Ол келе жатқанда бүкіл ауыл үрейленіп, «Қайдар, Қайдар?» деп айғайлап, жан-жаққа бытырай қашады екен... Советтік билікке қарсылық танытқандарды жазалау үшін Кремльдің тапсырмасымен хакас жеріне арнайы жасақ бөлімі келеді. Жергілікті халықтың тынышын алған, міне, осылар. Командир Аркадий Голиков жолындағының бәрін жапырып, қан-жоса етті. Іздегендері – Соловьев отряды. Соловьевтің ұлты – казак. Бірақ, отрядындағы адамның 90 пайызы – хакастар еді. Өйткені, оның ұстанымы жергілікті халықтың ішкі қарсылығымен астасып жатты. Хакастар ұлттық тұлға таңдайтындай жағдайда емес еді, Соловьевтің соңынан еріп, тайгаға сіңіп кетті. Оны ұстап, тұтқындауға келген жазалаушы Голиковтің жасы небәрі он сегізде еді. Ал оның қатігездігі тудырған қорқыныш әлі күнге дейін кез келген хакастың көзінен сезіледі. Мен көрген хакас қызы Ирина да оның есімін айтқан кезде дірілдеп кетті.
“Бүлікшілерді” бастап жүрген Соловьевті қалың тайгадан Голиков қайдан таба қойсын. Өшін жеркілікті халықтан алды. “Қайда жасырынғанын білесіңдер! Маған жандарыңның барында айтыңдар!” деді ол. Бұл сұрақтың жауабын олар білді ме, әлде білмеді ме, ешкім үндеген жоқ. Ашуға мінген командир Голиков жас балаларды да, қарияларды да аямады. Сап түзетіп, жүздеген адамды бір сәтте өз қолымен атып салды. Командир қанаудың түр-түрін көрсетті. Біреулерді ыстық моншаға қамады, енді бірін көлге лақтырып, тұншықтырып өлтірді. Осыншама қатігездік, осыншама жексұрындық он сегізге енді толған Голиковтің бойына қайдан біткен?! Ол бұған дейін де арнайы жазалау жасақтарында бірнеше жыл қызмет еткен, көтерілістерді басып-жаншуға қатысқан кәдімгі қаныпезер еді...
Ол хакас жерінде екі ай ғана аялдады. Соловьевті ұстай алмады. Оның сұм елесі әлі күнге дейін ел ішін кезіп жүргендей... Оның өз қолынан қаза тапқандар мен бұйрығы бойынша атылғандардың саны бүгінге дейін жария етілген жоқ. Ирина көзіне жас тұнып: “халқымды қырып кетті ол” дейді. Бұл шындық әлі ашыла қоймас. Есесіне, уақыт Аркадий Голиковтің кім екенін ашып берді. Ол артынша психикалық диспансерге тоғытылған, шыққан соң өз-өзіне қайта-қайта қол салған, маскүнем Аркадий Голиков еді. Әрі ол осы қанды оқиғалардан кейін қолына қалам алуға именбеген совет жазушысы еді. Ол – cовет балалар әдебиетінің мақтанышы, одақ көлеміне, қала берді дүниеге танылған балалар жазушысы Аркадий Гайдар болатын... Ол “Қайда? Қайда?” деп жауыз Голиковті көргенде есі кете қашқан хакастың жанайқайын өзіне әдеби есім етіп алды...
Аркадий Гайдар туралы шындықты Иринадан естіп, артынша оның өмірбаяны туралы зерттеулерге көз салдым. Оның тағдырына деген көзқарас орыс қоғамында қақ жарылады. Әрине, «Тимур және оның командасы» шығармасымен өскен ондаған буын оны жамандыққа қимайды. Тарихи құжаттармен расталған шындықтың өзін жоққа шығарады.
Аркадий Гайдар жетдеттерімен хакас жеріне ат басын тіреген кез – бұл халықтың Ресей құрамына қосылғанына екі жүз жылдан асса да, қарсылықтары басылмай, ара-тұра бас көтеретін кезеңі еді. Бас көтерсе де, діндерінен айырылып, орыс шіркеуінде түгелдей шоқынған кезеңі еді. Көшпелі өмірінен қол үзіп, отырықшы халыққа айналған кезеңі еді. Ата кәсібі – мал (жылқы, сиыр, қой) шаруашылығынан біржолата айрылып, егін егуге кіріскен кезеңі еді. Жігіттері ұшы-қиыры жоқ тайгадан аң емес, жабылып жаңғақ іздеген кезеңі еді. Түркілік түйсігіне жат шошқа баққан кезеңі еді...
Голиковқа дейін де, одан кейін де хакастардың бас көтерген еркек кіндіктері жойылып отырды. Олар осылайша жиырмасыншы ғасырдың басында ұлтқа тән асыл дәстүрлері мен дінінен айырылды.
Советтік жүйе құрамындағы халықтың бәрін бір формулаға салды. Ең алдымен, ата кәсібінен айырды. Мұндай ауыр сынақтан аз ғана халқы бар кейбір жұрттар жойылып кетті. Енді бірінің болмысы мүлдем өзгерді. Ондаған ғасыр бойы орманнан аң аулап, тайганың күллі құпиясын білген хакастардың да болмысы өзгеріп, сол қасиетті тайгаға сыртынан ғана көз тастайтын жаңа хакас түзілді...
Әңгімеміз – cол хакастар турасында. Бүгінде олар ең соңғы асыл қазынасы, өткенімен жалғайтын жалғыз көпірі - ана тілін жоғалтудың аз алдында тұр. Совет одағы ыдыраған соң, Хакасия Федералды билікке бағынатын Республика мәртебесін алды. Бірақ, бүгінде республика халқының 80 пайызы – орыстар. Тек 11 пайызы – жергілікті халық өкілі. Республикадағы халықтың жалпы саны 540 мыңға жуықтаса, соның ішіндегі 60 мыңнан астам адам ғана – хакас. Ресейдің басқа да бөліктерінде 20 мыңдай хакас бар.
Мұндай жағдайда жергілікті халықтың тілі мүшкіл болатыны айдан анық. Бүгінде Хакасияда хакас тілінде білім беретін бір де бір ұлттық мектеп жоқ. 2012 жылғы мәлімет бойынша, елдегі 102 мектептің 83-інде хакас тілі пән ретінде оқытылса, 18 мектеп факультативті сабақ ретінде өтеді. Ал балабақшаларда ана тілі ата-аналардан сұраныс, өтініш түссе ғана үйретіледі. Ал Иринаның айтуынша, “хакас балаларының өзі туған тілін үйренуге ниетті емес. Оның қажетсіздігін сезіп, орысшаға ойысуда”. Мектептерде де сол жағдай. Өйткені, күнделікті қоғам өмірінде хакас тілінің еш қажеттілігі жоқ. Мемлекеттік қызметте хакас азаматтары аз. Белді компаниялар жергілікті халық өкілдерін жұмысқа ала бермейді.
Хакасияның “Тілдер туралы заңы” да қарама-қайшылыққа толы. Мәселен, заң бойынша, Хакасияның мемлекеттік тілі – екеу, орыс тілі және хакас тілі. Десе де, заңда “ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілі” екені анық көрсетілген. Әрі қарай заңнамада хакас тілі “жергілікті халықтың мүддесіне орай қажет жағдайларда қолданылатыны” жазылған. Бірақ, сол “қажет жағдайдың” бәрін федералдық деңгейдегі заңдар “қажетсіз” етіп тастайды. Өйткені, Ресей Федерациясының Конституциясы және “РФ Мемлекеттік тіл туралы” заңы бойынша Ресей Федерациясының аумағында бір ғана мемлекеттік тілі бар. Ол – орыс тілі. Осылайша, жергілікті тілдің дамуы заң жүзінде шектеледі. Хакас тілі ұлттық рухынан, салт-cанасынан тілінен қол үзгісі келмейтін отбасылардың жанкештілігі арқасында ғана сақталып тұр. Хакас тілінде сөйлеушілердің арасында да ғасырға жуық шешімі табылмай келе жатқан тағы бір тілдік мәселе бар. Ол – диалект мәселесі. Советтік филология ғылымы үшін бұл – ең актуалды мәселе болған. Совет Одағы ыдыраса да, оның құрамында болған барлық халықтар диалект мәселесінде әлі күнге дейін қызылкеңірдек болып таласады. Ғалымдар диалект мәселесі “тілді жоюдың таптырмас құралы” болғанын әлі де бағамдамайтын сынды. Бұған посткеңестік кеңістіктегі жойылған немесе жойылудың алдында тұрған қайсыбір тілдердің тағдырына тереңірек үңіліп, тіл проблемасының мозаикасын құрастыруға ұмтылған адам ретінде көз жеткіздім. Мәселен, хакас тілінің мәселесінде де осы оқиға қайталанады. Хакас тілінің төрт диалектісі бар: хаашы, сағай, қызыл, шор. Осы диалектілердің қайсысы әдеби тіл негізі болмақ? Тіл жойылып бара жатқан тұста бұл мәселенің осыншама өзекті болуы орынды ма? Бұл әңгіме сырттан қараған адамға күлкілі болып көрінуі мүмкін. Ал хакастар үшін өте маңызды. Олар өзара бітімге келгенше, туған тілдері жойылып кетуі де мүмкін. Төрт диалект өзі аз хакастардың төрт этникалық топқа бөлінуіне негіз болып отыр. Мен хакас құрбыма өз көзқарасымды білдірдім. Ол диалект мәселесіне бұл тұрғыдан ешқашан қарамағанын және бұл көзқарастың астарында шындық жатуы мүмкін екендігін мойындады.
Әдетте жойылуға бет алған тілдердің, халықтардың арасында оны сақтап қалуға ұмтылатын, бар күшін салатын белсенділер немесе қоғамдық негіздегі институттар туады. Хакасиядағы сондай құбылыстың бірі – Ақсақалдар кеңесі. 1994 жылы ата дәстүрінде бар Ақсақалдар кеңесін халықтың өзі ерікті түрде жаңғыртып, қоғам өміріне белсенді түрде араластырып жіберді. Кеңестің басты мақсаты – тіл сақтау, хакас мүддесі үшін күресу. Ақсақалдар кеңесіне 300 хакас руының тұлғалары енген. Олар, алдымен, әр рудың генеологиялық шежіресін жазып, жеті атаны білу мәселесін алға тартты. “Тарихымызды түгендейміз” деді. Мектеп оқулықтары, ұлттық баспа ісі, хакас тілінде басылымдардың жарық көруі, хакас тілінің мектептерде оқытылуы, жергілікті халықтың мемлекеттік қызметке орналасуы, жұмысқа кіруі, оқу орындарына жергілікті ұлт үшін білім гранттарының бөлінуі, хакас жеріндегі экологиялық апат аймақтарының жанайқайы – бұл мәселелер Ақсақалдардың жіті бақылауына алынды. “Біз жүз жыл бұрынғы күйімізге қайта түстік” деп шырылдады олар үлкен жиындарында. Ақсақалдар кеңесі хакас халқының көкейкесті мәселелерінің бәрін көтеруде деуге болады. Сөзі белгілі бір деңгейде билікке жетуде. Бір мәселесі шешілсе, енді бір мәселесі шешімін таппай отыр. Ақсақалдар кеңесінің сын сағатта туындап, ұлт мүддесі үшін жұмылуының өзі айтуға тұрарлық құбылыс. Ең бастысы, Ақсақалдар кеңесі қоғамдық пікір тудырады. Оның басты миссиясы да сол болса керек.
Тіл мен сенім – егіз. Хакастар христиандықты қабылдағанымен, Тәңірге табынудан бас тартпады. Рухтарға өз тілдерінде үн қатады. Бәлкім, хакас тілі осы себептен ғана тірі тұр…
Иринаның мына бір сөзі көкейімде қалып қойды: «Біз бұрын электрсіз де, газсыз да өмір сүргенбіз, біз қазір де солай өмір сүре аламыз». Жойылудың аз алдында тұрған тілін сақтап, халқын аман алып қалу үшін байырғы өмір сүру салтына қайта көшіп, тайгаға сіңіп кетуден де тайсалмайтын аяулы бауырымның мына сөзінен кейін көзіме тығылған ыстық жасты тоқтата алмадым… Ирина маған есімін өзгерткісі келетінін айтты. Түбірі «Ай» мен «Күн» сөздерінен тұратын бірнеше есімді атады. Күнсұлулар мен Айсұлулар тірілгенде, тіл де тірілердей көрінді маған бір сәт... Тәңір, оларға өзің жар бола гөр!
P.S. Аркадий Гайдардың күнделігінде «Мне снились люди, убитые мной в детстве» деген сөздер бар...
(«Жоғалған тілдер туралы жыр» кітабынан)