Бізді әке-шешеміз, ата-әжеміз, туып-өскен жеріміз — ауыл тәрбиеледі. Бала күнімізде аруаққа байланысты «өлі разы болмай, тірі байымайды» мақалын жиі еститінбіз. Аруақты құрметтеудің эталоны осы болатын. Рамазан айы келді ме, ауылдастар мешітке қарай жүгіретін. Отыз күн оразада имамды отыз түрлі үй шақыратын. Сол үйде қайтыс болған адамның рухына қатым түсіретін. Сөйтіп, ауыз аштыру амалын жасайтын. Құран оқылып, дұға жасайтын сәтінде «аты аталған, аталмаған аруақтарға бағыштаймыз» деген сөзді имам аузынан жиі еститінбіз. Сонымен қатар, өлген адамның артынан қатарынан үш жыл (әр жерде әртүрлі) «шек салу, шек беру» амалы да орындалып жататын. Әрине, игі шарада аруақтарға құран бағышталады, ас беріледі.
Бала күнімізде зираттың жанынан өтіп бара жатқанымызда, арам ойымыздан арылып, бойымызды түзеп, дыбысымызды шығармай, міндетті түрде «Аллаһу әкбар» деп бет сипайтынбыз (кейбіреулер бүгін бет сипауды да шірік деп жүр). Біздің аруақ, өлген адамға деген құрметіміз жоғары еді. Жұма сайын жеті шелпек (кейбір жерлерде жеті нан деп атайды) пісірілетін. Ол міндетті түрде таратылатын. Оның «сауабы аруақтарға тисін» деп айтып жататын. Жұма сайын таңертең зират басына барып, Құран оқылатын. Құран оқылып біткеннен кейін жасалатын дұғада міндетті түрде аруақтан емес, Алладан «аруақтардың рухына бағыштадық, жаны жәннатта болсын, тозақ отынан сақта, біліп-білмей істеген күнәларын кешір, артында қалған ұрпақтарына жақсылық бере гөр» сынды тұрақты тіркестері жүретін. Мен еш уақытта өзге біреудің, я өзімнің зират басына барып, аруақтан бір нәрсе сұрағанын көрмедім, естімедім. Қазіргі кезді бала күнімізбен салыстырғанда діни танымымыздың кеңейе түскені анық. Бір ғана мысал, бұрын сүндетке отырған баланы ғана мұсылман санайтын едік. Қазір адам баласының әлмисақтан (туғаннан) мұсылман екенін ұқтық. Нақтылай түссек, әлмисақ сөзінің мағынасын тереңнен түсіндік. Алайда біздің аруаққа деген түсінігіміз өзгеріссіз, дәл сол күйінде қалды. Осы күндері демалыс кезінде ауылға жетсек болды, алдымен зират басына барып, Құран бағыштаймыз. Қолымыздан келіп жатса, қой сойып, ырымын жасаймыз. Біздің «өліні разы қылудағы» жасалатын амалымыз осы.
Осы күндері «аруақ» дегенде қазақ екіге жарылатын болды. Орыстілдісін қоя бер, қазір қазақтілдісінің өзі екі түрлі, бәлкім, одан да көптүрлі дискурс жасайды. Әсіресе, 90-жылдардың басында келген «ақиданың» дәстүрлі құндылықтарға теріс пиғыл танытып, сына қағып жатқаны баршамызға аян ғой. Әсіресе, аруақтың/рухтың біз әлі тани қоймаған сырларын «мат» қылып, «Өлген адам ешкімге көмектесе алмайды» деген желеумен аруақтарды жоққа шығарды. Бір жағынан, қабір кезіп, сәби тілегендердің, құмалақ, бал ашуды аруақпен байланыстырғандардың кері әсері болғаны анық. Жоғарыда айтып өткендей, қазақ өліні құрметтеген, аяғының астына таптатқызбаған, өзін емес, өлгенді (аруақты) ойлаған. «Сауабы аруақтарға тисін!» деген сөзінің өзінде Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисі жатыр. Әкесінен қалған мал-мүлікті игі амалға жұмсап, оның сауабын әкесіне тидіруді ниет еткен сахабаның ізгі амалы көпшілігімізге белгілі емес пе?
Аруақтың Алланың я болмаса періштенің әмірін орындауы мүмкін бе?
Аруақ мәселесіне байланысты үш түрлі түсті баяндайын:
1) Қыстың күні досымның әкесі қатты науқастанып, қайтыс болды. Сол бір қыс досымның әкесінің өлімімен есте қалды. Оның бір әпкесі, бір қарындасы бар еді. Жарты жылдай уақыт өткен соң, үлкен әпкесі түс көреді. Түсінде жаздың аптап ыстығында әпкесі ауданнан ауылға жаяу келе жатқан көрінеді. Зираттың жанынан өте бергенде (ауылға кіре берісте зират бар) ақ киімге оранған әкесі «Бауырларыңа абай бол!» — деп, бір ауыз сөзді айтып, жоқ болып кеткен екен. Екі-үш күн өтер-өтпес, кенже бауырлары соқыр ішек болып, ауруханаға түседі...
Әрине, «Өлген әкесінің рухы кімнің я ненің қызметін атқарып тұр?» — деген сұрақ туындайды.
2) 2007 жылы жеңгем қатты сырқаттанып, қайтыс болды. 2009 жылы артынан ағам да кетті. Ағам қайтыс болар алдында жақын туысымыздың түсіне қайтыс болған жеңгем кірген. Ауырып жатқан ағамның аяқ жағында ақ киімге оранып отыр екен. «Мен Асқарды алып кетуге келдім!» — депті. Артынан «Неге біздің жаққа келмейсіңдер? Ол жақ (?) керемет қой» деген. Ал ендеше!
Бір-екі күннен кейін емі жоқ аурудан ағам көз жұмды. Біріншіден, бұл жерде өлетіні жайлы хабардың берілгені анық. Ал «Неге біздің жаққа келмейсіңдер? Ол жақ (?) керемет қой» дегені нені білдіреді? Ол жақ дегені қай жақ? Бізге неден хабар беруде? Бұны «жын» немесе шайтани түс деп қалай айта аламыз?
3) Атам өмірден өткеннен кейін қара шаңырақта үш төрт жылдай адам болмай қалды. Ауылда жұмыс болмаған соң, ұлдары қаладан тірлік іздеп кеткені рас. Қара шаңырақтың бос қалғаны жаныма бататын. Бір күні түс көрдім. Түсімде әулетіміздің үлкендері (бұл дүниеден өтіп кеткендері, арасында атам да бар) дастарқан басында жиналып, ас ішіп отыр. Төрде бір орын бос тұр екен. Мен жүгіріп барып сол орынға жайғаса бергенімде, әлгілердің біреуі: «Тоқта, бұл жерге сен емес, Арман отырсын!» — деді. Арман — әкемнің інісінің баласы. Мен әлгі жерде бозарып тұрып қалдым. Менің жасым үлкен ғой, мен неге отырмаймын деп қиналғаным да рас. Мәселе, негізінен, қалада жүрген ініме үйге қайт деп талай айтқаным екен. Расымен де, қара шаңырақ қаңырап қалғанын айтып, қақсағаным әлі есімде.
Меніңше, үш түрлі түстен аруақтың/рухтың қандай да бір қызмет атқарғаны байқалады. Біріншісінде әке рухы баласының басына келетін бәледен сақтандырған. Бұны «жын» деп айтуға келмейді. «Жын» қашан сені жамандықтан, пәле-жаладан сақтандырушы еді? Әрине, бұл жерде әке рухына барып сыйын, не болмаса табын деп тұрғаным жоқ. Керісінше, әке рухы Кімнің әмірін орындап тұр? Ойланатын дүние. Екінші түс те адамды бей-жай қалдырмайды. Өлетіні жайлы хабар бергені өз алдына, алайда неге «ана жақты керемет» деп тұр? Неге шақырады бізді? Егер, ана дүниесі өлімнен кейінгі өмір болса, ол тағы «керемет» болса, «жын» я болмаса «шайтан» қашаннан бері мәңгі өмірді насихаттап қалды? Жын-шайтанның негізгі мақсаты мына өмір емес пе? Шындығын айтайын, осы түстен кейін көңіліміздің орнына түскені рас. Себебі, өмірден ерте қайтқан ағамызды «керемет жаққа алып кеткені» жұбатты туған-туысқанды. Бір жақсылыққа үміт етті, жақсылыққа жорыды. Үшіншісінде де, белгілі бір деңгейде хабардың берілгені анық. Улап-шулап жүріп, шаңыраққа біреуін отырғыздық.
Әрине, аруақтың/рухтың барлығы жүз пайыз пенде мен Алланың арасында аралық көпір болады деп ойлау дұрыс емес. Құдай туралы түсінігі жоқ жұмыр басты пенденің «өлгеннен соң балаларымды қорғап жүремін» деуі ақылға еш қонбайды. Ол балалары түгіл, алдымен ана дүниеде мына өмірдегі сенімі, ізгі амалымен өзін қорғап алуы керек деп ойлаймын. Бұл өмірде Жаратқанның сүйген құлы бола білгендер, әулие-әнбиелер, шейт кеткендер ғана бәлкім Алланың я болмаса періштенің әмірін орындай алуы мүмкін деп болжаймын. Ақылға салсақ, Құдайдың құдіреті шексіз. Ол пендесіне қалай, қандай жолмен болсын, көмек жібере алады. Ол өз көмегінде періштені, жынды, я болмаса аруақты/рухты т.б. қолдана ма, оған ешкім шек келтіре алмайды. Керісінше, Алланың құдіретіне шек келтіру күнә болып есептелмей ме?