Бүгінгі таңда еліміздің тәуелсіздік мұрасын жинақтау тәжірибесі жаңа сапалы деңгейге өткен кезеңде шешуші мәселелерге деген қоғамның көзқарасымен бірге, қоғамның өзі де өзгеріп жатқан сыңайлы. Осы шын болса, бұл бір уақытта қуантатын да ойландыратын да жайт. Қуаныш пен үміттің себебі ретінде жалпы өзгеріс үрдістерінің орын алуы, және қоғамда кеңестік өмір салтынан мұра боп қалған таптаурындар мен танымдардың жойылуын атауға болады. Кеңестік ойлау жүйесі, әрине, бірден біржолата жойылуы мүмкін емес, ол әлі де біздің қанымыз бен санамызда айрықша рөл ойнайтынын оңай болжауға болады. Дегенмен, миымызды қысып, зынданға қамаған, тоталитарлық, жоғарыдан (Кремльден) таңылған мәдениет бүгінгі күнде қоғаммен жаппай теріске шығарылып, мойындалмай отырғаны да баршамызға аян. Ойландыратын жайт ретінде, қоғамның жаңа жағдайлар мен шарттардың аясында қимыл, іс-әрекет моделінің, жалпы этнопсихологиясы мен ділінің өзгеріске түсуі. Бұл өзгерестердің тарихи бағасы ұлт тағдырымен пара-пар. XXI-ғасыр – ақпараттық технологиялар ғасыры. Жаңа да және озық технологиялар өзінің ерекшеліктерімен бірге жаңа ақпараттар мен символдар әкеледі, жаңа символдар өз кезегінде жаңа құндылықтар тудырады. Құндылықтар өзгеріске түсіп, ауысқан кезеңде қоғамның бағыт-бағдары да өзгеретіні белігілі. Белгілі неміс философы Эрих Фромм айтқандай, адамзат XVIII- ғасырдың 2-ші жартысынан бастап, басты өмірлік мақсат ретінде тұтынушылық пен өндірісті таңдап, шынайы кемел, толыққанды өмірлік мақсат-мұраттан айырылып қалған сияқты.
Аталмыш мәселелер біздің қоғамды да айналып өткен жоқ. Әсіресе, ол отандық білім және ғылым саласында кеңінен байқалуда. Және оның алғышарттары өткен ғасырдағы кеңестік тәжірибеге барып тіреледі. Бұл жерде алдын ала ескерте кетеін жайт, біздің бұл мақаладағы мақсатымыз кеңестік атаулы барлық дүниелерді қаралау емес, мақсат тек мәселенің тамыры мен себеп –салдарының заңдылықтарын ашып көрсету. Кез келген мемлекеттің идеологиясы, сыртқы және ішкі саясаты білім саласындағы бағыттармен сабақтаса жүріп жатады. Яғни, білім, ғылым және мәдениет мемлекеттің стратегиялық доктринасын анықтап, қызмет атқарады. Саясатқа сай білім жүйесі де құрастырылады. Кеңестік қоғам сыртқы саяси жағдайларға байланысты өзінің барлық күш-жігерін қорғаныс саласына жұмсауға мәжбүр болғандықтан, өзіне тиімді білім жүйесі ретінде классикалық немесе гумбольдттік білім жүйесін таңдаған болатын.
Гумбольдттік білім беру жүйесі XIX ғасырдың басында Пруссияда орын алған «Үлкен Прусс реформалары» аясында дүниеге келген болатын. Ол өз атауымен Пруссия білім беру министрі Вильгельм фон Гумбольдтке қарыздар. «Үлкен Прусс реформалары» Пруссия Наполеон әскерлерінен жеңіліс тауып, ұлттың рухы түскен уақытта жоспарланып, қолға алына басталды. Пруссия терең дағдарысспен бетпе-бет кеззіккен сәтте, Гумбольдт сынды прусс ойшыл да жетекші азаматтары саяси-экономикалық тығырықтан шығудың бірден-бір абзал жолы ретінде білім беру реформасын таңдайды. Олардың басты мақсаты мен идеясы мемлекетті сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар, жаңартылған мемлекетпен жаңартылған қоғам құру, жаңа ойлау пішіні мен танымдарды (образдарды) қалыптастыру болды.... (Байқағанымыздай, біздің қоғам алдындағы мұраттармен сабақтасатын жерлері көп).
Гумбольдттік жүйе бойынша білім берудің басты мақсаты еркін әрі көне таптаурындардан азат тұлға қалыптастыру. Аталмыш білім беру жүйесі Еуропада XIX-ғасырда барынша өз күшін алған неогуманизммен үндес болды. Білім беруші мен білім алышу тұлға ретінде қарастырылып, білім берудегі ұрпақтар арасындағы сабақтастық алдыңғы орынға шықты. Тұлғаны дамыту үшін тарихтан мысалдар іздестіріліп, табылды. Ұстаз-шәкірт идеясына бай Көне Грек мәдениеті Пруссия білім беру жүйесіне таптырмас модель бола алды. Көне Грек мәдениеті осы кезеңде Пруссияда бекерден-бекер асқақталған жоқ, шын мәнісінде, Көне Грек мәдениетінің озар тұстары мен басымдықтары көп болды. Салыстырмалы түрде, Рим мәдениетін алатын болсақ, Ежелгі Рим империялық агрессивті мәдениет болғандықтан, онда тұлғаны шектеу (тоталитаризм дей беріңіз) күшті болды және де Рим социумы, қоғамы таптық және көп ұлттық-нәсілдік ерекшеліктерге байланысты өте сегментарлы (плебейлер мен патрицийлер, римдіктер мен мысырлықтар, варварлар) еді. Көне грек мәдениеті өте ашық болды әрі жан-жақтылығымен ерекшеленді. Прусс реформаторларын осы жан-жақтылық қатты елітті. Прусс немесе Гумбольдттік университет моделі ең алдымен жан-жақты ымырашылдыққа ұмтылды: бір жағынан академиялық еркіндік тұрса, екінші жағынан мемлекет пен қоғам қажеттіліктері алдындағы жауапкершілік. (Бұл білім берудің екі бөлек тұстары бүгінгі отандық білім беру жүйесінің ең сезімтал нүктелері екені бәрімізге аян). Жан-жақтылық идеясы білім беру ісі ғылым арқылы жүргізілуімен де жүзеге асты. Білім мен ғылыми зерттеулер бірлігі негізінде, ғылыми ізденістер университет қабырғаларынан бастау алып, қайтадан жаңалық, факт, заңдылық, соңғы инстанция, білім ретінде университет қабырғаларына оралып отырды. Бұл білім мен ғылымның арасындағы көпірді одан сайын бекіте түсірді. Гумбольдттік университеттің тағы бір жаңалығы әдіснамалық зерттеу тұрғысынан алғанда әр түрлі ғылымдардың бірлігі. Басқаша айтсақ, кез келген ғылым саласы мейлі ол тарих, немесе физика болсын, олар ортақ зерттеу әдіснамаға бағынатын болды. Оның негізінде барлық ғылымдарға жан-жақты болып саналатын философиялық зерттеу әдіснамалары мен принциптері (мысалға, биология өз зерттеулерінде физикалық зерттеу амалдарын қолданған кезде, елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, соңында екі ғылымның тоғысу нүктесінде биофизика, кейін биохимия пайда болды) жатқан еді.
Алайда, Гумбольдттік университет өзінің жетістіктері мен басымдықтарына қарамастан, Еуропада ұзаққа тұрақтай алмады. 1933 жылы Гумбольдттік білім беру жүйесінің отаны Германия елінде билікке Адольф Гитлер келеді. Тұлға еркіндігін жан-жақты дәріптеген гумбольдттік университет қабырғаларында танымал еврей профессорларына саяси қуғындар мен репрессиялық шаралар белең алып, классикалық білім берудің абыройы айрандай төгіледі. Гумбольдттік білім беру жүйесін ұстанған Кеңес Одағы ыдыраған сәтте классикалық білім жүйесінің әлсіздігі тағы бір мәрте байқалып қалды. Классикалық білім беру жүйесінің «ахилесс өкшесі» ретінде білім беру жүйесі мен оның тікелей өнімі – маман-кадрлардың тарихи тектоникалық өзгерістерге бейімделе алмауы, жаңа шарттар мен талаптар алдындағы дәрменсіздігі болып саналады. Өткен ғасырдың 90-жылдары біздің қоғам осы ірі тарихи өзгерістерді бастан кешіріп, әлем биполярлы жүйеден монополяры жүйеге ауысқан кезеңде, гумбольдттік жүйе кеңестік білім мен ғылымның символына айналған еді. Алайда, нарық талаптары жаңа шарттар жасаған соң, олардың интеллектуалдылық қабылеттері екінші кезекте қалып, посткеңестік елдерде Brain Drain немесе мамандардың жаппай көшуі белең ала бастады. Соның салдарынан, академиялық қауым арасында ұрпақтар сабақтастығы тоқтап, білімнің девальвациясы (дипломның білімнен жоғары бағалану құбылысы) кең етек жайды. Университет ғылымның бесігі болудан қалып, өзінің биік рухынан айырылып қалды. Оқытушының әлеуметтік жағдайы мен беделі ғана түспей, сонымен қатар, оның интеллектуалдық қабылеттері де төмендей бастады; енді оқытушы эрудициялық білімі бар, қоғамда ықпалды тұлғадан, білім технологияларын менгерген жанды құрал ғана ұқсайтын болды. Тұлға, шығармашылық әдіс, ғылыми орта деген ұғымдар шет қалып, алдыңғы орынға құжаттық көрсеткіштер мен формализм шығып, үстемдік құра бастады.
XXI-ғасырда орын алған ақпараттық революция адамзатқа жаңа да күрделі мәселелер сыйлауда. Жеке адамның басына күнделікті түсіп жатқан ақпараттардың көлемі мен алуан-түрліліге оның қабылдау, түйсіну мүмкіндіктерінен асып түсуде. Сан алуан, миллиондаған ақпараттардың ішінен, маңыздысын, бастысы мен қосалқысын айыра білу оңай шаруа емес. Сондықтанда, біздің қоғамымыздың алдында осы ақпараттарды игере алатын, тиімді де оңтайлы қолдана білетін жаңа ақпаратты мәдениет қалыптастыру ісі тұр. Бұл шынында, өте маңызды жоба болмақ, өйткені жаңа ғасыр жаңа қоғам құруды талап етіп отыр. Әлемнің дамыған елдері индустриалды қоғамнан постиндустриалды қоғамға ауысып та үлгеріп алды. Жапония, Қытай, Корей, АҚШ сияқты елдерді озық технологиялар мен ғылыми жаңалықтарсыз көзге елестету қиын. Аграрлы-индустриалды болып табылатын біздің қоғам үшін, ақпараттық қоғамға ауысу әрине онай шаруа емес. Алайда, біздің мемлекетте, қоғамда жаңа сапалы деңгейге ауысу үшін барлық мүмкіндіктердің бар екенін де айтуымыз қажет. Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан өзінің білім саласындағы идеологиясын қалыптастырып келе жатқаны белгілі. Білім жүйесін Еуро стандарттарға бейімдеу жобасы мен Болашақ бағдарламалары осы мемлекеттік стратегияның доктриналарынан туындаған дүниелер. Бұл қадамдардың өзінің сәтсіздіктері де, жеңілістері де болды, алайда көш жүре түзеледі және ол түзеліп жатыр да.
Уалиев Талапкер Асқарұлы