Бүгін адуынды ақын, мемлекеттік сыйлық иегері, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің туған күні. 71 жасқа толған ақын үнемі ізденісте екенін айтады. Жалпақтап, жағымпазданып көрмеген азамат ақын қазіргі заманның нағыз зиялы қауымының жетекші өкілі. Темірхан ағаның өмір қағидаттары оқырманға үлгі болады деген ниетте БАҚ-қа берген сұхбаттарынан үзінділер жариялап отырмын.
Саналы ғұмырымның көбісі Маңғыстауда өтті. Ол менің екінші Отаным.
Аздап күреспен айналыстым. Соның өзінде талайдың тұмсығын бұзып жіберетінмін. Жас күнімде тентек болмадым деп айта алмаймын.15 күндікке дейін түскенмін.
Менің Түркістандағы теміржол мектебінде оқып жүргенде Жұмағали Әбуов деген парталас досым болды. Қазір ағылшын тілінің маманы. Ғылым докторы. Мақалалар, өлеңдер жазды. Мен де соған еліктеп қолыма қағаз, қалам алатын болдым.
Мені Әбу Сәрсенбаев жетеледі.
Мен өзімді лирик ақынмын дей алмаймын.
Мен дүниежүзілік әдебиеттен керемет эрудитпін деп айта алмаймын. Кітаптың бәрін төңкеріп тастадым деуден аулақпын.
Жалпы мен ізденістің ақынымын. Мен туралы жазып жүргендер де осылай дейді.
«Мен поэзияда мықтымын, ешкімді өзіме шақ келтірмеймін» деген сөздерді айтқан емеспін. Айтпаймын да.
Жазушылар одағының екінші хатшысы болып жүргенде: «Жұрттың барлығы - нөмірі бірінші ақын-жазушы, мен - нөмірі екіншімін», - деп айтатынмын.
Сондықтан ақын болдың ба, онда сен қоғам бойына дерт боп жабысқан кесірлі, кесапат құбылыстармен шайқасқа түс. Солармен күрес. Менің ұстанымым осы.
Мақтанғаным емес, бірақ өзімнің үзеңгілестерім немесе соңымыздан ерген ізбасарлардың шығармашылығына дәл мен сияқты ден қойған ешкім жоқ.
Мен Абайды оқымаған ақындарды білемін.
Менің жасымды кешегі Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Кеңшілік, Жұматай, Жарасқандар көрген жоқ. Өкінішті.
60-жастан асқанда менің негізгі кітабым енді шықты.
Мемуар жазуға дайындық үстіндемін.
Мен бұрын да айтқам, қазір де қайталап айтам, мен ешуақта да өзімнің отбасымды өлеңмен асыраған емеспін. Отбасымды журналистикамен асырадым.
Отағасы ретінде бақыттымын, ал азамат ретінде бақытты емеспін.
Қиналатын тұстарым болады, әрине. Бірақ ешкімге мұңымды шақпаймын.
Сәби дүниеге келгенде-ақ қорқып шыр ете түседі емес пе?! Мен де қорқамын. Бірақ қорқып өмір сүргім келмейді. Қорқып өмір сүрсең, адам емессің.
Партияға кірсең құл болып қаласың. Ал менің құл болғым келмейді.
Енді мен де темекі тартамын. Әкем тартқан. Арақты да ептеп ішемін. Темекінің зиянды екенін білемін. Оны насихаттайын деген ойым жоқ.
Біреу мені сынаса да, мен оған өкпелемеймін. Тек дұрыс сын болсын.
Айтысу керек, бірақ айқаспау керек. Тартысу керек бірақ шайқаспау керек.
«Түркістан», «Алаш айнасы» газеттері мен mukagali.kz сайтында жарияланған материалдар пайдаланылды.