Мадридтың "Реалына" Зиданға ілесіп барған мен француздан кейін клуб ойыншыларының ішінде алабөтен құрметтеп, тілеулес болатын ойыншым болмас, сірә деп ойлайтынмын. Бірақ, тегі түрік, елі неміс Месут Өзіл 2010-да корольдік клубтың қатарына қосылғанда оң қабағым тартып еді:) Содан бері жалпы команда үшін жан ауырту бір бөлек те, Өзілге жанкүйерлік қылу бір бөлек болып келді.
Трансфер терезесі сықырлап барып, жабылуға айналғанда, Өзілдің "Арсеналға" көшіп кеткені мені бір қызық сезімде қалдырды. АПЛ-да өзім айқайшысы болып отыратын команданың иелік еткені жұбатады, әрине, алайда Роналду-Өзіл байланысын Ла Лигадан енді көре алмайтыным терең-терең күрсіністер мен жабығуларға әкеліп соғып жатыр.
Басқа кетсе де, әлемнің үздік ассистенттерінің бірі дәл осылай апақ-сапақта "Реалдан" кетеді деп ойламаппын. Бір жағынан дұрыс та шығар. Флангқа ойыншы қою жағынан Құдайдың рақымына бөленген клубта қанша жерден марғасқа мықтының бірі болсаң да "банкада" қалып кету қаупі бар. Бэйлмен бақталас қылып қойған елдің сөзі де бір бұрыштан жылтыңдайды.
Қалай болғанда да, үш маусым ішіндегі үлкенді-кішілі ойындарда "Реал" қарсыластарының басын ауыртып, балтырын сыздатқан Өзілге клуб жанкүйері ретінде тек рахмет айта аламын. Және "Арсеналға" кіші фанаттық қылатын мен үшін Немо жоғалған жоқ, жек көру кезеңіне өткен жоқ. Арсен Венгердің бұл ісіне ши сындырып қояйын. Ұзаққа созылған титулсыздық дертіне шалдыққан лондондықтарға Месут жақсы жаңалық сыйлап қалар, кім біледі.
Рахмет саған, Өзіл!
P.S. Әйтеуір, Флорентино Пересті сыбап жатқандар көп. Бэйлдың презентациясында да ыңғайсыз болып қалды, кішкене...