Осыдан тоғыз ай бұрын БАҚ өкілдері «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің құрылысымен алғаш рет танысқан болатын. Ал бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы оларды екінші рет ресми түрде жинап, аталған аумақта бір жылға жуық уақыт аралығында көтерілген нысандардың құрылысымен таныстырды.
«Астана ЭКСПО- 2017» көрме кешенінің жалпы ауданы 173,4 гектарды құрайды, оның ішінде көрме аймағы 25 гектарға орналасса, 148,5 гектар жер көрмеден тыс аймақ. Барлығы мұнда 38 көрме нысаны орналасады.
Бүгінгі күні ЭКСПО-2017 нысандарның құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын айтқан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-ның басқарушы директоры Болат Әшімов:
- Көрме аймағындағы барлық нысандардың жертөле қабаттарының іргетасын орналастыру бойынша жұмыстар аяқталып, жертөле қабатынан жоғары орналасқан салмақ түсетін металл құрылмаларын монтаждау жұмыстары жүргізілуде, - деді.
Бұл құрылыс көрменің басты нысаны Қазақстан павильоны. Сфера тәріздес құрылыс әлемде теңдесі жоқ бірегей сәулеттік ғимарат болмақ.Диаметрі – 80 метр, жерасты бөлігі 8 қабаттық ғимараттың жалпы ауданы - шамамен 26 мың шаршы метрді құрайды. Толығымен тігізсіз иілген шыныдан жасалған сфера қабатының үстіне графикалық және бейнесуреттер түсіріліп, бұл көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбын толығырақ ашып көрсетуге мүмкіндік бермек.
Қазіргі күні ғимараттың іргетасын көтеру бойынша жұмыстар аяқталып, салмақ түсетін металл құрылмалар монтаждалуда, қажетті 12 мың тонна құрылманың 1636-сы монтаждалып қойылған.
Стилобаттық бөлігінде шамамен 5 мың шаршы метр ауданда «Қазақстан-Астана» павильоны орналасады. Бірінші қабатта нақты бір тақырыптарға арналған жолбағдары ұйымдастырылып, көрме қонақтары оны жүріп өте отырып, еліміздің даму тарихымен, көрікті жерлерімен, мәдени дәстүрлерімен етене танысатын болады. Ал ғимараттың үстіңгі бөлігіндегі шолып көру алаңына көтерілген мейман онда бүкіл көрме аумағын көру мүмкіндігіне ие болады.
Бұл жерде алты қабаттан тұратын әкімшілік және кеңселік бөлме-жайлары бар «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыру кеңсесінің ғимараты көтерілуде. Сонымен қатар мұнда IT-жүйе арқылы бүкіл көрмеге бақылау жүргізетін жедел басқару орталығы да осында орналасатын болады.
«ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыру кеңсесі «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық шеңберінде аяқталатын бірінші жоба болмақ.
Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарында 495 инженер, әрлеуші және электр монтаждаушы еңбек етуде.
2015 жылдағы шілде айының 20 жұлдызындағы жағдай бойынша «ЭКСПО-2017» кешенінің барлық аумағында 6 948 адам және 366 техника бірлігі, ал көрмеден тыс аймақта барлығы 3709 адам және 208 техника бірлігі жұмыс істеуде.
«Астана ЭКСПО- 2017» көрме кешенінің маңызды күндері
2014 жылдың 24 сәуірі - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен капсуланы салу салтанаты. Көрме нысандар құрылысының басталуы.
2015 жылдың тамызы – құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы.
2016 жылдың желтоқсаны – нысандарды пайдалануға беру.
2017 жылдың қаңтары – көрме қатысушыларының халықаралық павильондарды монтаждау және жайғастыру бойынша жұмыстары.