Бір айға жуық мерзімнен кейін елімізде кезекті кезектен тыс Парламент Мәжілісіне сайлау өтеді. Айта кету керек, Мәжіліске сайлау өткен жылы сарапшылар арасында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Басты сауал – өту уақытында болатын. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылдың күзінде өтеді деп болжанды. Алайда, қазақстандық саясат болжап болмайтын саясат. Тарихтағы алтыншы парламенттік сайлау наурыздың 20-сында өтеді. Мейрам үстіне мейрам болатын болды. 14 қаңтар күні депутаттар президенттен өздерін «таратуды» сұрағанда ауылдағы ағайын бір таңырқады. Әлеуметтік желідегі жұрт бұл өтінішті онша жақтыра қоймады. Оның объективті себептері де болатын: валюта айырбастау пункттерінде доллар бағамы теңгеге шаққанда 350-ден асты; күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы шарықтады; жұмыссыздық өсті т.с.с. Жағдайымыз оңалмай тұрғанда сайлауды қайтеміз деген заңды сұрақ болды. Бірақ, бізді қайтсін, шешім қабылданып қойған еді. Жалпы, соңғы 20 жылда қазақстандықтар саяси шешімдерге (бірнешеуін қоспағанда) ықпал ету «міндетінен» айырылды. Медицинада бұны кома деп атайды.
Сайлау жақындаған сайын мені қазіргі биліктің соңғы төрт жылда өмірімізді қалай өзгертті деген сауал ойлантуда. Алғашында бұл сұраққа еш жауап таба алмадым. Шынымды айтамын, ары-бері ойландым. Сөйтіп, біздің салыққа, отандық және шетелдік инвестицияларға мектептер, балабақшалар мен ауруханалардың, зауыттардың салынғаны есіме түсті. Бірақ, айналама қарасам, балабақшалар саны әлі де жеткіліксіз, үш ауысымда оқитын мектептер жабылған жоқ. Ал көршім Валя апай жергілікті дәрігерлерге төрт жыл бұрын көңілі қалай толмай жүрсе, қазір де көзқарасы еш өзгерген жоқ. Супербірыңғай денсаулық жүйесі де толық іске аспады. Керісінше, ауруларды ары-бері сенделтіп жіберді. Сондай-ақ, тараған Парламент зейнеткерлік жасты ұзарту бойынша атышулы заң жобаны қолдады.
Мемлекеттік БАҚ жарыса айтқан индустриалық-инновациялық дамудың «таңғажайып нәтижесі» байқалмады. Қазақстан 25 жыл бұрын шетелден өнім қалай сатып алып келсе, бүгін де соны тұтынып келеді. Салдарынан, өткен жылы теңге 100 пайызға құлдырады. Ұлттық, әлеуметтік мәселелерге қатысты көптеген популистік мәлімдемелер айтылды. Олардың бәрі Парламент қабырғасында қалып қойды. Кейбіреулер жақсы ұпай жинады негізі.
Қарап отырсам, соңғы төрт жылдағы өмірімнің екі жылы студенттік кезіме келіпті. Иә, дәл сол кезде өзіміз «сайлаған» депутаттар Алматыдағы қоғамдық көлік бағасын 50 теңгеден 80 теңгеге өсірді. Оқу ақысы жоғарылады, бірақ университеттегі материалдық-техникалық база жаңармады. Студенттер үшін жаңа жатақхана салынбады, бір бөлмеде 7-8-ден тұруға мәжбүр болды. Қазір де солай. Ал келесі жылда жұмысқа орналасу барысында Қазақстанның еңбек нарығында миллиондаған адамның жұмыссыз жүргеніне көзім жетті. Жұмыс барысында тегін мемлекеттік қызметтің көпшілік үшін қолжетімсіздігі таң қалдырды.
Сол төрт жылда мемБАҚ қалай жақсы өмір сүріп жатқанымызды жазды, бірақ біз сол күйінше қалай жақсы өмір сүруді үйрене алмадық. Еліміздің әл-ауқаты өскенін, инвестициялардың тартылғаны туралы көп айтылды, бірақ әлі күнге дейін қазақстандықтар өз қаражаттарын қалай тиімді сақтау мен жинауды үйренбеді. Екінің бірі қылмыс жасауды білсе де, кәсіп иесі болуды білмейді. Қазір де, сайлаудың өтетінін адамдар білсе де, ал өмірді жақсарту үшін, өзгеріс әкелу үшін қалай дауыс беру керек екенін, оны қалай "ұрлатып алмауды" білмейді.