Ақын Қадыр Мырзалиевтің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты бір ауыз сөзі бүгінде расқа айналды ма дерсің. Қазақ даласын үлкенді-кішілі халықтың басын қосып, тұрақты түрде әр бейсенбі сайын күмбірлеген қасиетті қара домбыраның үні кернеп жүргеніне биыл үш жыл толып отыр. Осыдан үш жыл бұрын астаналық бір топ жігіт ұлттық аспапты насихаттамаққа алаңға алып шыққан болатын. Сөйтіп домбыраны жылы қабылдаған халық қазіргі уақытта тек Қазақстанға ғана емес, бірқатар шет елдер де танымалдылыққа ие болған игі шараны "Домбыра пати" атады. Өткен жексенбіде осы шараның басталуына негіз болған астаналық белсенділер Есіл өзенінің жағалауында, Кенесары ханның ескерткішінің маңында жиналып "Домбыра патидің" дүниеге келген күнін атап өтті.
Бүгінгі постымда үш жылдық тарихы бар "Домбыра патидің" бүгіні мен өткені жайында ұйымдастырушылардың бірі Маралбек Сағынғановтың айтуы бойынша оқып, үш сағатқа созылған шарадан фоторепортаж көре аласыздар. Әрине видеосы да бар ;)
Домбыра пати 2012 жылдың тамыз айында дүниеге келген. 2012 жыл қазақстандық спортшылардың Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарында бір феерия ұйымдастырған жылы болатын. Спортшыларымыз алтынды бірінен соң бірі алып жатты да, бір күні кезекті бір алтында алған кезде астаналық жігіттер бас қосады. Алайда сол күнгі жиынға мен бара алмай қаламын. Жігіттер кафеде жиналып, Алмас Алтай атты жігіт домбырасын ала келеді екен. Сөйтіп кафеде отырып жігіттер домбыралатып, жиналған халық оларға қол шапалақтап, қошмет көрсетеді. Сол сәтте жігіттерде «Осылай жиналып, көшеге шығып домбырамен ән айтсақ» деген ой туындайды. «Айтылған сөз, атылған оқ» демекші оны ертеңіне маған айтып, бәріміз «Бәйтеректің» маңында жиналатын болып шештік. Содан 2012 жылдың 16 тамызында домбырамызды алып алаңға шықтық. Мен, Нұрғиса Асылбеков, Алмас Алтай, Аршат Ораз, Алдан Жылгелді, Жанасыл Болатбек, Нұрберген Мақым болып барып, сол жерде алғашқы «Домбыра патиді» өткіземіз. Халық өте жақсы қабылдап, өзіміз мәз болдық. Сол күні «Домбыра патиді» бастап сөйлеу керек болды да, мен алғашқы күні модератор болып басқарып тұрдым. Содан ешкімді жүргізуші ретінде таңдап, сайламай-ақ мен аяқ астынан «Домбыра патидің» тұрақты жүргізуші болып кеттім.
Алғашқы жылы Астанада өткізіп жүрдік. Бізді көріп Алматыдағы блогерлер бастап өткізді. Содан кейін Өскеменнен келген бір кісі біздің «Домбыра патиді» көріп, өз қалаларына оралғаннан соң сол жылы Өскеменде де бұл шара өтеді. Сөйтіп, бірінші жылы «Домбыра пати» үш қалада өтті. Келесі жылы «Домбыра патиді» көктемде, яғни 2013 жылы «Блог құрылтайда» Шымкентте өткіздік. Сол жерде бір кешті «Домбыра патиге» арнап, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған блогерлерге аталмыш шара қалай басталды, мақсаты қандай екендігін түсіндірдік. Жиналғандар бұл идеяны іліп алып кетті де, 2013 жыл «Домбыра патидің» ең бір қатты гүлденген жылы болды. Ол сол жылы Қазақстанның 30 қаласында өтті. Сонымен қатар Түркия, Англия, Қытай, Манғолия, Португалия, Ресейге шықты. Сол жылы ең керемет пати өткізген Ақтау, оның ішінде Жаңаөзен екендігін атап өту керек. Олар кәдімгідей далада киіз үй тігіп, қымыз-шұбат, бауырсағын алып келіп, қазы-қартасын турап тек домбыра тарту емес, нағыз қазашылықтың иісін шығарып үлкен жиын өткізді. 2013 жылы тосын жеңісіміз болды. Патиіміз «Халық сүйіктісі» деген әр түрлі саланың белсенділеріне берілетін премияны жеңіп алды. Яғни, сол жылы ұйымдастырушылар халықтық фестиваль, пати деген номинация қосқан екен. Алайда «Домбыра патиді» ұйымдастырып жүргендерден ешкім оған өтініш беріп, қоспасақ та сырттан біреу «Домбыра патиді» соған қосқан екен. Сөйтіп өзге орыс тілді үлкен шаралардың қасында, тіпті «Алматы менің алғашқы махаббатым» сынды салмақты фестивальдерді айқын басымдылықпен артта қалдырдық.
2014 жыл да сол екпінмен өтті. 2015 жылы «Домбыра пати» сәл бәсеңсігендей болды. Негізі кез-келген формат өзінің бір шарықтау шегіне жетеді де, саябырси бастайды ғой. Биыл сондай бір жыл болған сияқты. Оның үстіне Астанадағы патидің көп өтпей қалуына бір жағынан көбіміздің жұмысымыздың әсері тиді. Мысалы, жеке өз басымды айтатын болсам, қазіргі уақытта жұмысым кешкі 11-ге дейін жалғасады. Бейсенбі күні патиге шығу мен үшін қиын болып кетті. Сосын уақытта ауыстырайық деп шешіп, «Домбыра патидің» уақыты сенбіге ауысты. Уақытты ауыстырғаннан кейін шамасы көп адам адасып қалды. Бұрынғыдай көп халық келіп жүрген жоқ. Бірақ патидің үш жылдығындағы аудиториясына мен шынымен де риза болдым. Жаңа адам көп жүретін жерге көштік. Үш жылдықта бұрыннан ән айтып жүргендерден тек мен және Алдан Жылгелді болмаса, қалғандарының барлығы жаңа адамдар, жаңа әнші-күйшілер болды. Бүгінгі пати қазақтың өнерінің кеңдігін көрсетті. Өйткені жер-жерден келген адамдардың әр қайсысы өзінің өңірінің әндерін шырқай бастады. Бұл күн домбыра сүйер қауымның бір рахаттанған күні болды!
ДОМБЫРА PARTY 16/08/2015
ФОТО: "Домбыра патидің" ресми парақшасынан алынды
ДОМБЫРА PARTY 16.08.2012 - 16.08/2015 (ВИДЕО)
ДОМБЫРА PARTY-дің ееең көп қаралым жинаған видеосы
(Әбубакір Жолымов - Үйленгім келеді 18 жаста, Жаңаөзен :) )