(Новелла)
Жоғары бөлмедегі комодта тұрған қобдишаның үстіндегі алтын жүзік көз тартып, жалт-жұлт етеді. Қолын созып алайын деп ұмтылғанымен бір тылсым күш екі ортаға қорған қойып, тақатпайды. Олай әрекеттеніп, былай әрекеттеніп, қара терге түскен Мәжит кенет оянып кетті. Бұл түс кем дегенде айына екі рет кіреді. Осы жүзікті өмірі көрмеседе танып алғаны соншалық, бетінің бедеріне дейін анық жатталып қалған. «Анам Қадишаның жүзігі болар, бала кезімдегі бір эпизод шығар», деп болжайды. Ол кісі ерте, қарындасы Күлшені дүниеге әкелгенде көз жұмған. Анық болмаса да бейнесі көз алдында. Жеті жаста болатын. Күлшенің қалай өскені есінде жоқ. Мектепке бара бастаған шағы ғана нық есінде. Жоғары класта оқып жүрген кездері, қоңырау соғылсымен, балалардың шақырғанына қарамастан үйге асығатын. Әкесі Қанабек жұмыста. Жұмыста болмаса да пайдасы жоқ, қатты іше бастаған кезі еді. Күлшенің түскі асын беріп, мектепке жинау керек. Достары сабақтан кейін біраз қыдыратын. Ең сұлу қыз Мәрияны шығарып салуға жүгіретін бәрі. Сол қыз Мәжитке ұнаған емес. Қараторы да биязы Қарлығашты ұнататын. Бірақ батылы барып ойнай алмайтын. Бір күні:
-Мәжит, артық қаламың жоқ па,- деп сұрағанда:
-Бар,-деп жалғыз қаламын бере салып, күні бойы түк жазбай келген. Тағы бірде: -Сөмкеме ие бола тұршы,-деп құрбы қыздарымен сабақтан кетіп қалды.
Оларды тосуға уақыты жоқ Мәжит екі сөмкемен үйге келген.
-Мынау кімнің сөмкесі,-деп Күлше есін шығарып жатқанда Қарлығаш келіп, үшеуі шәй ішкені есінде. Тамақ істеу, кір жуу, үйді жинау, ауланы реттеу, сиыр сауу, бәрі Мәжиттің мойнында. Мектеп бітірген соң оқуды жалғастыру деген тіпті ойына да келмеген. Әскерге алу екі рет шегертіліп, үшінші рет рұқсат берілмеді. Күлше оныншы класты бітірген. Қатты жылаған болатын. Бұл жаста Күлше көп нәрсе үйреніп алды. Сиыр да сауды. Тамақ істеуді толық мойнына алған. Мәжит ауылдағы жеке кәсіпкердің жұмысшысы болып жүрді. Тиянақты істерімен әжептеуір құрметке де ие болған. Әскери борышын батыс Қазақстанда бастады. Қатардағы жолдастарынан екі-үш жас үлкен. Көбіне қорғаныш бола білді. Айына бір-екі рет алтын жүзік те түсіне кіріп тұрады.
Таңғы асқа барар кезде, «Командир шақырады» деген бұйрық келді.
-Кіші сержант Қалиев Мәжит, сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұр!
-Отырыңыз,- деді командир. Түсі суық көрінді. Бір түрлі болып кеткен Мәжит отыра қалды.
-Мәжит, қарындасыңыз Күлше қайтыс болды.
«Қалай? Қалайша?» Қалғаны есінде жоқ...
Жоғары бөлмедегі комодтың жанында, еденде сұп-суық болып Күлше жатқаны есінде. Келесі күні топырағын құшақтап қанша жатқаны белгісіз, анасының құрбысы, көрші үйде тұратын Күнсұлу апай алып кетті үйге. Ауылдағы жеңгелердің айтуынша, Күлшенің аяғы ауыр болған екен. Өзіне-өзі қол салыпты.
Әскерден оралғанда Мәжит машина айдаушы куәлігін ала келді. Сол баяғы орнына жұмысқа кіріп, жүк машинасын сеніп тапсырған басшылар. Әбден ішімдікке берілген әкесін көрінген жерден іздеп тауып әкелуге мәжбүр. Көктемде анасы мен қарындасының зиратын жөнге келтіріп, құран оқытып ас берді.
Қалаға әр-түрлі азық-түлік, басқа да тапсырыстармен жиі барады. Жол
жүріп келе жатып бар өмірі көз алдынан бір өтіп, «Неге?» деген көп сұрақтарға жауап таба алмай дал болатын. Кезекті сапарында қаладағы бір қойманың алдына жүк көлігін қойып ішке кіріп, тапсырыс қағаздарын қоймашыға ұсынып тұрғанда, артынан бір керемет сиқырлы дауыс :
-Мәжит! -дегенде жалт қарап:
-Қарлығаш!- деп дауыстап жіберген.
-Ия, мен ғой. -Сол баяғы қараторы, биязы Қарлығаш. Есейіп кеткен. Сұлулығы соншама, Мәриямен салыстыруға да келмейді.
–Сені көремін деп ойламап едім!- Аузына түскен сөзі осы болды. Тез-тез жұмыстарын аяқтап, екеуі аулада екі сағаттай әңгіме құрды. Қарлығаш әлі тұрмыста жоқ екен. Мектептен кейін пединститут аяқтаған. Бастауыш мектепте сабақ береді. Жатақханадан жалға бөлме алып тұрып жатқан көрінеді. Күлшені есіне алып, жылап алды.
Биылғы қыс қарлы болды. Жұмыстан келгенде есік алдында із болмаса, әкесі
үйде жоқ деген белгі. Дереу іздеуге шығады. Осындай күндердің бірінде Мәжит бүкіл ауылды аралап шыққанмен, әкесін таба алмады. Көп сандалып, шаршаған ол
үйіне келіп, тамақ ішпестен жатып қалды. Жүзікті алуға қолы жетпей, тер буған ол оянып кетіп, жуынып шай қойды. Оны ішуге көңілі соқпай, ертерек тағы бір ауылды шолып шығып, әкесін таба алмай жұмысқа кетті. Қалаға апарар жолдың әр жерін қар басқан. Кешке ауылға қайтып келіп үйінің жанына тоқтап, сайрап жатқан іздерді көріп таңырқап үйге кірді. Үйде бір топ кісі. Өзінің басшысы да отыр. Қасында Күнсұлу апай. Мәжитке қолын созып, құшағына шақырып:
-Балам, әкең дүниеден озды. Қардың астынан кездейсоқ бір адам тауып алыпты, - дегенде сылқ етіп отыра кетті. Әкесін аяп емес, өзін аяп, өзінің қорлық өміріне ыза болып, реніш жасын төгіп-төгіп жіберді. Күнсұлу апайдың құшағында еңкілдеп, балаша жылады. Ол кісінің алақандары басынан сипап, көз жасын сүртіп отырған туған анасының алақанындай көрініп еді...
Бұл өмірдің рақатын көрмей, сүйген жарына деген махаббатын ұмыта алмай, оның қазасын аттай алмаған әкесін, көрші-қолаң, дос-жарандардың арқасында еш қиындықсыз жерледі. Уақыттың тезі сондай, қырқын да өткізіп тастады. Жұмысы жақсы жүріп, басшылары үлкен жүк машинасына ауыстырды. Жалақысы да өсті. Ертең қалаға жүретіні есінде. Көрші Күнсұлу апайдың үйіне кіріп, амандығын білді. «Үйге көз қиығыңызды сала салыңыз», деген бұйымтайын айтып кетейін деген ойы іске аспай, шәйға отырғызылды. Ыстық қою шәй құйылған кесені Мәжитке ұсынып, апайы екеуі біраз нәрсені әңгіме қылды. Бір мезетте Мәжит:
-Сұлу апай, -Күнсұлуды Сұлу апай дейтін, -осы мені құдайым неге ұра береді? Неге сынай береді? -деп оқыстан сұрақ қойды. Терең күрсініп алған Сұлу апай әңгімесін бастады:
-Біз Қадиша екеуміз мектеп бітіріп ҚарГУ ге құжаттарымызды өткізіп, мен түстім де, Қадиша өте алмай ауылға қайтты. Әкесі ауылда агроном, анасы бухгалтер. Тез арада кеңсенің хатшысы қылып орналастырды. Қадишаның анасынан ауылдастары жасқанатын. Адуынды, ойын бүкпей айта салатын адам болды. Бірақ, өкінішке орай сараңдығымен арамдығы қатар жүрді. Ол кісімен ешкім ұрыссып бақ таба алмаушы еді. Сенің әкең Қанабек, Қадишаны ұнатып, екеуі жұбы жарасып жүре бастаған. Қанабектің ата-аналары малшы. Қадишаның шешесіне бұл ұнамады. Анасынан құдалардың келуіне рұқсат сұрағанда , өмірі естіп-көрмеген ұрыс-керіс басталды. Малшының ұлына бармайсың, баратын жерің дайын, көптен сөз салып қойған болашақ құдаларымыз бар деп аузын аштырмады. Түк өнбесін түсінген ғашықтар бір түні қалаға қашып, некеге отырып отбасылық өмірлерін бастап жібереді. Тығылып қаланың шетінен пәтер жалдап тұрып жатады. Мен каникулда келіп, ауыл мен қаланың екі ортасында жүремін. Қанабек пен Қадишаға ауылдағы жағдайды, әке-шешелерінің қалдерін айтып отырамын. Содан дүниеге сен келдің. Бір күні күйеуім Қасым екеуміз Қанабек пен Қадишаға келіп шәй ішіп отырғанымызда қалай тапқандарын білмеймін, Қадишаның шешесі қасында бір-екі кісі бар сау етіп үйге кірді. Қанабекті біраз төмпештеп алды шешесі, ол шыдап отырды. Қызын жерден алып, жерге салды. Қадишаның саусағындағы өзі сыйлаған жүзігін көріп қойып, шеш деп талап етті. Қадиша қанша күш салсада жүзікті шеше алмады. Содан анасы бәрін қарғап-сілеп, жүзігің де құрысын, Мәжитің де оңбасын деп, мені де отбасыммен бірге қарғап кете барды. Содан сен алты -жетіге келгенде Қадиша аяғы ауыр болып, Күлше дүниеге келді.Сенің анаң көп қан жоғалтып «роддомда» көз жұмды. Күлше ғажайып қыз болып өсті. Оны өзің білесің. Әке-шеше мәңгі тұра ма. Қадишаның да, Қанабектің де ата-аналары о дүниелік болды. Қанабек пен Күлше ауылға келді. Мен үшінші курста тұрмысқа шыққамын. Оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Жолдасым Қасым, осы ауылдікі. Мен каникулға келіп жүргенде танысып, отау құрдық. Құдайым бізге бала сүюді жазбады. Кейін ауырып қайтыс болды, есіңде бар шығар, - Мәжит басын изеді. Сұлу апай орнынан тұрып, төргі бөлмеге кіріп кетіп тез шықты. Қолына үлкен түйіншек. Байлауын ағытып, ішінен қағазға ораған кішкентай нәрсені алып шықты. Қағазын жазып, ол затты қолына алуы сол екен, Мәжиттің көзіне алтын жүзік оттай басылды! Қашап салған оюларына дейін дәл өзі!
–Мынау түсімдегі жүзік қой! -деп айғай салғанын сезбей қалды Мәжит. Күнсұлу апай селк ете түсіп, тез қалпына келді.
–Балам, сенің бұл жүзікті білуің мүмкін емес, көрсеңде есіңде болмау керек еді! - деп таң қалды Сұлу апай.
-Көрмегенмін, бірақ айына бір-екі рет түсіме кіреді! - деді Мәжит, жүзікті ұнатпағанын жасыра алмай.
-Бұл жүзікті сүйекке түскен әйелдер Қадишаның қолынан шешіп алыпты. Бәрі шулап, Күлше есейгенде соған бересің, тығып қой, деп болмаған соң тығып қойғамын. Менің ойымша бұл қарғыс атқан жүзік. Қалаға бара жатқанда далаға апарып көміп тасташы, балам, -деп Сұлу апай әңгімесін аяқтады. Мәжит Күнсұлудың тапсырмасын бұлжытпай орындады. Жолдан әдейілеп бұрылып, сайын даланың енді өзі де таба алмас бір жеріне апарып көмді. Иығынан бір ауыр жүк түскендей сезінді өзін. Өте жақсы көңіл күймен бар жұмыстарын тындырды. Қарлығашымен де кездесіп, алдағы туған күнінде келмек болып келісті. Жүзік те түсіне кіруін қойды. Комодты басқа бөлмеге жылжытты. Үстіндегі қобдишасын төңкеріп қарап-қарап лақтырып тастады. Үйдің ішіне біраз өзгерістер енгізді. Едендерін ауыстырды.
Сенбінің таңы арайлап атты. Күн жақсы болатын сыңайлы. Ауыл көкарай-шалғынға бөленген. Құстар ән салып мамыржай ортаға үлестерін қосып тұр. Мәжит жақсы көңіл күймен қалаға баратын автобусқа отырды. Терезеден қазақтың ұлы даласының ой мен щұңқырлары, дөңестері мен ойпаттары, белдері мен жазықтары, қыраттары мен шоқылары , таулары мен тастары, өзендері мен сулары зырлап өткендей күй кешіп келеді. Көргенін қарап, көрмегенін ойша көз алдына елестетеді.
Сонау Құлындының даласынан Торғай жазығы арқылы, Каспий жағасына бірақ шығады. Ертіс, Тобыл, Есілден Сарарқаны айналып, Балқаш, Арал арқылы Сырға жылжиды. Талай ғашық арманына жетіп, талайы мерт болған Сары Даланы ойша кезіп жүріп қалаға қалай жеткенін де сезбей қалды.
Бөлменің іші жарық та таза. Қыз баланың бөлмесі екені көрініп тұр. Қарлығаш құрақ ұшып Мәжитті қайда отырғызарын білмей абдырайды. Бірдеме айтып жатыр. Оны түсініп отырған Мәжит көрінбейді. Үлкен ойларынан енді ғана арылып құлағы ашыла бастады да есін жиды. Дастарханға қуырдақ келгенде иіс сезу қабылеті орнына келіп, қарны ашқанын сонда бірақ білді. Астан дәм татып, шәйін ұрттап жөнге келген Мәжит сөзін бастады. Бұрынғыдай жас бала емес, сөйлеуге батылы бара бастағанына өзі де таң қалғандай.
-Құрметті, Қарлығаш! -деп бір тоқтады. -Туған күнің құтты болсын! Саған зор денсаулық, әлемдегі бар жақсылықты тілеймін! –деп тағы тоқтады. -Мектептегі, бала кездегі сенімен тіл қатысқан, қасыңда болған әр сәттерім мәңгілік есімде. Сенің қасыңа жақындауға әр кез батылым бара бермейтін. - Қарлығаш енді ғана басын көтеріп Мәжитке көз салды.
-Мен бәрін сезетінмін. Бәрі есімде, Мәжит. -Бетіне қан жүгіргеннен ыңғайсызданып қалды. Мәжит бағанадан жанынан тастамай отырған пакетінің ішінен ақ орамал алып шығып Қарлығашқа ұсынды. Қарлығаш балаша қуанып, иығына салып алды. Мәжит не болсада деп:
-Үйленгім келеді саған.-деп қойып қалды. Қарлығаштың бетіне одан бетер қан шарпыды.
-Ойнап айтып отырсың ба, әлде сөз салып отырсың ба? -деп Қарлығаш жымиды. Еріндерінің ұштары бетінің ойпаттарына тіреліп, жарасып тұр. Мәжит біраз қысылып, бағана жолда өзіне :-«Батыл бол, Мәжит!»-деп айтқан жарлығы есіне түсіп:
-Сөз салып отырмын!-деп тақ еткізді. -Жауабыңды күтемін қанша күн болсада, -деп Қарлығаштың екі қолынан ұстады. Қарлығаш қарсылықсыз қолдарын еркіне жіберді. Саусақтарының ыстығы Мәжиттің жүрегіне жетіп тұрғандай.
-Жауабымды қазыр беруге болама? -деп сұрады бетінің ыстығы басылмаған Қарлығаш. Кенет сұрақтан абыржып қалған Мәжит:
-Қазыр ма? -деп сұраққа сұрақ қойып жатып, есін жиып, -Әрине, -деді. Қарлығаш сәл жымиған қалпында:
-Мен келісім бердім.
Жанына жағатын Қарлығаштың әсем дауысы Мәжиттің есін алып ауада қалықтап жүріп алды.
-Сен осыншама қайда жүрдің, Мәжит? Неге мені іздемедің?
-Жаным, Қарлығашым, мен сені өмір бойы армандап жүрмін ғой!
Екеуі бір-бірін естіп жатқан жоқ. Қарлығаштың білектері Мәжиттің мойынына оралып, дүние теңселіп жүре берген. Кенет есік тақылдағанда шошып кетіп, естерін жиды. Астындағы кезекші апай:
-Қарлығаш, сені телефонға шақырады біреу, -деген соң ол Мәжитке бір қарады да, жүгіре жөнелді. Біраздан соң таңғалған күймен қайтып келіп:
-Мәжит, сені телефонға...-деді. Енді Мәжит кетті астына. «Бұл кім, мені қалай тапты? Бірге істейтін Серік қана білетін еді», деген ойлармен:
-Алло!-деді. Телефоннан:
-Мәжит, мен ғой Серік. Сұлу апайың қайтыс болды. Тез қайт! -деген дауыстан
өңі кенет бозарып шыға келді.
-Кім екен? Не болды? –деп сұрауда Қарлығаш жауап талап етіп.
-Бұл да жүзіктен! Бұл да жүзіктен! -деп қайталай берді Мәжит.
-Қайдағы жүзік, жаным?
-Кейін айтамын. Сұлу апам қайтыс болды. Шұғыл кетуім керек! –Екі көзі жасқа толып, мөлтілдеп тұр.
-Мен де сенімен барамын, Мәжит!
Жанарынан жастары ағып тұрып Қарлығашын құшағына алды. Еріндерінен сүйді. Дәмі ащы көрінді. Оның тәтті еріндеріне екеуінің де көз жастары төгіліп тұрған еді...
1994 ж.