Әркімнің таңы әртүрлі басталады ғой. Біреудің таңы ерте тұрып жүгіріп, жаттығулар жасағанмен басталса, біреу тоғызда басталатын жұмысына сегізге дейін ұйықтап асығыс-үсігіс жұмысқа жиналудан басталады...
Ал менің таңым «Күнбастардан» басталады. Күнде таңертең күнімнің сәтті өтуіне себепші екі адам бар. Оның бірі Нұрболхан болса, екіншісі Нұрбигүл. Жарты жыл көлемінде күнде таңертең жұмысқа жиналып жүріп теледидар қосып қоямын да, екеуінің әзілдерін тыңдап жүріп жымиып жүремін. Бірнеше күн бұрын Тәуелсіздік мейрамын тойлау барысында аяқ астынан Нұрболханды кездестіріп қалып... Бірден «Қайырлы тааааааааң!» дегім келіп кетті ғой :) Сөйтіп күнде таңертең оятатын сүйкімдііі жігітпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Біраааз ақпарат білдім. Сіздермен бөлісе отырайын :)
Нұрболхан Шарапов. Журналист емес. Негізгі мамандығы мәдениеттанушы. Қазіргі уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда.
"Күнбастарға" қалай келдім?
«Күнбастарға» кастинг өтіп жатқанда таныстарым кастингтен өтіп көруімді сұрады. Көп ұзамай «Сізді кастингтен өттіңіз» деген хабар келді. Сөйтіп қыркүйек айынан бастап біз Нұрбигүл екеуіміз «Жетінші» арнадан «Күнбастар» атты бағдарламаны жүргізе бастадық. Ол таңғы бағдарламалардың форматына сәйкес сергітетін, әрі танымдық бағдарлама. «Күнбастардың» ішінде әзіл де бар, оның ішінде жаңалық та бар, ең бастысы оның ішінде позитив бар. «Күнбастардың» өзі халықты күлкімен ояту мақсатында жасалып жатқан жоба.
Бұл бағдарламада Нұрбигүл екеуімізде арнайы образымыз бар. Ол бойынша Нұрбигүл қалалық, бәрін білетін интиллигенті қыз. Ал мен ауылдан келген баланың рөлін сомдаймын. Мен қылжақбаспын, көбінесе Нұрбигүлдің айтқандарына әзілмен жауап беріп, сөзден ұстап, тиісіп отырамын. Сол образ бойынша бір жағынан әзілдесек, бір жағынан ойнап-күлеміз. Негізнен позитивке көп көңіл бөлеміз. Байқасаңыздар қандай да бір жаңалық болып жатса соны әзіл ретінде жеткіземіз. Біздің бағдарламада негатив мүлдем жоқ.
«Күнбастардың» сценариін жазатын Рамазан Сраилов, Бекзат Есенов, Сержан Серікбай және Сырым Уәлиев атты төрт жігіт. Олар кезінде КВН-де ойнаған, әзілге жақын жігіттер. Бағдарлама енді басталған уақытта «Жетінші» арна нақты бір рейтинг берді де, үш айда осы рейтингі еңсеруімізді талап етті. Біз ол рейтингке осы жігіттердің арқасында бір айдың ішінде қол жеткіздік. Ол біз үшін үлкен жетістік болды. Соның арқасында «Жетінші» арна бізбен келесі жылға тағы да келісімшартқа отырып жатыр. Енді Құдай бұйыртса біз қаңтар айынан бастап мамыр айына дейін халыққа таңнан бастап таңғы көңіл-күй сыйлайтын боламыз. Алдағы уақытта «Күнбастарда» біраз өзгерістер болғалы тұр. Оны қаңтардан бастап көре жатарсыздар...
Менің таңым қалай басталды?

Әдетте біз таңды «Күнбастармен» атырамыз. Өзім таңертең кейде алтыда, кейде жетіде оянып жатамын. Ал бағдарлама жеті жарымда басталады. Сондықтан барынша ерте келуге тырысамын. Кейде эфир міне басталады деп тұрған кезде де келетін кездерім болады... Ол әдетім үшін бастықтардың маған айыппұл салған кездері болды. Оның барлығы енді өз орнымен (күлді – авт.).
Ал демалыс күндері шыны керек ұйықтаймын. 1-2, кейде тіпті 3-4-ке дейін ұйықтап қалатын кездер болады.
Нұрбигүл әзіл жанрында жүрген қыз болғандықтан менің кез-келген әзілімді түсінеді және ренжімейді. Ренжігеннің өзінде ренжуі 1-2 минут қана (күлді-авт.). Мен телевизия саласында Нұрбигүлмен жұп болғаныма өте қуанамын. Өйткені Нұрбигүл меннен үлкен болғанымен біз әзіліміз жарасқан ең сәтті жұптардың біріміз деп айта аламын.
«Күнбастардың» эфирдегі уақыты неге аз?
Таңғы бағдарламалар өзге арналарда 1 сағат, Ұлттық арнада тіпті 3 сағатқа дейін жалғасады. Ал бізге басында қойылған талап бойынша біз жарты сағаттың ішінде халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап үлгеруіміз керек болды. Бағдарлама басталғаннан соң біраз уақыт өте келе халық «Неге аз ғана уақыт болады?» , «Ең қызық жерінде аяқталып қалды ғой..» деп бізден сұрап жатты. Біз халықты жалықтырып алғанша, жеткізбей берген дұрыс деп шештік. Өйткені ертеңіне халық сені күтіп көреді.
"Таң кофеден басталады"
Таңертең әдетте жұмысқа тамақтанбай келеміз. Сондықтан өзге айдарлар болып жатқан уақытта әкімгер қыздар "Таң кофеден басталады" деп кофе алып келіп береді. Біз тез-тез соны ішіп алып бағдарламамызды жалғастырамыз. Ал бағдарлама біткеннен кейін кәәәдімгідей барып тамақтанып, күні бойыға күш-қуат жинап аламыз.
Таңғы бағдарламаны жүргіземін деп ойлап көрмеппін...
Бұрын мен «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Ұлттық шоу», «Түңгі студия» сияқты бағдарламаларда қонақтар жөніндегі редактор, пиар мамандықтары бойынша 1 жылдай қызмет еттім. Сонымен қатар 6 жылдай «Жайдарманда» ойнадым. Биылдан бастап КВН-ді тоқтатып, телевизия саласына бағытталсам деп ойлап жатырмын. Өйткені КВН-ді де, жұмысымды да бірдей үлгеріп алып жүру қиындау болғалы тұр. Сондықтан қазір бір жүйеге түсіп алғанды жөн көрудемін.
Өмірімде ешқашан таңғы бағдарламаны жүргіземін деп ойлап көрмеппін. Ұсыныс келген кезде «Қалай болады екен?», «Таң атпай жұмысқа барып, әзілдеп... Мен оны алып шыға аламын ба?», «Ұйықтап қалмаймын ба?» деген ой болды. Бірақ өзіме жауапкершілік алып, келісімімді бердім. Бірақ одан бері өмірімде тек жақсылықтар болуда. Таңдауымның дұрыс болғанына шүкір деймін.
«Күнбастарға» келгелі таңда ерте тұруды үйрендім. Бұл бағдарламаға қызметке орналасқанға дейін андааа-санда болмаса таңертең тұрып көрмеппін. Сонымен қатар кешке ерте жатуды үйрендім. Әйтпесе әдетте таңғы 4-5-ке дейін ұйықтамай жүре беретін кездер көп болатын. Жалпы айтқанда режимім қойылды. Таңнан бастап әзілдегеннен кейін өзім де күні бойы сергек, көңіл-күйім жақсы болып жүремін.