
«Дидахмет аға ақжарқын, кіршіксіз көңіл, терең парасат иесі, жүрек ділмен ой толғар зиялы еді... Сен де мына боз даланы тастап кеткенің бе?! Өтірігі белуардан жайқалған мына қоғамда шындығы шыңырау, шоқтығы биік нар тұлға едің! Қош бол деп айта алмай боздап қалдым... Жаның жұмақтан жай тапсын!!! Қош Аға!!»