Құдайға шүкір бәрі де жақсы. Өзге елдермен салыстырғанда жаман емес. Салыстыра алатын адам түсінеді. Ашық аспан, ел тыныш, нарықтық экономика, ғылым мен білім даму үстінде. Әлсін-әлсін қоғам билік пен басшылыққа наразылығын білдіріп қояды. Онсыз да болмайды. Барлық адамға жағу, көңілінен шығу мүмкін емес. Керек болса, Құдайға да өкпесін білдіретіндер бар.
Айналамызға көз жүгіртсек, жаға ұстап, аң-таң қаласың. Бәріне күйе жақпайық, алайда бүгінгі азаматтарымыз өзімшіл, қара басының қамын ойлаушы, байлық пен мансапқа құнығу, масаттану, паң мінезді жатсынбауды әдетіне айналдырғаны ащы шындық. Өмірлік ұстанымдар мен адамдық құндылықтарымыз бастан аяққа ауыстырылды, өзгерді, құнсызданды. Неге біз мақсаттарымызды жоғалттық, материалдық жағдайға айырбастадық, ұмыттық деген сұраққа еріксіз тоқтайсың.
Адам жаратылысы өте қызық. Әр нәрсеге, кез келген жағдайға бейімделе алады, үйренеді, жуасады. Біз баяғыда жастарымыздың, орта жастағылардың, алғашқы буындардың арсызданғанына, қатыгездігіне, әділетсіздігіне көндік, үйрендік, тіпті қолдайтын жағдайға жеттік. Өкінішті. Айтып отырған маңсапқұмарлы, паңдық, өркөкіректіктің екінші жағы бар – бағытсыздық, батылсыздық, өз күшімізге өзіміз сенбегендік. Өзімізді өзіміз алдауда біреу тұрсын, өзімізден де ұялмайтын болдық.
Психология мамандарының айтуынша, адамның табиғатында қоршаған ортаға, ыңғайсыз айналаға үйрену үшін өз өзін жұбату принципі бар, ақылы мен санасы соған бейімделген. Ол кез келген жағдайда жанын сақтап қалып, тіршілігін жалғастыру, өзіне ыңғайлы жағдай жасау үшін қажет. Мәселен, тоқсаныншы жылдары академиктер мен лауазымы жоғары адамдар, мұғалімдер және басқа да абыройлы тұлғалар базар жағалап, такси жүргізуші болып нан табуға мәжбүр болды. Сондай кезде адам баласы өз өзін алдап, жұбатып «бұл уақытша, елдің бәрі мен секілді жағдайда, асып бара жатқан ешкім жоқ» деп ұятын ішіне тығып, қолдан басқа шара келмейтінін мойындап жүрді.
Алайда өзін алдау, жұбату принципін әрдайым қолдану батылсыздыққа, мақсатсыздыққа, еріксіздікке алып соғатынын ұмытпау керек. Асыра сілтеп, шарасыздықты әдетке айналдырып, ырықтың әлсіздігіне шалынған адам жеті психологиялық кезеңді басынан кешіреді екен. Біріншісінде адам әлсіз екендігін мойындайды, қолынан ешбір шара келмейтіндігін түсінеді. Қазақта бұны «әлсіз пенде екеніңді ұмытпа» деп айтады. Екіншісінде басқалардан төмен, пайдасыз екен деп есептей бастайды. Үшінші кезеңде ықылас пен ынтасы жоғалады. Қалған төрт кезеңде бар кінәні өзгелерден, айналадан, керек болса Құйдан көріп, өзін ақтаумен болады. Бір сөзбен айтқанда, мақсатсыздық бір тұлғаны, жеке тұлғалар арқылы қоғамды құрдымға апарары анық. Аталмыш екі қарама-қарсы жағдайдың бірін жамандау, жоққа шығару, шектен шығу – утопия, рухани тығырық.
Осы тығырықтан шығу жолы ретінде біз толеранттық ұстаныммен ұлтаралық бейбітшілікті, татулықты сақтай аламыз деп ойлаймыз. Қашанға дейін? Адамға, тұлғаға деген махаббатымызды, сыйлағанымызды, құрметімізді сол толеранттық пен шыдамдылыққа ауыстырдық, өйткені үлгі тұтатын адамды ұмыттық, естен шығардық. Даламызда талай даналар болды, әлі де бар. Даналығының бір көрінісі – адамзаттың асыл тәжі болған сүйіктінің сара жолымен жүре білді, насихаттарын ұқты. Сөз етіп отырған утопиядан шығу үшін тепе-тендікті сақтау жолдарын үйренді, өзгелерге үйретті. Ал біз оған жақындау тұрсын иісін де әлі күнге дейін сезбей келеміз десек қателеспейміз.
Бұл күні адамдар рухани шалдығып шаршаған кезде, өзін өзі алдау өмірлерінен түңілген кезде, жастарымыз қу тіршіліктен құлазыған шақта бізге АДАМ сипатында, кәміл мінезді бойына сіңірген ардақтылар қажет. Өзгенің аяғының астында топырақ болуға дайын, елі, жұрты, намысы мен ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етер тұлғаға ауадай мұқтажбыз. Бірақ ондай адамдар аспаннан салбырап түсер деп ешкім сенбейді. Тәрбие арқылы қатарымызға қосылады, алғашқылары болады. «Солардың бірі мен боламын» дейтін азаматтарымыз бар кезде келешек күніміз әлі жарқын боларына мен толықтай сенемін.