Ерекше қоңыр дауыс иесі, Жезқазғаннан шыққан жез таңдай, жаңа жарық жұлдызы Қуандық Рахым өнер жолындағы өмірімен бөлісті. Ол Алматы қаласы әкімдігі мен "Майра" продюсерлік ортылығының бастамасымен өткен, IV қалалық дәстүрлі ән орындаушыларының "Күміс көмей, жез таңдай" байқауында "Домбырамен ән айту" аталымында "Бас жүлдені" иеленген жас дарын.
Естеріңізге сала кетсек жуырда Алматыда талантты жастардың басын қосқан "Күміс көмей, жез таңдай" атты ән байқауы өтті. Сайысқа 200-ге жуық өнерпаз қатысқан болатын. Нағыз таланттарды анықтау үшін Нұрғали Нүсіпжанов, Еркін Шүкімән, Сәкен Майғазиев сынды белгілі тұлғалар қазылық етті.
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Консерваторияда «дәстүрлі ән» мамандығында оқып жүрген студент жігіт бұл байқауға дейін «Instagram» желісінде, жалпы жастардың арасында «керемет дауыс иегері» ретінде танылған. Әлеуметтік желілерде Қуандықтың ән айтып жатқан 15 секундтық бейнежазбалары көрермендердің көңілінен шығып, жақсы баға беріп жатады. 2000-нан астам көрерменнің сүйіктісіне айналған жас талант «Уайымдама», «Қырғыз қызына», «Сағынарсың» туындылармен көпшіліктің көңілінен шыққан болатын.
Қуандық, жалпы өнерге қалай аяқ бастың? Әншілік қабілет кімнен дарыған?
- Өнер жолына түсуім, әрине біріншіден, Алланың қалауымен. Және де, ия, бұл қанда бар дарын. Ананың сүті, атаның күшімен келген дейді ғой. Анам жақтан да, әкем жақтан да барлығы бір адамдай өнерден алыс емес. Анам жас кезінен керемет ән айтады, сондықтан нағашыларыма көбірек тартқанмын-ау шамасы. Отбасымызда ағаларым, бауырым, барлығымыз өнерге жақынбыз, барлығымыз ән айтамыз. 62 тамырым өнер деп соғады. Өнерлі отбасынан шыққаннан кейін жүрегіме жақын. Жалпы өзімді болашақта басқа салада елестете алмаймын. Тек қана осы өнерде, халықтың еркесі болып, барлық өне бойымнан шыққан туындыларды тек халқыма арнағым келеді.
Осы жақында шыққан, аз уақыттың ішінде тыңдармандардың жүрегінен ерекше орын алған "Уайымда" әні қалай дүниеге келді?
- Тыңдармандарға ұнап, жақсы пікірлер айтып жатқанда бір марқайып қаламыз. Бұл әннің шығу жайында айтсам, сөзін жазған ұлытаулық бауырым – Мұқағали Сейтқазы деген өте талантты жас ақын. Өлеңнің сөздері сол жігіттің өмірінен алынған. Жас болғаннан кейін бәрі ғашық болады, ғашығымен қоштасу деген болады. Сондай бір кезеңдерді басынан өткеріп жүрген кезде, осы «Уайымдама» әнінің сөздерін жазған болтын. Неге екенін білмеймін, бірақ осы поэзия жүрегімді тербеп, ерекше әсер еткен болатын. Сонымен біраз ойланып, Мұқағалимен күйсандықтың жанында отырып шығарылды. «Құлақтан кіріп, бойды алар» дегендей, жүректен шыққан ән болғаннан кейін де халықтың жүрегіне жеткізе алдым деп ойлаймын.
Осы немесе өзге туындыңа бейнебаян түсіру ойда бар ма?
- Ия, жаңа айтып өткен «Уайымдама» атты әнге аладғы уақытта бейнебаян түсірсем бе деген ой бар. Оны талқылау үстінде жүрміз. Әлі де бұдан басқа тағы махаббат тақырыбында әндер шығаратын боламын, бұйыртса. Бейнебаяндарды да түсіре жатармыз, күтіңіздер!
Өзіңді көгілдір экраннан жиі көретін болдық. "Арман қанатында" бағдарламасы жайында айтып өтсең деп едім. Баян Есентаева сынды продюсермен бірге жұмыс жасау жоспарда бар ма?
- «Арман қанатында» бағдарламасына қатысу мен үшін бір үлкен жетістік болды. Өйткені Баян Есентаева мен Бағым Мұхитденова сияқты кісілермен жұмыс жасау зор құрмет. Серік Ибрагимовтай жас талантпен ән салу да керемет әсер берді. Жалпы бұл бағдарламаға келуімнің бірден бір себебі «Уайымдама» болды. Ән көңілінен шыққан жоба продюсері Айгерім ханымның шақыртуы бойынша бағдарламаның кейіпкері болдым. Шүкір, шығармашылығымның арқасында көгілдір экраннан көрініп жүрміз.
Тыңдармандарыңды таңы немен қуантпақсың?
- Жақын уақытта шығаратын әндерімді айтатын болсам, қызық болмай қалуы мүмкін. Алдағы уақытта күтіңіздер. Шет елге еліктемейтін шығармын өнерде. Осы нағыз қазақ ретінде шығармашылығымды тек қазақи әндермен жалғастырсам деймін. Халыққа ұнап, көңілдерінен шығып жатқаннан кейін, осы жолды дұрыс деп таңдадым. Елімнің сүйіктісіне айналу арманым. Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев сынды ағаларымыздай болу үшін тырысамын. Қазақ эстрадасында ізімді қалдырғым келеді. Басты мақсатым да осы.
Ал өнер жолында қолдау көрсетіп жатқан адамдар бар ма?
- Ең әуелі бір Аллаға рахмет, осындай өнер бұйыртқанына. Екіншіден, әрине ата-анама алғысым шексіз. Жанымда әрқашан қолдау көрсетіп отыратын анам мен әкем. Үшіншіден, ұстаздарыма үлкен рахмет. Алғашқы ұстазым, өнерге баулыған кісі, №25 орта мектептің оқытушысы Айгүл Жұмашқызы деген талантты мұғалімнің қолында білім алғаныма қуаныштымын. Сол кісіге де үлкен алғыс білдіргім келеді. Және де әрине достарымның қолдауы да ерекше. Ортаң қандай болса, солай бейімделесің ғой. Жолдастарым да өнерге жақын болғаннан кейін солармен жарыса отырып, қолдауларымен осындай деңгейге жеттім деп ойлаймын.
Қуандық, сұхбатына көп рахмет! Алдағы уақытта шығармашылық табыстарға жете бер, алар асуын көп болсын. Биік белестерді бағындыра бер! Биік белестерді бағындыра бер. Gonzo.kz сайты шын жүректен жеңісіңмен құттықтайды!