Өткен аптадағы Геннадий Головкиннің жеңісі қазақстандықтарды қайран қалдырып, басқа жаңалық атаулыны бір сәт ұмыт қалдырған еді. "Қазақ Генадай болсын!" деген ұрандар мен тілектер көп айтылды. Кейбіреулері баласына оның есімін беретінін де жариялады. Спорт додасынан бұрын қоғам назарын аударған бір жағдай орын алды. Тағы да Қазақстанның батысы, бұл жолы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова журналистердің "ерекше ықыласына" бөленді. Әсіресе, ұлы Максимнің 27 жасында білім басқармасы басшысының орынбасары, келіні Алуа Қасымованың жастар саясаты бөлімінің басшысы болып отыруы коғамда қызу талқыланды. Бірі теріс пікір білдірсе, енді бірі тамсанып, "менің балам Максимдей болсын" деген лебіздер айтылды. Өз кезегінде Сара Нұрқатова балаларының әкімдіктегі жоғары лауазымдарына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Шынымен де, мемлекеттік қызметке оқу бітіре салып, бірден лауазымды қызметке орналасуы таңданыс пен құрмет сезімін тудырмай ма?
Ендеше, бүгінде туысқансыз "тұғырға" шығу мүмкін бе?
Ақтөбелік шенеунікті саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов әбігерге салған болатын. Ол Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық қеңесте Бердібек Сапарбаевтың орынбасарын оңдырмай сөкті. «Орынбасар орнынан кету керек!» деген ұсынысты да ашық білдірді.
«Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өзі қызмет етіп отырған әкімдікке алдымен баласын, кейін келінін жұмысқа алған. Облыс әкімі атынан дарынды балаларға берілетін стипендияны да туыстарына бөліп берген. Комиссия төрағасы Нұрқатова ханым, ал оның баласы хатшы. Бұл не? Отбасылық бизнес пе? Бұған партия неге шара қолданбайды?» деген саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов пікірін қоғам талқысына тастаған болатын. Білдей облыс әкімінің орынбасары қызметінде отырған ханымды масқаралаған сөздерді тілшілер сол күні-ақ әліп алып кетті.
Жергілікті тілшілер мәлімдеме жасалған күннің ертеңіне-ақ әкімдіктің есігін қағып, Нұрқатованың жауабын сұрады. Мұндайды күтпеген орынбасар састы ма, тілшілерді әкімдіктің есігінің алдынан қайтарды. Кездесуді түстен кейінге, сағат 15:00-ге облыстық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында деді. Белгіленген уақыт та жетті, әкімдіктің бірнеше өкілін ертіп, орынбасар ханым да келді.
Нұрқатованың жауабы екі ауыз сөзбен аяқталған жоқ. Ол ақтөбелік журналистермен бұрын-соңды болмаған кездесу өткізді. Ағынан жарылып «Балаларым үшін жерге қарамаймын, керісінше, лайықты, білімді бала өсіргенім үшін мақтанамын» деді. Орынбасар көп ойды шалып өтті. Түсінікті болу үшін ханымның не айтқанын тақырыпшаларға бөліп тізбектесек. Сонымен...
Алғашқы ақталу
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова алдымен тілшілермен бірден неге кездеспегенін түсіндіріп өтті. "Мен журналистерге бірден түсініктеме бермеуімнің себебі, Астанаға кеткен облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасарын күттім. Ерімбетов жасаған ол мәлімдемені өзім көрмегендіктен, барып-қайтқан адамның аузынан естігім келді. Яғни, онда не болды? 14 қазанда республикалық маңызы бар қоғамдық кеңесте Ақтөбедегі «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы туралы талқыланған. Сол кезде облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасарынан менің отбасы мүшелерімнің, балам мен келінімнің, мен жұмыс жасайтын әкімдікте қызмет ететіндігінен хабардарсың ба? деп сұраған. Олар мен бақылауға алатын басқармаларда белгілі бір лауазымды қызметте отыр. Мен облыстағы әлеуметтік саланы басқарамын. Кеңесте айтылған мәліметтер рас. Менің жақын туысым, келінім Алуа Қасымова жастар саясатында бір бөлімді басқарады. Олар бұл қызметке жақында ғана орналасты", - деді С.Нұрқатова.
Нұрқатованың кіші ұлы Чаркин Максим Викторовичтың облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалғанына екі айдан енді асқан болатын.
Нұрқатова Агенттікпен кеңесіп отыр
Орынбасар ханым өз түсініктемесінде осылай деді. Ол облыстағы мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдерінен кеңес алып отырғанын айтады. Сонда оны тексеретін кім?
"Ерімбетов мырзаның қойған сұрақтары бойынша бірнеше кеңестер алдым. Балам жұмысқа тұру кезінде ҚР Заңының мемлекеттік қызметкерлерге қатысты 8-бап 10-бөлімінің шарттары орындалған. Ол барлық талаптар бойынша бұл қызметке өтті. Бүгінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметінде. Бұл жерде ҚР Заңының жақын туыстарын қызметке алуға қатысты 10-бап 3-бөлімін қарайтын болсақ, мен бұл туралы да кеңес алдым. Менің білуімше, мен қателеспей, дұрыс ойлаймын деген пікірдемін. Өзім бірнеше жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрмін. Максим Чаркин менің тікелей қадағалауымдағы қызметкер емес. Себебі ол бөлек басқармада жұмыс жасайды. Ал, басқарманың өз басшысы бар. Сондықтан мен Ерімбетов мырзаның қойған сұрағына жауап бердім деп ойлаймын. Маған біздің заңгерлердің кеңес беруінше жене мемлекеттік қызмет агенттігінің кеңесінше заң бұзушылық жоқ", - дейді орынбасар.
Ал дәл кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов мемқызметші өзінің жақын туысы болып табылатын мемлекеттік қызметшінің тікелей бағынышында жұмыс істей алмайтынын мәлімдеді. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда және аталған саладағы қолданыстағы заңнамада мүдделер шиеленісі институты қарастырылған. Мемлекеттік қызметші өзінің жақын туысы болып табылатын мемлекеттік қызметшінің тікелей бағынышында жұмыс істей алмайды. Бұл заңнаманың жалпы нормалары және олар қатаң сақталуы керек», - деді С.Ахметжанов. Демек, енді бұл отбасылық іске Агенттіктің өзі назар аударды.
«Нұр Отанның» мені ұнатпай қалуы мүмкін емес...
Аяқ астынан ұятқа қалған орынбасарды тілшілер сұрақтың астына алды:
«- Мүмкін бұл шу біреудің тапсырысы деп ойламайсыз ба?»
«- Мұны жауапсыз қалдырайыншы... білмеймін, мен осындай жағдайға тап болдым».
«- Мүмкін «Нұр Отан» партиясы сізді ұнатпайтын шығар»
« - Ұнатпай қалуы? Жоқ, партияның ұнатпай қалуы мүмкін емес»
«- Мәлімдеме ар-намысыма тиді деп соттасасыз ба?»
«- Соттасу туралы ойламаппын...»
«- Бұл жағдайға облыс әкімі пікірін білдірді ме?»
«- Әкім біледі, қолдау білдіретінін айтты. Сол үшін ризамын».
Дегенмен, өзін ашық және білікті әкім ретінде көрсетіп жүрген Бердібек Сапарбаев Сара Қайыржанқызына қатысты пікірін білдірмеді. Ал Нұрқатованың үстінен арыз түсіретіндер көбейді. Жылда қыруар қаржы бөлініп жатқан облыстағы мәдени саланы құлдыратып жіберді деп жанайқай айтып жатқандар бар. Халық бұл жағдайға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзінің араласуын сұрайды. Жергілікті тұрғындар "Ондай орынбасарлардан опа таппайсың, әкімдікті жемқорлардан тазарту керек" деп жатыр. Мәдениет бөлімінің қызметкері Жеңісбек Қалқабековтың Сапарбаевқа жазған хатында қаладағы халық шығармашылық үйінің бизнес орталыққа айналып кеткені айтылған. Ол: "Халық шығармашылық үйі Нұрқатованың басқаруымен шаң жұқтырмастан ақылы шаралар өткізіп жатыр. Өзінің жақын және алыс туыстарын қанатының астына алған ол облыстағы мәдениет саласының берекесін кетіріп отыр" деген.
Демек, тексеріс тек әкімдікпен шектелейін деп тұрған жоқ. "Мәдениетті ханым" араласқан облыстың барлық әлеуметтік саласы бүге-шүгесіне дейін тексеріледі деген сөз. Ендеше Сара Нұрқатоваға қатысты іс енді басталғандай. Оның соңы қалай бітетіні бас кейіпкеріміздің алдағы әрекетттеріне байланысты болмақ. Соңғы уақытта орын алған жағдайлар істің "жақсылықпен" аяқталатынына күмән келтіреді.
Орынбасардың мақтанышы
«Мен қызметіне лайықты, білімді балаларыммен мақтанамын». Нұрқатова биліктегі шенеунік болғанымен, баласының жетістігі үшін қуана білетін ана.
"Мен - әйелмін. Сол себепті де, отбасым туралы, жеке өмірім жайлы көпке жария ете бергенді қаламаймын. Мен екі келініммен бірге тұрамын. Менің үлкен балам мүгедек. Өзі сияқты қызға үйленді. Өкінішке орай балалары да мүгедек болып туылды. Мүмкін бұл батылырақ айтылған болып саналар, бірақ мен мақтанышпен айтатын бала өсірдім. Оларға білім бердім. Максим ағылшын тілін педогогикалық институтта бітірді. Магистратурада, халықаралық институтта білім алды. Ол мемлекеттік қызметке өз қалауымен келді. Бұл олардың өз таңдауы. Бұл жерде оларды қолдамай тұра алмаймын. Мен олармен мақтанамын. «Ол ауыл шаруашылығы саласында неге жұмыс жасамаған» деген пікірлер де айтылды. Біздің отбасымызда ешкім ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасаған емес. Менің ойымша, егер туыстар, жақындар мемлекеттік қызметте жоғары қабілеттілік көрсетіп жатса, неге жасамасқа?! Әрине бәрі заң аясында болса, - деген Сара Нұрқатованың саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовке жауабы осылай түйінделді.
Облыс әкімінің орынбасарына қатысты мәселе алдағы уақытта тағы талқыланады. Ендігі кеңес облыстық «Нұр Отан» партиясында өтпек. Әзірге Ақтөбедегі нұротандықтар ештеңе білмедік, көрмедік, естімедік деп төбеден түскендей болып отыр. Яғни, ақтөбелік шенеуніктердің отбасылық бизнесі туралы Ерімбетов еске салмағанда ешкім ешнәрсе білмей жүруі де мүмкін еді.
Ол кім, бұл не?
Нұрқатова еңбек өтілін музыка пәнінің мұғалімдігінен бастап, мәдениет басқармасының бөлім бастығы, басқарма басшысының орынбасары, мәдениет басқармасының басшысы, 2008 жылдан бастап, облыс әкімінің әлеуметтік саланы басқаратын орынбасары болып тағайындалды. Бір орында 7 жыл бойы тапжылмай отырған орынбасар мәселесі енді май шаммен қаралуда. Бұл мәселенің бас партияның жиналысына арқау болуы облыстағы мемлекеттік қызмет саласына мән беру қажеттілігін көрсеткендей.
Өйткені, жас басшы Чаркиннің қызмет жолындағы өсуі рекордтар кітабына енуіне үмітті. Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Максим Викторұлы 2012 жылы 24 жасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын аяқтай сала Ақтөбе облысының Жастар саясаты мәселелерінің басқармасында бөлім басшысы болып қабылданады. Ал биыл қыркүйек айында облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру жөніндегі басқарма басшысының орынбасары атанады. Елімізде жұмысқа, әсіресе, мемлекеттік қызметтегі лауазымды орынға жоғары оқу орнын бітіре салып, қажетті еңбек өтілісіз бірден бөлім басшысы етіп тағайындау өте сирек кездеседі, тіпті ондай мүмкін емес деуге болады. Алайда, бұл тек Максим Чаркинге қатысты емес, өйткені ол өзгелерден оза шауып, ешкімнің қолдауынсыз мемлекеттік қызметке орналасты емес пе? Ал келіншегі Алуа да жастар басқармасында Бас маман болып жұмыс істеп, кейін жұбайының орнын басты. Басқарма ішіндегі Бас мамандардың ішінен Алуаның, оған қоса дәл туысқанының қызметіне ауысуы қосымша сауалдар туындатады. Міне, осындай қызық арифметика. Қайткенменде, бұл жағдай әсіресе аймақтардағы "отбасылық бизнес" иелері үшін шұғыл дабыл белгісі болды. Баласымен, не немересімен бір қызмет саласында жұмыс істеу алдында аға-көкелеріміз енді жақсылап ойлануы тиіс секілді.
Өзінің «білімі мен тәжірибесі» арқасында талай шенеуніктің баласы лауазымды қызметте жүргені де жасырын емес. Мәселен, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың ұлы – Сергей Нұртаев Италиядағы Қазақстан елшісі, Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагиннің баласы – Павел Кулагин Астана қаласындағы коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы, Парламент сенатының бұрынғы төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің баласы Сержан Әбдікәрімов Қазақстанның Чехиядағы елшісі.