Тәуелсіздік күніне үш күн қалды. Еліміздің басты күні жақындаған сайын қоғамда «Тәуелсіздік мерекесіне дайындық сезілмейді, Жаңа жылдың көлеңкесінде қалуда» деген пікірлер айтылуда. Жалпы, мемлекеттік мерекенің өз деңгейінде тойланбауы жөніндегі әңгімелер, ашық талқылаулардың жыл сайын қайталанады. Дегенмен, биыл жағдай басқаша болуы мүмкін деген үміт те болды. 6 қараша күні Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде партия төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли жергілікті атқарушы органдарға Тәуелсіздік күні өткенше Жаңа жыл мерекесіне дайындық шараларын бастамау туралы ұсыным-хат жіберілетінін мәлімдеді. «Ең қастерлі мерекеміз – Тәуелсіздік күні мерекесі аталып өтетін 16 желтоқсан өткенше Жаңа жылға дайындықты бастамау мәселесі қоғамда талай жылдан бері талқыланып келеді. Соңғы бірнеше жылда Оңтүстік Қазақстан облысы осындай бастама көтеріп, ол басқа өңірлерде де қолдау тапты. Осы орайда біз бұл мәселеге «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы ықпал етуді жөн көріп отырмыз. Кеңеске елімізге танымал зиялы қауым өкілдері мүше екенін білесіздер. Бүгінде «Мирас» қоғамдық кеңесінің атынан кеңес мүшелерінің қолы қойылған хат әзірленуде. Алдағы уақытта оны өңірлердің ішкі саясат басқармаларына жолдауды қарастырып жатырмыз», - деді Берік Уәли. Осы тұста бұл ұсыныстың қоғамдық кеңестен емес, партияның жеке бастамасы ретінде неліктен айтылмайды деген заңды сауал туындайды. Әлде тәуелсіздік тек кеңес мүшелеріне ғана қастерлі ме?
Көпшілік мәлімдеменің тек ұсыным-хат екеніне мән бермеді. Уәли мырзаның айтқанын «биліктің бері қарағаны» деп бағалап, кейбіреулер «Нұр Отан» ұлт мүддесін қорғауды осылай жалғастыра берсе, партияға мүше шығармыз» деген әзіл-шыны аралас ойлар айтты. Ұсыным-хат болған соң, оның заңдық күші жоқ, әкімдіктің орындау-орындамауға өз құқығы бар. Бұл құқықты атқарушы органдардың қалай қолданғанын бүгін көріп те отырмыз. Қараша айының басынан-ақ жасыл шыршалардың бірінен соң бірі қалаларда бой көтеріп, безендіру жұмыстары кеңінен басталғанда әлеуметтік желі пайдаланушылары «Нұр Отан» өкілдеріне бұл «масқараның» себебін сұраған еді. Өкілдер тарапынан жауап болмады. Бір жағынан, «Нұр Отанды» осы үшін кінәлау орынсыз. Бастысы - ұсыныс айтылды, ал оның орындалуына партия жауапты емес. Бірақ айтылған мәлімдеме соңғы жылдардағы саяси ұйымның ұлттық мүдде білдірудегі батыл әрекеті деп бағалауға болады.
Айтпақшы, әзірше ұсынысты қолдаушылар аз. Тек жақында Семей қаласы әкімдігі жаңа жылдық шыршаны 17 желтоқсан күні орнататынын мәлімдесе, Шымкентте мерекелік безендіруге қаражаттың мүлдем бөлінбейтіні белгілі болды. Қала әкімі жаңа жылдық безендіруге бөлінген 80 миллион теңгенің 5500-ге жуық жетім жəне əлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына бір реттік көмек көрсетуге бағытталатын айтты. Атап өтейік, өткен жылы облыс әкімі қызметінде болған Асқар Мырзахметов (қазір «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары) Тәуелсіздік күніне дейін жаңа жылдық безендіруді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Ал қазынадағы ақша тапшылығына байланысты Павлодар билігі жаңа жылдық безендіру шығынын 20 миллион теңгеге қысқартпақ. Безендіруге барлығы 60 млн теңге бөлінген екен.
Байқайсыздар ма, әкімдіктер тарапынан «Тәуелсіздік күнін тойлауға мынанша миллион, ұлттық нақышта қаланы безендіруге бәленбай миллион бөліп жатырмыз» деген мәлімдемелер айтылмайды. Ал қараша-желтоқсан басталса, жаңа жылдық бюджетті санамалауға көшеді.
Мысалы, 8 қараша күні «Тумба» порталы Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шарушылығының мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, жаңа жылдық безендірілуге 49 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. «Бұл қаражатқа муниципалды және әкімшілік ғимараттар безендірілетін болады: қалалық және облыстық әкімдіктер, қалалық аурухана мен Жантөрин атындағы драма театры. Қала гүлзарларын 25 дана шаммен безендіріп, кіші-үлкен 25 дана шам бағанасы және Каравелла ескерткіші орнатылады. Мейрамға арнап 20 баннер, 1,2 метрлік 35 тал 3D фигуралар алынады. Дәстүр бойынша жаңа жылда 2813 ағаш пен 817 арша гирляндаларға оралады. Қазірден бастап, «Хонда-орталығынан» «Дукат» тұрғынүй кешеніне дейінгі аймақтың ағаштары безендіріліп қойған. Облыстық әкімдіктен «Жерұйық» мейрамханасына дейін, «Ақбота» саябағынан «Изумрудный» тұрғынүй кешеніне дейін, «Ренессанс» қонақүйінен «Айдын» кафесіне дейін және өзге де аймақтар сәнделген», - делінген ақпаратта.
13 қараша күні Өскемен қаласының бас алаңында жасыл шырша орнатылғаны белгілі болды.
Ал 1 желтоқсан күні дәстүр бойынша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада бас шыршаны жағып, Жаңа жыл мерекесін тойлауды ресми түрде бастап кетті.
Фото Tengrinews.kz
«Мен барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Біздің отанымыздың астанасында Қазақстанның бас шыршасының жағылуымен құттықтаймын. Бір айдан соң Жаңа жыл келеді. Осы бір ай бойы біз армандарымызды күтумен боламыз, орындалса деген тілек тілейміз. Жаңа 2016 жылға тілеп отырған тілектеріңіз орындалсын», - деді Н.Назарбаев.
Фото Tengrinews.kz
Онымен қоса, астаналықтардың көңілін көтеру үшін 70-ке жуық қытайлық (Харбин қаласы) және осыншама қазақстандық мамандар төрт мұз қалашығын салып берді. Алайда, ауа райының күрт жылуына байланысты елордада мұз қалашығы бірнеше күнге жабылды. Дәл осы күні Алматыда Республика сарайы мен Астана алаңында шыршалар орнатылды. Бірақ, кейін Астана алаңындағы шыршадағы гирляндалар техникалық себептерге байланысты жанбай қалған болатын. Әлеуметтік желі пайдаланушылары екі қаладағы жайттарды «Табиғаттың Жаңа жылды Тәуелсіздік күнінен бұрын тойлап бастауына деген «қарсылығы» деп бағалады.
Алайда, саяси ерік-жігер көрсетілмей, жағдайдың түзелуі екіталай. Мәселе, тек Жаңа жылда да емес. Қазақстандықтардың бұл мейрамды асыға күтетіні белгілі. Бірақ, еліміздегі ең басты мереке – Тәуелсіздік күнінің тиісті деңгейде тойлануына көңіл бөлу мемлекеттік маңызы бар іс емес пе? Дәл осы дата барша қазақстандықтардың бірігіп, ынтымағы мен жасампаздығын көрсететін күн емес пе? Қазақстандық патриотизмнің көрінісі болуы тиіс емес пе? Ал бүгінгі немқұрайлық ертең берекесіздікке әкелуі мүмкін.
Қазіргі таңда облыс орталықтарында Тәуелсіздік күніне орай баннерлер пайда болып, тулар ілінуде. Ал білім беру ұйымдарында салтанатты жиындар мен театрландырылған көріністер өтіп жатыр.
Айтқандай, Алматыдағы Республика алаңы Тәуелсіздік мейрамына орай осылай безендірілген.