Бүгін ғарышкер, Халық қаһарманы, Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев 65 жасқа келіп отыр. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын ғарыш саласына арнаған тұлға туралы қоғам пікірі әрқалай. Қазақстан мен әлем тарихына енген адам төңірегіндегі тартыстардың болуы да заңдылық шығар. Қазақтан шыққан екінші ғарышкердің БАҚ-қа берген сұхбаттарын саралай келе Талғат Амангелдіұлы жөнінде көбісі біле бермейтін деректерді назарға ұсынуды жөн көрдім.
- Есімі ұшқыш Талғат Бигелдиновтың құрметіне орай қойылған.
- Алматы қаласындағы №58 мектепті орыс тілінде бітірген.
- Талғат Амангелдіұлы 1994 жылы алдымен Ресей Федерациясының батыры, кейін 1995 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы атанады.
- Байқоңыр қаласының құрметті азаматы.
- Ол 33 жасында ұшқыш атанады.
- Жоғары пилотаждан КСРО чемпионы. Спорт гимнастикасы бойынша спорт шебері.
- 44 жасында ғарышкер атанады.
- Ғарышқа үш рет сапарда болған. Барлығы 342 күн.
- Бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары Гиннес рекордтар кітабына енген.
- Ғарышқа сапарларының бірінде Талғат Мұсабаев ажал аузынан қалады. Айтуынша, ашық ғарышқа шыққан кезде, кемеге бекітетін тетік ажырап кетеді. Кемеден алыстай түсіп, енді оралмастай болған жағдайда, таңғажайып құдірет оны құрдымнан суырып алады. Солайша ғарышкер аман қалады.
- Талғат Амангелдіұлы ұлты латыш Виктория Лациске үйленген. Алайда, оны жақындары Гауһар деп атайтын көрінеді.
- Талғат Мұсабаев фортепиано мен гитарада ойнай алады.
- Ән салғанды ұнатады. Әнші, депутат Нұрлан Өнербаевпен бірге жаздырған жеке альбомы да бар.
- 2001 жылғы сапарында ол алғашқы ғарышкер-турист, американ миллионері Денис Титомен бірге ұшады. Экипаж командирі ретінде Титоға барынша көмектеседі. Ұшу кезінде денсаулығы нашарлап укол салады. Станцияда басын жаралап алған кезде емдеп, тігеді. Осыдан кейін Талғат Мұсабаев «ғарыш турисінің күтушісі», «алғашқы ғарыш хирургы» деген ресми емес атақтарға ие.
- Ашық ғарышта металды балқытқаны үшін «алғашқы ғарыш металлургы» аталады.