Елімізде жолаушылар тасымалының бақылаудан шығып, өзін-өзі реттеу әрекеті құрдымға кеткенін мойындаған жөн. Қоғам қарсылығына қарамастан қоғамдық транспорт, рейстік тасымалдау баяғыша қызмет етуде. Жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, адамдар өмірі тапсырылған жолаушылар тасымалын жауапсыздық пен жемқорлық жайлады. Азаматтардың қаржысына бизнесін дамытып отырғанын ұмытқан кәсіпкерлер сапа мен кәсібилік сынды құндылықты ұмыт қалдырды. Салдарынан мыңдаған адам мүгедек атанып, өмірмен қоштасуда. Кәсіптің түбі нәсіп екенін кей басшылар түсіне ме екен? Өткен жылы, әсіресе жаз уақытында бағыттық автобустар апаттарға көп ұшырады.
Солардың бірі Алматы-Бішкек тас жолында жолаушылар автобусының қатысуымен болған апат.. Көлікте барлығы 40 адам болған. Жол апатының салдарынан 15 адам зардап шекті, арасында балалар бар. Жүргізуші рульге ие бола алмай қалған. Жантүршігерлік жол-көлік апаттың бірі қткен жылы Алматы-Екатеринбург тас жолында болды. Күре жолдың 487 шақырымында жол ережесінің өрескел бұзылуынан екі жолаушы автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, 11 адам қаза болды. Жүргізуші алдында келе жатқан көліктен озу үшін жолдың қарсы бетіне шығып, камаз көлігімен соқтығысқан. Қатты соққыдан көлік өртеніп, кейбір қайтыс болған адамдардың мәйітін тану қиынға соққан.
Батыс Қазақстан облысында 65 жолаушысы бар автобус көпірден құлап кеткен болатын. Онда 16 адам жарақат алып, төрт адам қаза тапты. Анықталғандай, жүргізуші көлікті мас күйінде айдаған. Адам өліміне әкелген апат үшін азамат сот шешімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды. Шілде айының басында Арқалықтан шыққан 24 адамы бар автобус жолда аударылып түскен. Екі бала зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды. Қуанышқа орай, қаза тапқандар жоқ. Ал мамыр айында Алматыда мектеп автобусы ірі жол апатына түсіп, алты бала жарақат алғаны есімізде. Жамбыл облысындағы Астана-Шымкент тас жолы бойында автобус аударылды. 10 адам сол арада жанын тапсырды. Салонда барлығы 45 жолаушы болған. Кінәлі жүргізуші оқиға орнында ұсталып, кейін жеті жылға түрмеге жіберілді.
2015 жылы Шығыс Қазақстан облысында 48 жолаушысы болған рейстік автобус апатқа ұшырады. Оқиға Таскескен-Бақты трассасында болған. Ірі апат салдарынан 11 адам әр түрлі деңгейдегі жарақат алды. Қоғам талқысында болған жол-көлік апатының бірі сәуір айында Ақтөбе-Орал трассасының бойында орын алды. Көлік ішінде 64 жолаушы болған. Оның төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Тергеу кезінде жүргізушінің бұған дейін үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Алайда оған қарамастан, жауапсыз жүргізуші осы бағытта жолаушыларды тасымалдап келген. Сондай-ақ, оның есірткі қолданғаны белгілі болды. Осындай заңсыздық Қарағанды облысында болды. Жалған көлік жүргізу куәлігімен адамдар тасыған азамат осы жылы үлкен ірі апат себепкері атанды. Салдарынан алты жолаушы жан тәсілім етті. Жүргізуші«Балқаш-Қарағанды» жолында қарама-қарсы жолға шығып, жүк көлігіне соғылған.
МЕМЛЕКЕТТІК РЕФОРМА НӘТИЖЕСІЗ БЕ?
Бас прокуратураның жыл сайынғы деректеріне сүйенетін болсақ, жол-көлік апаттары мен зардап шеккен адамдардың саны өзгермеуде. Мәселен жыл басында елімізде 1210 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 1737 адам қаза болған және жарақат алған. Осының ішіндегі 200-ден астамы жол ережесін бұзған, мас күйіндегі, есірткі қолданған автобус жүргізушілер себебінен болған. Жағдайдың одан әрі ушығып бара жатқанын ресми деректердің өзі көрсетуде. Сондай-ақ, мемлекеттің бұл бағыттағы шараларының нәтижесіздігін айта кеткен жөн. Осы тұста Көлік және коммуникация министрінің жол-көлік апаттарына қатысты бес жыл бұрын айтқан мәлімдемесін еске түсірсек. Ведомство басшысы болған Әбілғазы Құсайынов 2010 жылдың 8 қыркүйегінде «көлік саласындағы жол қауіпсіздігі іс-шараларын қолға алудың арқасында 2015 жылға дейін жол-көлік апаттарын 8 пайызға дейін төмендету көзделгенін» айтқан болатын. Министрдің сөзіне қарағанда, 2010-2014 жылдарға арналған көлік инфрақұрылымын дамыту салалық бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар жолдардың 5,5 мың шақырымы қайта жаңартылып, 6 мың шақырымы жөнделетін болады. Сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымы қайта жөнделеді.
Алайда, статистика деректері 2010 жылы республика жолдарында 11999 жол көлік оқиғасы тіркеліп, оның зардабынан 2795 адам қайтыс болып, 13875 адам жарақаттанғанын айтады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2014 жылы 20 378 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 28 527 адам қаза болған және жарақат алған. Ал жоғарыда атап өткеніміздей, 2015 жылдың жеті айында 10 мыңнан астам жол оқиғалары тіркелген. Демек, мемлекет бес жыл бұрын қойған міндетін іске асыра алмады. Және де бұл уәделердің орындалу-орындалмауын ешкім тексеріп де жатқан жоқ. Мемлекеттік реформа сәтсіздігінің тағы бір көрінісі - 2013 жылы енгізілген жол қауіпсіздігі аудит институты. Аталмыш институт адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға бағытталған болатын. «Жол жүрісі туралы» заң жобасы бойынша аудит институты жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жобасындағы қауіпсіздік қаупін анықтауға бағытталған. Алайда бір жарым жыл өтсе де аудиттің саладағы бар-жоғы белгісіз. Бұған да адами фактор себеп шығар...
ЖАҢА ТАЛАПТАР ҚАЖЕТ
Біріншіден, жолаушылар тасымалымен айналысатын ұйымдарды «бір сілкіп шығу» керек сынды. Бұл бизнесті тұншықтыру үшін емес, қызмет көрсету сапасын таразылап, жұмысын жүйелендіру мақсатында, әрине. Аталмыш әрекет нарықтағы қоғамға қауіпті ұйымдар мен азаматтардан арылуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан кезектен тыс тексеру жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке фирмаларға жаңа заманауи талаптарды қоюы тиіс. Мәселен, gps қызметін енгізу, ортақ база ұйымдастыру сияқты. Бастамалар Қазақстан үшін жаңалық болғанымен, әлемде кеңінен қолданылуда. Мысалы, жолаушы автобусқа билет алған уақытында автовокзалда көлік пен оның жүргізушісі туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Оны кез келген жолаушы электронды таблодан көре алуы керек. Жолаушы автобустың соңғы рет қашан техникалық бақылаудан өткенін, жүргізуішінің көлік айдау тәжірибесін, денсаулығының жағдайынан хабардар болып отырады. Бұл - екіншіден.
Үшіншіден, жолаушылар тасымалында ұшақпен ұшудағыдай техникалық-медициналық жүйе қалыптасуы тиіс. Онда ұшақтардың ұшуы, пилоттардың денсаулығы, жай-күйін тексеру талаптары бағыттық автобустарға енгізу өзекті. Демек, жүргізушінің денсаулығын, құжаттарын тексеріп, бағыт алуына рұқсат беретін тұлғалардың, компаниялардың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғарылайды. Сондай-ақ, жабайы бәсеке азайып, қазіргі заманға сай бизнес нарық қалыптасады. Оған қоса, ұшақтардың ұшу бағытынан бастап, қонуына дейін бақылайтын gps жүйесінің енгізулуі аса маңызды. Осы арқылы автобус бағытын бақылап, қауіпті жолдар мен жол ережелері тиісті түрде ескертіліп отырады. Бұл азаматтардың жол қауіпсіздігу жөніндегі қорқынышын азайтады. Базаның пайда болуымен заңсыз және жалған құжаттарымен жүрген жүргізушілердің жолы кесілер еді. Еуропа мемлекеттерінде ұзақ жолға қатынайтын автобустарға, олардың жүргізушілеріне қанша уақыт рульде отыруы, неше сағат демалуы, тамақтану талаптары дейін алдын ала белгіленіп қойылады. Егер бұл нормалар бұзылса, жүргізушілерге айыппұл салынады. Көлік бағытын бақылау үшін gps аппараты қойылған. Әзірше әлемде бұдан тиімді дүниені ойлап тапқан жоқ.
Төртіншіден, сарапшылар жол-көлік апатының көпшілігі қарама-қарсы жолға шығудан орын алады дейді. Апат санын азайту үшін жол ортасына қоршау қою маңызды. Бұл әсіресе, жол апаты көп болатын аумақтарға арналмақ. Әлбетте, бастама қосымша қаржыны талап етеді, алайда адам өмірі одан да қымбатырақ. Дәл осы тәжірибені Ресей кеңінен қолдануды бастады.
Бесіншіден, мемлекетімізде адам мен адам өмірі бағалануы керек, құнды болуы тиіс. Өкінішке орай, қазіргі кезде адам өмірін қию сіріңкені сындырумен тең болды. Ешкім ол үшін жауапкершілікке тартылмайды. Бұл сот жүйесі, құқық қорғау органы сияқты мемлекеттік жүйенің тәуелсіз болуымен тікелей байланысты. Осы тұста Швецияның тәжірибесі бізге үлгі. Бұл елде жыл сайынғы көлік апатынан қаза тапқандардың саны 300-ден аспайды... Көп жағдайда бұл мемлекеттік реформалардан емес, азаматтардың сана-сезімімен байланысты. Өйткені бұл еуропалық елде жол жүру ережесін сақтау, адам өміріне жауаптылықты сезіну сезімдері қалыптасты. Ендеше, ұлттық сана-сезім, ұлттық мінез тек ұлт, тіл мәселелерін айтумен ғана шектелмейді. Мысалы жол апатына жол бермеу, мас күйінде рульге отырмау, өтірік айтпау сынды әрекеттермен де айқындалады.