Жалаңдаған сыбайлас жемқорларымыз да көгілдір экраннан әлгі ұр да жық ұрымтал ойын «бокс» деген жекпе-жекті көреді екен. Тіпті, ішкен асын жерге қойып қарайтынға ұқсайды. Есіл-дерті тек долларда. Әсіресе, Головкинге «бойдан» кейін берілетін гонорарын есіткенде сілекейі шұбырып, аңсары ауып, аузынан суы ағып, жалмаң қаққан тілімен теледидарды бір жалап алуға дайын тұр. Мұны көрген қол астындағы қызметкері де бір жұтынып алып, көздері ойнақшып, жалақтай бастады.
– Осындай екі миллион доллар болса, жұмыстан ебін тауып екі асағым келеді,– деді бастығы.
– Менің де иегім қышиды, – деді қызметкері.
– Саған не жоқ?
– Басеке, бізде де ауыз бар ғой.
– Өй, аузыңның... қарпып алайын да. Сосын қалғанын жейсің ғой. Әлде мен бәрін тауысып қояды деп ойлайсың ба?
– Сізден артылмайды ғой, басеке.
– Қамықпа, саған сүйек-саяғын қалдырамын.
– Қойыңызшы... маған ең болмаса, анау жеңілген канадалық Давид Лемьеге берілгендей ақша да жетіп жатыр, басеке.
– Қанша?
– 1,5 миллион доллар.
– Тәйт, нысапсыз, ындыны бұзық неме! Мұндай ақшаны сен түгілі мына мен ауызды толтыра асаған емеспін! Тіпті, екі миллион теңгенің өзін 200 мыңдап аз-аздан тістеп, кертіп жеймін. Байқа, бала, қазір заман бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» емес. Тәртіп түрегеліп келеді.
– Жарайды, басеке! Тек мені ұмытпаңыз, қаражаттан қалдырыңыз.
– Қамықпасайшы... Одан да «телевізір» қарайық.
Мың жасағыр Головкин жекпе-жекте Лемьені ойсырата жеңіп, жанкүйерлерге:
– Мен өте-мөте бақыттымын. Достарыма үлкен шоу сыйладым. Адамдарыма рақмет. Мен орта салмақтағы барлық белбеуді алғым келеді және жаңа тарихты жазғым келеді, – деп толғанысын жеткізіп жатыр екен. Мұны құлағы шалған, құлқыны бүлк-бүлк еткен бастық былай деді:
– Мен де бақытты боламын. Айналама шоу сыйлаймын. Өзіме «ЗОУ» сыйлаймын.
– «ЗОУ» деген не пәле?
– Қысқарған сөз. З – «завтрак», О – «обедь», У – «ужин». Айналып келгенде – ақша ғой. Алдағы уақытта жемқорлық жөнінен орта салмақтағы барлық белбеуді («нансоғар», «мешкей», «обыр» т.б.) аламын. Жемқорлықтың «тарихын» жаңадан жазамын. Мен болашақта «жеңімпаз» жемқорлармен жекпе-жек өткізгім келеді. Оларды «ақша опыру» жағынан ойсырата жеңіп, «алтын ауыз», «құлқын» медальдарын тартып аламын!
Суретті салған: Нұрлан Тазабеков
Иә, осы секілді оқиға Жамбыл обылысында орын алды. Дәл осылай «додаға» шыққысы келді ме, әлде өзін «қораға» тықққысы келді ме, кім білсін, әйтеуір, Тараз қалалық Ішкі істер басқармасы полиция бөлімі басшысының экс-орынбасары Айдар Рахымбердиев өзінің Т.А. есімді қол астындағы қызметкері арқылы зорлау оқиғасы бойынша ұсталған екі адамның туыстарынан оларды босатуға жәрдемдесу үшін 200 мың теңге көлемінде параны «пытырлатып» санап алған. Бірақ, бұл іс оның құзырында болмаған. Қолында тұрғанда қонышынан басып, қызметін асыра пайдаланған. Осыған байланысты күдіктілердің туыстары күдік келтіріп, қалалық прокуратураға шағымданған. Кім ойлаған, бір жерден бірнеше күдіктілер шығады деп. Бұл күні экс-орынбасардың қол астындағы қызметкерлері Т.А және Д.М. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Жамбыл облыстық департаментіне бөлім басшысының орынбасары заңға қайшы әрекет еткенін айтып арыз қалдырды. Осыдан кейінгі әлгі қызметкерлердің кінәлі А. Рахымбердиевпен әңгімесі үнтаспаға жазылды. Бұл жемқорлық саласында әжептәуір «шоу» болды. Алайда, ол Генамен сайысқа шыққан әлгі канадалық боксшының кебін керісінше киетін болды-ау!.. Атап айтсақ, ақшадан айырылады.
Әй, өкінішті-ақ!..