Ұрпаққа Мәшһүр – аңыз, Мәшһүр – арман
-Білсең айтшы Жүсіпті
Кім «Мәшһүр» деп атады?
Қызық жайт бұл тіпті.
Аға сұлтан
Алашқа мәлім атағы
Мұса мырза мешітке бірде келіпті,
Игі жақсы Баяндағы қасына оның еріпті.
Хазіретке:
-Жүсіп деген бала барын естідім,
Қисса айтатын ескі сөзді көрікті,
Шақыртсаңыз оны тыңдап көрелік.
Өнеріне етпекші ғой төрелік.
Аға сұлтан алдында сонда бабамыз
Тақ-тұқ етіп,
Таң қылыпты сайрай ала жөнеліп.
Сонда Мұса сүйсінгенін жасырмай:
-Мына бала Алаш даңқын асырар,
Тірі жүрсе «Мәшһүр» болсын есімі.
Даңқы жетер ғасырлардан ғасырға,
Көз тимесін жас өскінге, асылға.
Тақиясына үкі тағып, кигізіңдер басына,-
Деп Жүсіпке ақ батасын беріпті,
Мұса мырза айтқаны айдан анық келіпті.
Сол бір жайт ел есінде мәңгі қалған,
Басынан талайлардың өткен жалған.
Мәшһүр Жүсіп өлсе де, сөзі өлмеді,
Ұрпаққа болған аңыз, болған арман.
Біз өскен соң
-Керекуің қай қала?
Қарады оған таңқала.
-Кереку ме? Ол– бүгінгі Павлодар,-
Деп отырад атамдар.
Айтысына қарағанда, атамның
Керекудің атауын
Патша ертеде жойыпты.
Құрметіне жаңа туған ұлының
«Павлодар» деп қойыпты.
-Рас па? –деп қалды Анар таңқалып.
Өкінішті жүзіндегі аңғарып
Қалған Сәбит оны жұбатты.
Деді оған сенімменен:
–Ержеткен соң
Өзгертеміз бұл атты!
Қалды Толқын разы боп
- «Атам»,- дедің ол кім? –
Деп сұрады Толқын.
-Ол– әкемнің әкесі.
-«Әжем»,- дедің ол кім
-Ол –әкемнің шешесі,
-Басқа тағы кімің бар?
-Апам, әкем, інім бар,
Қарындасым төрттегі.
-Жақсы екен.
Жаңа сен
«Нағашы атам»,- дедің ол кім? –
Деп жалғады Толқын.
-Ол – шешемнің әкесі.
-«Нағашы апам»,- дедің ол кім?
-Ол –шешемнің шешесі,
- «Нағашы» деп атайсың
Айтшы тағы кімдерді?
-«Нағашы аға», «нағашы тәте» деп
Ес білгелі
Атап келем нағашымның
Ұл- қызын.
-Ал жаңа туған Жұлдызды?
-Нағашы қарындасым ол менің.
-Ал тәтемнің Көркемі?
-Бөлем болад ол менің.
-Дұрыс,- деді Толқын,-
Дұрыс деді жауабың.
-Атаң менен әжеңе
Кім боласың ал өзің?
-Немересі боламын.
-Нағашы атаң- әжеңе,
Ағаң менен тәтеңе?
-Жиенімін олардың.
Қалды Толқын разы боп,
Жауабына Омардың.
«Білімпазға» барғанмын
- Әріптерді сен тегі
Танисың ба?
-Танимын.
-Оқуға дайынсың ба?
-Дайынмын,-
Деді дағы
«Сауат ашуды» қолға алып,
Кідірмей де мүдірмей,
Дыбысталуын бүлдірмей,
Оқи ала жөнелді.
Сыныптастары құлақ түрді таңданып...
Нұрфараби осы сәтті аңғарып,
«Білімпазға» барғанын,
Жаз бойы сабақ алғанын,
Айтты сонсоң жыр қылып.
Арқасынан қағып апайы
Риза боп тұр күліп.
Сүлеймен Баязитов