Осы күні адамдар [адамдар болғанда, этникалық мұсылман болып саналатын өзіміздің ағайын ғой] "Хиджаб кию керек пе, жоқ па?", "Намаз оқу керек пе, жоқ па?", "Қажылыққа бару құлшылық па, сән бе?", "Ораза ұстау әншілердің мақтаншықтығы ма, жоқ па?" деген есі дұрыс, дені сау мұсылманның ойына да келмейтін бір айқай-шуды ермек қылып жүр. Сондағы контексті көкейдегі ойлары: “Жүрегім таза болса, болды емес пе?”.
Бір қызығы, мұсылманның бес парызының ішінде зекет неге ұмыт қалып жатыр, оны білмедім. Шамасы, бүгінгі қазақтың зекет беруге әлі ауқаты жете қоймады. Болмаса, зекет дегенді білмейді, білсе де бермей жүр…
Иә, "по умолчанию" немесе "by default" дегенді айттым ғой, соған тоқталайын.
Кез-келген техниканы, технологияны, компьютер-ноутбукты, смартфон-планшетті, фотоаппарат-камераны сатып аласыздар, қолданып жүрсіздер. Ал енді осы техникалардың қай-қайсысы да дүкеннен алғаш келгенде һәм зауыттан шыққанда өзінің әу бастағы “настройкасымен” келеді. Әлгі зауыт инженерлері яки бағдарламашылары ол құрылғының қалыпты түрде, штаттық режимде дұрыс жұмыс жасауы үшін оны солай құрастырған. Онсыз болмайды. “По умолчанию” немесе “by default” деп осыны айтады. Оны сіз өшіре алмайсыз, тек үстіне қосымша нәрсе үстемелеп жақсарта аласыз. Болды. Оны addon немесе плагин, аксессуар деп те айтады.
Дәл сол сияқты, "Исламды қабылдап, мұсылман болдым" деген адамда по умолчанию немесе by default "5 парыз" деген функция автоматты түрде қондырылады. Қазақшаласақ, мойнына міндет болады. Ол, және, ешқандай талқыға да, пікірталасқа да, айқай-шуға да арқау болуы тиісті емес. Ал ол бес парызды бәріңіз білесіздер: иман, намаз, ораза, зекет, қажылық.
"Бұларға қосымша функциялар яғни плагиндер не?" деген сұраққа "Нәпіл намаздар, нәпіл оразалар, садақа, адамдарға жақсылық, мейрімділік көрсету, құрбан шалу, жұма намазға бару..." деген сияқты таусылмайтын feature/опциялар бар. Яғни, мұсылман адам бес парызын нығырлауы ең басты міндеті. Ал біздің ағайындар не Құран оқымайды, не намаз оқымайды, не ораза ұстамайды, не зекет бермейді (жағдайы жете тұра), не қажылыққа бармайды (жағдайы жете тұра), не кәлимасын дұрыс білмейді, сөйте тұра өзгелердің мұсылмандық жолына әңгіме айтпақ ойы бар.
Күлкілі ғой бұл қылық? Мойындаңыздаршы?
Тағы да бір техникалық мысалға салайық. Автомобильді алыңыздар. Классикалық түрдегі автокөліктің шассиі, төрт дөңгелегі және қозғалтқышы болады. “По умолчанию” немесе “by default” деп осыны айтады. Шассиді, көліктің денесін адамның денесімен аналогия жасайық. Ал оның төрт дөңгелегін Исламның төрт парызы: намаз, ораза, зекет, қажылық деп есептесек, басты парыз иманды қозғалтқыш деп алуымызға тура келеді. Өйткені, мұсылман мұсылман болуы үшін кәлима-шаһада айтып, иман келтіруі міндет. Жалпы Исламның қозғалтқышы осы кәлима - Лә илләһә илаллаһ, Мухаммадур Расулуллаһ!
Ал енді, по умолчанию немесе by default функциясы жоқ техниканы сіздер не деп айтасыздар? "Брак" дейсіздер ме? Ендеше, 5 парызын, оның ішінде басты парызды орындамайтындарды брак мұсылман деуге келе ме? Вердикт шығаруға құқым жоқ, әркімнің патша көңілі өзіне жауап берсін. Кел ендеше, “по умолчанию” немесе “by default” мұсылман болайық, ағайын!
Баршаңызға, Алланың сәлемі және мейрімі болсын!
фото azattyq.org