Құм суырып, дауыл соғып тұратын ауылда өскендіктен болар суда жүзе алмайтыным рас. Түп тамырым боз даладан шығып, сулы да нулы аймақтан бірақ шықты соңында. Тағдыр деген осы. Өзің көріп-білмеген ортаға топ еткізе салуы мүмкін. Сыр елінің сырлы аймағында балалық бал дəуренімізді өткізіп, киелі Түркістанға одан кейін Сайрамға келемін деп кім ойлаған?.
Ақсу! Сулы нулы аймақ. Табиғаты да керемет . Жаздың қай күні болмасын табиғат аясына демалуға шықсаңыз кəдімгідей тынысыңыз ашылып, жан дүниеңіз бір сəт серпіліп қалады.
Жаз айының жайма шуақ күндерінің бірі еді. Қолына қармағы мен шелегін ұстаған бірнеше қыз жігіттер келе қалды. Балық аулап шомылып қайтайық деп қолқалай келіпті. Демалыс күні болған соң пəтерде бекер жатқанша бір сəт көңіл сергітіп қайтуға мен де қарсы болған жоқпын. Толқынмен арқырап жатқан су жағасына келгенде жүзе алатындары суға секіріп, бірі қармағын салып əуре болып жатты. Су жағасы, салқын ауа, самал желмен тербелген бұталар, жапырақтың сыбдыры, табиғаттың өзіндік керемет үндестігі жаныма жылу силап, бір сəтке ойландырып жіберген. Аяқты суға салып қойып, қиялға беріліп шабыттанып-ақ отырғанмын. Ойыма өлең жолдары келетін сияқты. Күнделікті жұмысқа алып жүретін қағаз қаламсабымды осынлайда қолыма қыстыра келсемші. Ара- тұра толқын ағысқа ұсақ тастарды лақтырып, шөлп еткен дауыстың өзінен лəззат алып,қиялыма ерік беріп алыстарға көз тастап, ойға шомып кетіппін. Қиялыма қиянат жасағысы келгендей бірнеше достарым улап- шулап жаныма келе қалды.Ешкіммен араласпай жалғыздан- жалғыз отырғаныма назданып, соңы қалжыңдаған болып аяқ-қолымнан жабыла көтеріп, толқып жатқан өзеннің ортасына лақтыра салды. Жүзе алмайтынымнан хабарсыз болса керек.Су ортасына күмп етіп түсіп, толқынмен жоғары бір көтерілгенімде олардың күлісіп артқа бұрылып кетіп бара жатқанын көргенмін. Одан кейінгі жағдайым тіптен қиындай түсті. Батып бара жатқандаймын. Аяқ - қолды сермеп, су бетіне шығуға мың əрекет жасағаныммен əлдеқандай бір күш су тереңіне тартып бара жатты. Аяғыма жармасып алған албастыдай бір аяқтан шырмап барып екіншісіне жармасты. Көп мөлшерде су жұтып, екі аяғым жіпсіз байланып қалғандай күй кештім. Тұла бойым жансызданып бара жатса да, санамда əлденелер жаңғырып тұрғандай. Осыдан бір жыл бұрын əзəзіл ажал анамды алған еді. Менің де кезегім келген екенғой. Бүкіл тума туыспен іштей бақұлдасып, біліп-білмеген күнəлəрім үшін жаратқаннан кешірім сұрап үлгердім. Адамның сөнуі мен мəңгілік сапарға аттанып кетуі əп-сəтте екен. Жаңа ғана жағада мың қиялға беріліп отырған мен міне айдаладағы өзенде өліп бара жатырмын. Айналдырған бірнеше минут ішінде бүкіл өмірім тізбектеліп кино лентасындай көз алдымнан өте шықты. Не бəрі 19 жасымда өмірден түк қызық көрмей сөнгенімбе?. Аяқтан шырмаған сұм ажал мың бұлқынғаныма қарамай, өміріме өшіккендей буындырып əкетіп бара жатса не шара?. Ана жақтан анам қол бұлғап өзіне шақырып тұрғандай елестеді. Анамның үлбіреген ай жүзін көргенде тез-ақ жетіп барғым келіп қол созғаным рас. Əлдебіреу жолдан қағып алғандай, анама жеткізбей екі қолымнан сығымдай ұстап кері тартып бара жатты. Əлден уақытта жап-жарық əлемге көтеріп алып кіргендей тынысым ашылып сала берді. Жүзімді самал жел шарпитын сияқты. Гүбір-гүбір еткен дауыстар құлағыма талып естіледі. Бірі қолымнан уқалап, бірі кеудеден басып бірі беттен шапалақтап əуре. Санам жаңғырып, бəрін сезіп біліп жатқаныммен сөйлейін десем тілім байланып қалғандай меңіреу күй кештім. Көлеңкелеу жерге əкеліп сүйеп отырғып қойды. Барлығы жаныма үймелеп қалған. Епсіздігіммен бүкіл достарымды қорқытып əурелеп қойғаным үшін ұяттан жерге кірердей ыңғайсызданып қалдым. Бұлай масқара болғанша бағана су астында кетіп өле қалсамшы.
Суға лақтырып жіберген достарым менің жоқ болып кеткенімді көріп қылжақбастығы ұстап қылжақтап ойнап жатқан болар деп мəн бермепті. Мен үшін көбірек алаңдаған Санат екен.
Иə. Өзім де солай ойлағанмын. Санат достар арасындағы келбетті де келісті жігіт. Келбетін желеу етіп баз бір жігіттер сияқты гүлден-гүлге қонып жүретін қыз құмар жігіттерден емес. Өлең тыңдағанды ұнатады. Шатпақ өлеңдерімді тыңдап жүргендіктен суда қалып жоқ болып кеткеніме алаңдағаны да шығар. Мені бір ажалдан арашалап алды. Өмірге қайта əкелді. Психологиялық соққы алмасын деп күнде жағдайымды сұрап рухани демеу бола білген де сол еді. Осындай əдемі кездесулер жалғаса берер ме еді?.
Ойламаған жерден мен жұмыстан шығып əке-шешемнің үйіне қайтып кеттім. Араға ай салып, ол əскери борышын өтеу үшін Қарағандыға кетіпті.
Телефон дейтіндей ол кезде қол телефонының да тапшы уақыты.
Хабарсыз хатсыз қалып арамыз мүлдем үзіліп кетті. Өлең оқыған күндер, ұзақ сырласқан сəттер қол бұлғап сағымға айналды.
Өткен аптада күйеуімнің жұмыстарымен военкоматқа соғып, тиесілі кабинетке кіргенмін. Келген жұмысымды айтып сөмкемнен бір бума құжаттарды шығармақ болып əуре болып тұрғанымда.
- жүзуді білмейтін қыз
Бəрімізді бір қорқытқан қара қыз.Түк өзгермепсіз деген төрдегі жігіттің созыла шыққан дауысы санамды сансыратып жіберді.
Жылы жымиып сөйлеп отырған əскери киімдегі жігітке жалт қарадым. Жүрегім сағат тіліндей сыртылдап арнасынан шығардайын атойлап кетті.
САНАТ.
Бір кездері мені ажалдан арашалап алған құтқарушым. Сол жердегі орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кетіппін. 19 жаста суға кетіп аман қалып тілім байланғандай бұл жолы да үнім шықпай селсоқ отырдым да қалдым.
10 жыл бұрын жоғалтып алған құтқарушыны ойда жоқта кездестіремін деп кім ойлаған. Адам мен адам кездеседі деген осы екенғой. Ұзақ күндер сырласып жүріп жоғалып енді міне екеуміз екі бөлек жанұя, балалы болғанда кездесіп тұрғанымыз мынау.
Арадағы үнсіздікті оның жарқын дауысы бұзды. Жағдай-сұрасып өзінің осы жерде 1 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын айтып өтті.
Өзіме сұрақ қойғанда барып тілге келдімғой деймін.
Суға кеткен күн мен кездеспей кеткен күндерді аз-маз əнгімелеп, өткен күндерге қимастық пен өкпе артысып барып тарқастық.