Талдықорған қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында тарихи Орбұлақ шайқасы қойылымы өтті. 3 бөлімнен тұратын тарихи қойылымға 100 атты және 500 жаяу әскер қатысты. Оның ішінде «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмдерінің түсіріліміне қатысқан қазақстандық кәсіби NOMAD каскадерлерi бар.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050», «Мәңгілік Ел» стратегиясын іске асыру барысында өткізілген салтанатты шараны ашқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Орбұлақ» шайқасының тарихына тоқталып:
- Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Қазақ хандығының құрылу тарихын жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыздың дәстүріне адал болсақ, сонда ғана халқымыз өркениет көшінен қалмай,әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алары хақ, - деп атап өтті.
P.S. Осылайша болғаннан боладысы қызық демекші қааанша уақыттан бері үлкен дайындық жүргізген Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара небәрі 1-1,30 сағатта өте шықты. Бірақ облысымыздың белсенді жастары "Орбұлақ шайқасы" қойылымын көруге келген әрбір Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қазақ хандығының 550 жылдығына ерекше сыйлық, ұмытылмас естелік сыйлағаны анық!
ФОТО: Асқар ҚҰРАНБЕК