Кеше Қазақстан халқы ауыр қазаға ұшырады. 76 жасқа қараған шағында еліміздегі демография ғылымының негізін салушы, профессор, қоғам қайраткері Мақаш Тәтімов қайтыс болды. Демограф-ғалымның 30 сәуір күні болатын туған күніне екі апта қалған еді.
Мақаш Байғалиұлының демография, педагогика мен тарих ғылымдарына сіңірген өлшеусіз еңбегі ел есінде. 1931 – 1933 жылдары “голощекиндік геноцидтің”, 1937 – 1938 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннің, 2-дүниежүзілік соғыс майдандарында қаза тапқан қазақтар шығынын, тоталитаризм үшін “сенімсіз” халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуының саяси себептерін ашып көрсету жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ 1986 жылы оқиғаға қатысқан жастарды саяси-құқықтық ақтау үдерісіне белсене қатысып, тарихи шындықтың бетін ашты. Тұңғыш рет дүние жүзіндегі түркі тілдес халықтардың жалпы санын жариялау арқылы ғалым халықаралық статистика саласына орасан зор үлес қосты. Сондай-ақ, ол көші-қон саясатын талдап жасап, шет жұрттағы қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды.
Мақаш Байғалиұлының мемлекетшілдік, отансүйгіштік келбеті Қазақстан халқының жадында мәңгі қалады. Gonzo.kz сайтының ұжымы Мақаш Тәтімовтің отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
***
Менің демограф болуыма Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тікелей себепші болды.
***
Мен мамандығым бойынша емес, жүрек қалауымен демограф болдым.
***
«Ұлтжанды болмасаң да, балажан болуға тиістісің» дегенді елдің есіне салғым келеді.
***
Сан сапа туғызады. Ұлттың санын көтермей сапаны қайдан аларсың?! Қазақтың саны өз елінде 70 пайызға жетпей, тілін өз тұғырына қондыра алмайды.
***
Менің ойымша, төрт-бес баланың әкесі атанған ер-азаматтарымызды да ынталандырсақ жаман болмас еді. Мысалы, ондай ер-азаматтарға «Ардақты әке» деген атақ беруге әбден болатын сияқты.
***
Сол бір алғашқы кездесу кезінде Нұрекең менен «қандай өтінішің бар» деп сұрады. Мен жеке басым жайлы емес, қоғамдық мәселелер жайлы әңгімені қайта жалғадым. Ол «сен сол баяғы, өз ісіңнің фанаты екенсің ғой» – деді.
***
Елбасы мені Президент әкімшілігінің Ақпарат және сараптау бөліміне жұмысқа шақырды. Мұны мен Нұрекеңнің достық ықыласы, біліктілігімді бағалауы деп ұқтым.
***
Мен «кәрi қыздар» қатарына бұрын ешқашан тұрмысқа шықпаған, қазiргi таңда 25 пен 50 жас аралығындағы әйел адамдарды жатқызамын.
***
Жезөкшелікті заңдастыру керек. Бұл мәселеге демографиялық тұрғыдан қарар болсақ, жезөкшеліктің қарқынды түрде өсуі халықтың өсіміне зиянын тигізуде.
***
Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ғасырлар бойы ержүрек бабаларымыз қорғап келген кең байтақ қазақ жерін әйелдеріміз дархан да дана, елім деп еміренетін текті қазақтың ұрпағымен толтырса екен деп тілеймін.
***
Демография ғылымының негізін қаладым десем, артық айтқандық болмас.
***
Қазіргі кезде халықтың мені білмесе де демография сөзін біліп, түсінетіні мені қуантады.
***
«Егемен Қазақстан» мен «Алаш айнасы» газеттеріндегі материалдар пайдаланылды.