Естеріңізде болса, Анкараның көшелерінде еркін жүрген ИШИМ содыры өзінің «Бір күн» газетіне берген сұхбатына мына бір сөзді айтқан еді: «Ол жерде адамның тауық құрлы құны жоқ». Бұл — кешегі Шам, бүгінгі Сирия. Дәл осы сөзді Түркия үшін қолдансам ба деймін. Расымен, бүгін Түркияда да адам құны арзандап бара жатыр. «Адамдар не үшін өлтіргенін, не үшін өлгенін білмейтін боладының» заманы келді. Бір күнде 97 адамды өлімге қию — зұлымдықтың шегі. Сол зұлымдықты Түркияда кім жасап отыр? Осыған жауап іздемекпін.
2014 жылдан бері Түркияда полиция қызметкерлері, терроризмге қарсы күресте ең білікті мамандар өз қызметінен шеттетіліп келеді. 40 мыңға жуық адам жұмыстан аластатылған. Керісінше, өз жұмысын нақты білмейтін полиция қызметкерлері, терроризммен де қалай күресу керектігін білмейтін мамандар көбейген. Түркия 1,5 жылдың ішінде осындай халге жетті. Ал терроризмнің екі түрі болатынын білеміз. Екіншісі — мемлекеттің өз ішіндегі түйткілді мәселелерін оңай шешу үшін қасақана жасалатын түрі.
Соңғы уақытта Түркиядағы болып жатқан лаңкестік оқиғалардың бір легі 7 маусымнан кейін басталды. Өздеріңізге мәлім болғандай, 7 маусымда Парламент сайлауы өткен-ді. Сайлауда Мәжіліске 4 партия өтіп, 13 жылдай уақыт ел билігінің тізгінін ұстап келе жатқан АКП (Әділет және даму партиясы) Парламенттегі өзіне тиесілі орнын жоғалтты. Бұрынғыдай заң шығару, елді толықтай билеу, тіпті, Ата заңды өзгерту құқығынан айырылды. Ата заң деп отырғанымыз, соңғы кездері Түркияда президенттік басқару жүйесі көп айтыла бастады. Ата заңды өзгерткілері-ақ келді. Сайлауға дейін халық алдына шығып, сөз сөйлеген ел президенті Ердоған: «400 депутат беріңдер, мәселені бейбіт түрде шешейік», — деп, халыққа ұсыныс тастаған болатын.
Біріншіден, Түркияның Ата заңы бойынша президент Парламент сайлауына араласпауы тиіс. Бейтарап болуы керек. Заң солай дейді. Бірақ... Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Түркиядағы сайлауда АКП-ның сайлау алды видеоролигі шыққан болатын. Ол видеороликте АКП туды қолданады. Идеясы – бір тудың астына жиналу. Заң бойынша сайлау алды насихат жұмыстарына ту қолдануға тыйым салынған.
Енді Түркиядағы терроризмнің негізі — «400 депутатқа» келейік. Ел президенті Ердоған халықтың алдына шығып: «Егер сендер АКП-дан 400 депутатты сайласаңдар, елде тұрақтылық, бейбітшілік болады», — деп тұр. Былайша айтқанда, доқ көрсетіп тұр. Алайда сайлаудың нәтижесінде 400 депутат емес, 258-ге дейін түсіп, АКП-ның дауысы 40,9 пайызға дейін төмендеді. Бұл сайлаудан кейін АКП депутаты Бурхан Кузу: «Халық бейбітшілікті емес, хаосты таңдады», — деген болатын. Неге бұлай деді?
Арада 4,5 ай өтті. Түркияда түрлі террорлық актілердің құрбаны 372 адамға жетті. 146 әскер мен полиция, 226 қарапайым тұрғын. Кешіріңіз, 400 депутат емес, 400 жазықсыз жанның өліміне тура 28 адам жетпей тұр. Трагедия емей немене? «Бүгінге дейінгі Түркияда болып жатқан террорлық оқиғалардың барлығы осыны меңзейді», — дейді сарапшылар, медиа өкілдері, журналистер. Неліктен 400 депутат сұрап, бейбіт түрде шешеміз деді? Бұл лаңкестік оқиғалар расымен де кек қайтару болуы мүмкін бе? 97 адамның өліміне себеп болған Анкарадағы террорлық акт ҰҚК-нен 3 шақырым жерде, полиция бөлімінен 1 шақырым жерде болған. Осындай аралықтағы террорлық жағдай Түркия секілді ірі елдің ҰҚК, полиция қызметкерлері білмей қалуы, сіздіңше, мүмкін бе? Қалай ойлайсыз? Әрине, көкейге күмән ұялатады.
Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоғлы былай деді: «Біздің қолымызда жанкештілердің (өзін-өзі жаратындардың) тізімі бар. Алайда олар ешқандай әрекет етпейінше, біз тұтқындай алмаймыз». Түркия секілді елдің премьер-министрі айтатын сөз бе?
Аудармасы: Бұл АК партияның "Жаңа Түркиясы"
Танымал тележурналист Фатих Портакал: Қыркүйек айында 37 журналисті қамауға алған бір елде 21 террорист емін-еркін жүреді. Екеуі өзін-өзі жарды.19 террорист әлі арамызда.
Ал сол 97 адамның өлімін қиған жанкешті ИШИМ содыры екен. Өзін-өзі жарып жіберген адамды қалай құрықтамақшы? Ойлантады, әрине. Ол Ахмет Давутоғлы айтқан тізімде бар болып шықты. Демек, билік терроризмге қарсы «әлсіздік» танытып отыр ма? Бұл оқиғадан кейін Ататүрк құрған Республикалық халық партиясы (CHP) басшысы Кемал Қылыштароғлы мынадай бір сөз айтады: «ҰҚК-ның барлығы емес, арасында бір топ бар. Олар өз жұмыстарын шынайы жасамай отыр. Олар тек АК партияға қызмет етеді».
2015 жылдың 20 шілдесінде Түркияның Шанлыурфа аймағында 32 адамның өмірін қиған, 104 адамның жаралануына себеп болған лаңкестікті ИШИМ содыры жасаған болатын. Түнеугүні Анкарада болған лаңкестік оқиғаны жасаған ИШИМ содыры Шалыурфадағы оқиғаны жасаған жанкештінің інісі болып шықты. Ғажап! Ағайындылар небәрі 2 ай ішінде Түркияны қанға бояды. Жанкештілік жасау – ИШИМ стилі. Соңғы жағдайға байланысты Ішкі істер министрі, әділет министрінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында журналист Ішкі істер министрінен аталмыш оқиғаға байланысты өз еркімен қызметінен кетіп-кетпеуін сұрағанда, Әділет министрі жымиды (күлімсіреді). Шыдай алмады енді. Әділет министрі Кенан Ипектің бұл әрекеті халықтың наразылығын тудырды. Былайша айтқанда, күмән үстіне күмән тудырды. Халық қырылып жатқанда, білдей бір елдің министрі «қайғыдан қан құсудың» орнына жымияды (күлімсірейді). (Кенан Ипек кезінде Ердоған патриоттық өлең оқып түрмеге түскен кезде, сол түрменің бастығы болған адам). Осы бір емес, екі бірдей террорлық актіні ИШИМ ұйымдастырды дегенге күмәнмен қарайтындардың арасында профессор, доктор Седат Лачинер бар. Ол бұл оқиғаларды ИШИМ-ның «өздігінен жасауы» екіталай, олардың бұған «ақылы» жетпейді дейді. ИШИМ-нің Тунисте жасаған лаңкестік актіні өз мойнына алғанын мәлімдеген еді. Ал Түркиядағы жағдайларға байланысты олар үндемейтінін, ұйымдастырып-ұйымдастырмағаны туралы тіс жармайтынына күмән келтіреді. Лачинер ИШИМ-ді біреулердің қолданып отырғанын айтқысы келіп отыр. Расымен де солай. Ал Түркия билігінің ИШИМ-мен байланысы бар екені бұрыннан бері айтылып келе жатыр. ҰҚК-ның бірнеше жүк көлігімен арнайы ИШИМ үшін қару-жарақ жіберілгені де жазылып, әлем назарын аударған. Онымен қоса, Ердоған режимі Түркиядан ИШИМ-ге қару-жарақ жіберген ҰҚК жүк көліктері туралы жазған журналистерді темір торға жібергенін ұмытпаған жөн.
Соңғы болған оқиға 1 қарашада өтетін сайлауалды бір «қойылым» болуы ғажап емес екенін алға тартады. Күні кеше ғана Мәжіліске кірген «Халық демократиялық партиясынның» (HDP) беделін түсіру үшін жасалған қадам дейді. Бұл жарылыстан зардап шеккен 122 адамда ХДП-ның куәлігі бар екені анықталып, алдағы сайлауда депутаттыққа үміткер бір әйелдің көз жұмғаны белгілі болды. Ал «Республикалық халық партиясы» 1 қарашадағы өтетін сайлауға дейін митинг өткізбейміз деп шешті. Біріншіден, Түркия халқының қайғысына ортақтасу, екіншіден, қауіпсіздік мәселесі. Лаңкестік акт қайталануы мүмкін деп сескенеді. Басқа да саяси партиялар митинг өткізуден бас тартуы мүмкін. Ал сіздіңше бұл кімге пайдалы?
Сарапшылардың кейбіреуі мынадай пікір білдіреді. 7 маусымдағы сайлаудан кейін Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған (Суретте) Италияға қоныс аударған. Ел арасында оның президенттің «көлеңкелі бизнесін» дөңгелетіп отырған деседі. Естеріңізде болса, 2013 жылы аты шулы «жемқорлық операциясында» Біләл Ердоған «жемқорлыққа қатысы бар» деген күдікпен тұтқындалған болатын. Дәл қазіргі уақытта Италияда докторантура бөлімінде білімін жетілдіріп жатқанға ұқсайды. 1 млрд. (!) долларға жуық көлемде сырт елге ақша шығарды деген қауесеттің бар екені де айтылады.
2013 жылы 4 министрге пара беріп ұсталған Иран кәсіпкері Реза Зарраб та Дубайға қоныс аударған. Әсіресе, ұлы Біләл жайлы түрлі ақпараттардың медиада орын алуы ел президенті Режеп Тайып Ердоғанды қатты «ренжіткен». Күн тәртібіндегі саяси жағдайларды ауыстыруы да мүмкін екені айтылады.
Түркияның болашағы бұлыңғыр ма? Шам да ешкімнің шамына тиген жоқ. Бұл — «Үлкен Таяу Шығыс» жобасының нәтижесі. 1982 жылы И.Шаханк, 1988 жылы жазушы Р.Шоенман жазған кітаптарында Ирактың үшке, Сирияның төртке бөлінетіні, солтүстігі мен орталығында бір-біріне қару кезеген екі сунни, екі шиялық топтың болатыны жазылған. Қазір Ирак үшке, Сирия төртке бөлінген. Бұл жерде Израиль мемлекетіне толықтай бағынған Күрдстан мемлекеті құрылатыны айтылады. Барлығы осы үшін жасалуда. ИШИМ де сол үшін қызмет етуде. АҚШ-тың ИШИМ-мен соғысқан болып, төбеден оқ жаудыруы, босап қалған жерлерді күрдтердің басып алуы тегін емес екен.
Ал Түркияның шығысындағы күрдтер шоғырланған аймақ та «Үлкен Таяу Шығыс» жобасы бойынша Күрдстан мемлекетінің территориясына кіретін көрінеді. Ердоған мен Өжаланның Осло кездесуінде Шығыс аймағындағы лаңкестермен қарсы күресте ең тәжірибелі полиция қызметкерлерін міндетінен алу талап етіледі. Ердоған ол талапты орындады. Тіпті, Түркияның шығысындағы мемлекеттік мекемелерде «Түркия республикасы» (Т.С.) деген сөз, яғни мемлекеттік атауы алынып тасталған. Сарапшылар болашақта күрдтер шоғырланған (шығыс) аймақта Түркияға қарсылық митингілері өтіп, БҰҰ-ның 1973-ші жарлығына сәйкес бұл жерлер НАТО әскерінің қолына өтеді дейді. Ақыры Түркия шығыс аймағынан айырылған болады. Қазіргі күні түріктерді алаңдататыны да осы мәселе.