«Адам күні адаммен». Бұл ескінің сөзі іспетті болып қалды. Қазірде «есеппен жүргендер» аз емес. Қояндар мен түлкілер тек Дариға Назарбаеваның ауласында ғана емес, қоғамда да өріп кетті. Атыраулық бір продюсер танысым «адам бір тәрелке түскі ас үшін дос болатын заман болды» деуші еді. Расында, шаруаң үшін қазір керексің, ертең бейтаныссың.
Қазіргінің жастарына дейін іштен арамдықты оқып туатындай. Көпке топырақ шашуға болмас, әрине. «Пайдасы бар адаммен дос болсам», «кәдеме жараса» деген оймен жақындайды. Түлкі емей, немене?!
Таяуда әкесінен айырылған танысымызға көңіл айтып кіреміз деп отырғанымыз сол еді, естіп отырған біреу «мен де барайыншы, ертең Астанаға барып жатсақ, тұратын жер керек қой, танысып алайын» деп қалғаны бар емес пе?!
Жастарды қойшы, үлкендердің өзі үйретіп отыр. «Мақтасаң ұзаққа барасың», «Ешкімге соқтықпай жүр» («Ешкімнің ала жібін аттама» демейді), «Пайдаңды ойла», «Үндемеген үйдей бәледен құтылады», т.б. Қоян демей көр!
Жалпы, адам мен адамның араласуы қиындап барады. Бетіне күліп қарайсың, көзді ала бере одан жаман адам жоқ. Өнерде де, журналистикада да, кез келген әлеуметтік салада да! Іскерлік саладағы адамдардың өзіндік есептері бар. Билік өкілдері арасында екі бастан сондай қарым-қатынас.
Өз басым адамнан көңілім қалса, енді көрместей болып кететін жаман әдетім бар. Дегенмен, қазір қас-қабағыңа қарап, кімді жақын тартатыныңды, кімнен аулақ жүретініңді көзі қарақты жора-жолдас біліп отырады емес пе.
Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде аса жақтыра бермейтін біреуді сәл еркелетіп туған күнімен құттықтай қойғаным мұң екен, өзгелер іліп әкетті.
Жекеге жазып, «нағыз Сәкәлектің өзі екенсің, жек көрсең де, құттықтадың, еркелеттің» деп өзге таныстарым әзіл-шыны аралас тиісіп әлек. Сәкәлегі «сайқал» дегені! «Қазір кім сәкәлек болмай жатыр, бәрің де сәкәлексіңдер» деп қорғанып мен әлек.
Жә, қоғамнан түңіліп кеттім демеймін. Жақсылар мен жайсаңдар табылады. Аңқаулар мен аңықлдақтар да жоқ емес. Дегенмен, түлкі мен қояны көп. Ал, тазылар жоқтың қасы...