Introduction
Мағжан Жұмабаевтың осыдан 97 жыл бұрын «мен жастарға сенемін» деп жырлаған жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Елімізде жастық 29 жаста бітеді, өз басым осы межеге таяп қалдым. Жастар арасында жүріп, көретінім флешмоб өткізумен тым әуестеніп кеткен жастар, қала кофеханаларда латте мен тирамису тұтынушы гедонист жастар, түнгі клубтарды паналаған азғынданған бұзақы жастар. Ақиық ақынымыз өз өлеңінде дәл осыларды меңзеді деп айта алмайсың.
Жастардың барлығы жаман деп шалдарша сын айтуымның өзі біртүрлі ермек екен. Әрбір адам өздігінше жақсы, бірақ ұжым шеңберінде біразының қадірі қашады. Жақсылары жоқ емес, құдайға шүкір, бар. Бірақ осы жазбамда жастарды институт ретінде алып қарайтын болсам, бұл институттың сапасы нашар. Оған себеп – идеологиялық базаның әлсіздігі.
Жастар – қоғамның белсенді мүшесі. Оның әлі жеке меншігі жоқ дерлік, жас ерекшелігіне байланысты консерваторлық құлқы әлі байқалмайды, басы материалдық мәселелермен қатып жүр, осы тұрғыдан наразылық әлеуеті де аз емес. Кейде сол үшін мемлекет оларды ұйқы жағдайынан шығармай, тұтынушы ретінде қалдыра беруге мүдделі ме деп те ойлаймын.
Жастардың санасын идеологиялық тұрғыдан ұлттық мүдделер аясында қалыптастыруға тек мемлекеттің монополиясы болғаны дұрыс. Бірақ қазіргі уақытта ол осы қызметін нашар атқарады. Алматының өзінде жылдан жылға клубтар саны артып, соңғы кездері букмекерлік кеңселер қаптап барады, босып жүргендері де аз емес. Жастар немен айналысса да, саяси-қоғамдық мәселелермен басын қатырмасын дейтін сияқты. Бұдан қалса таусылмайтын флешмоб, флешмоб, флешмоб.
Жаман үйді қонағы билейді
Ендігі кезекте мемлекеттің назары жеткілікті аумай жүрген жастарымызға сырттан кірген ұйымдардың көзі түсіп жүр. Осы күндері Қырым түбегінде саяси дағдарыс болып жатыр, парламенті дауыс беріп, Украинадан бөлек шығып, Ресейге қосыламыз деуде. Бұған дейін оппозиция өкілдері парламент жанында Қырымның Украинадан бөлек шығуына қарсы акция өткізуге талпынғанда, өздерін НОД («Национально-освободительное движение») қозғалысының белсенділері атаған жүзге жуық жастар оларға тойтарыс беріп, соққыға жыққан.
Ресейде «Национальный Курс–Свободное Отечество» дейтiн партия бар. Әлгі НОД қозғалысы осы партияның жанында қызметін атқарады. Сайтына кіріп қарайтын болсақ, бұлардың мақсаты айқындала түседі – КСРО-ны қайтадан қалпына келтіру. Бұлар КСРО-ның бұрынғы республикаларының егемендігі мен тәуелсіздігін мойындамай, олар батыстың оккупациясында деп жалған насихаттайды. Былтыр «Жас Алаш» газеті жазғандай, бұлардың идеологтары – Кремльдiң саяси технологтары, ал қаржылық демеушілері – iрi банкирлер.
Украинадағы белсенділігіне қарайтын болсақ, істеп жүргендері мақсатына сай. Енді ең қызығына келетін болсақ, НОД қозғалысының өкілдері Қазақстанда да емін-еркін белсенділік танытып жүр. Қызметі әзірше сепаратистік пиғылда болмаса да, Украинадағы «әріптестеріне» қарайтын болсақ, бұларда да сондай ойлары бар екенін жоққа шығара алмайсың. Алматыда ешбір қиындықсыз іс-шараларын өткізеді. Мәселен, былтыр 16 қарашада Медеуде Алматы қаласының әкiмшiлiгi, Жетiсу казактарының одағы, Ауған соғысы ардагерлерi мен мүгедектерiнiң «Ардагер» ұйымы, Алматы қаласының марафоншылар клубы, «Орленок» әскери-патриоттық клубы, НОД-тың Ресейдегi және Қазақстандағы белсендiлерi қолдауымен «Азаттық маршын» өткізген. Бұл шараның соңында келушілерге қозғалыстың қатарын толықтыруға үндеу тасталған. Жиынның соңында НОД-қа жазылуға үндеу тасталған. «Жас Алаш» жазғандай, НОД-тың сайтында бұл үндеудiң мәнi былай түсiндiрiледi: «Қазiр әлем үлкен қырғын соғыстың қарсаңында тұр. Таяу Шығыс отқа оранып жатыр. Украинада – күнде шеру. Мұндай қырғиқабақ көңiл-күй көп ұзамай Ресейге де келедi. Бiз өз елiмiздi (Ресейдi айтып отыр), балаларымызды құтқару үшiн Ресейдiң әр жерiнен шақыру пунктерiн аштық. Осы шақыру пунктерiнде 2013 жылдың 30 қарашасынан бастап жазылу жүргiзiледi. Ресейдi, Отанымызды сөзбен ғана емес, iс жүзiнде қорғағысы келетiндердiң осы пунктерге келiп тiркелулерiне болады».
Әңгіме Ресей туралы болса, бұлар Қазақстанда не тындырып жүр және қалайша бұларды Алматы қаласының әкімшілігі қолдап жатыр? Бұл саяси сипаттағы қозғалыс, ал Ата заңымыз бойынша шетелдік саяси ұйымдарға елімізде қызмет атқаруға тиым салынған. Бүгін Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық батырларымызды еске алу шарасын өткізіп жүргендерімен, ертең Украинадағыдай жерімізді бөліп, Ресейге қосамыз деп шықпайтынына кім кепілдік бере алады? Міне, мемлекетіміздің жастар санасына ұлттық мүдделер аясында ықпал етуге монополия жасамай отыр деп айтуымда осы. Бірақ шетелдік ұйымдардың осыған ынтасы жоқ емес.
Бұдан басқа НОД әлеуметтік желілерде белсенді болып (ВКонтактедегі паблигында қазір 1600 адамнан астам оқырманы бар), ақпараттық кеңістігімізде өзінің жалған насихатын жүргізіп (кейбір өкілдері yvision.kz блог-платформасында бар), жастарымыздың санасын улап жүр.
Мәселеге қазіргі уақытта саясаткерлеріміздің ішінен Мұрат Әбенов белсенді назар аударып жүр. Өзінің Фейсбуктегі парақшасында ол: «Мені күдіктірген жағдай, ең бірінші бетінде «Қазақстан Республикасында бейбітшілік жиындар, митингілер, салтанаттар, пикеттер және демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» ҚР Заңы мәтіні ілінген. Не үшін?
Келесі беттерде ойлары түсінікті бола бастайды, жақтастар бірігіп митингілер өткізуге шақырып отыр. Бұның бәріне нұсқаулар беріледі – қалай ұйымдастыру керек, қандай топтар құру қажет. Сонымен қатар, заңсыз әрекеттерге де шақырулар бар», - деп жазды.
Сонда бұларды құзырлы органдар бақылауына алып, бізге зардабын беретін қызметіне тосқауыл жасаудың амалдарын қарастырмай ма?
Мемлекет жастарды шетелдік ұйымдардың ықпалына ілесіп кете беруін тоқтатқысы келсе, флешмобқұмарлығынан бас тартып, осындай ұйымдардың жұмыс істеу механизмдерін зерттеп, олардан бір қадам алда болуы керек. Насихатты жастарды қызықтыра алатындай ескірген клишелерге сай емес, қазіргі заманғы тілмен жүргізуі керек. Сырттан келген дұшпан акция өткізсе, симметриялы жауап қайырып, одан да қызық, одан да мәнді іс-шара өткізіп, жастарды соған тарту керек. Жастар ақымақ, не бейпатриот емес, альтернатива болса, өзіміздің іс-шараларға жұмылады. Ең бастысы, саяси технологтарымыздың бетін осы мәселені шешуге бұру керек.