Еліміздегі тіл мәселесі күн тәртібінен түспеген тақырып. Мәселенің өзектілігі сонша, қазақтар енді румен қатар тіл білу жағынан– «нағыз қазақ» және «шала қазақ» деп бөлінеді. Нонсенс болғанымен, қазіргі қалыптасқан жағдай осы. Әр түрлі өмірлік жағдайларға байланысты қазақ тілін меңгеріп үлгермегендердің пікірлерін саралай келе, тіл білмеудің 6 себебін ұсынып отырмыз.
1.Орыс балабақшасы мен орыс мектебінің болуы
КСРО құрамында және тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектептердің аздығынан азаматтардың бір бөлігі еріксіз орыс тілінде білім алуға мәжбүр болды. Мысалы, танымал продюсер Баян Есентаева инстаграмдағы ресми парақшасында қазақ тілін жетік меңгермеуіне орыс тілді ортаның себеп болғанын айтты: «Иә, дәл солай, мен орыс тілінде ойлаймын, орыс балабақшасына бардым, орыс мектебін бітірдім, ол кезде қалада тек бір ғана қазақ мектебі бар болатын, бірақ ол ақталғаным емес, ақталғым келмейді де! Мен өзіме сын айтатындардан, менен қай жеріңіз жақсы, өз халқыңыз бен еліңіз үшін не істедіңіздер? деп сұрағым келеді. Тек қана қазақша сөйлегеніңіз үшін өздеріңізді нағыз қазақ ретінде санауға кім құқық берді?». Әрине, қазақ тілін білгені үшін ғана өздерін нағыз қазақ деп атаудың сандырақ пен ақымақтық екені белгілі. Ал екінші жағынан, тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілін емін-еркін оқуға көптеген мүмкіндіктер жасалғанын ұмытпаған жөн сияқты.
2.Мектепте қазақ тілін тиісті деңгейде үйретпейді
Балабақшаларда, орта арнаулы білім беретін мекемелердегі орыс сыныптарына қазақ тілін жетістіріп оқытпайтыны жасырын емес. Ал бұл ұлттық маңызы бар пән! Бірақ аптасына бөлінетін 1-2 сағат пен сапасыз материал жыл сайын мыңдаған қазақ тілін түсінбейтін оқушыларды дайындауда. Мәселен, танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаев оқыған мектебіндегі мұғалім деңгейінің төмендігінен ана тілін үйрене алмауының басты себебі ретінде атайды: «... Мәселе мен оқыған мектептегі қазақ тілін берген оқытушының деңгейінде. Бізге қазақ тілін кезегімен денешынықтыру, химия, математика, одан соң қайтадан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқытатын. Сондықтан, сан есімдерді жаттағанымыздан басқа ештеңе бітірмедік».
3.Мидың қызметі қабылдамайды
Кеңес заманында білім алған аға ұрпақтан «миыма кіріп-шықпайды» (орыс тілінде, әрине) деген сөздерді жиі естиміз. Коммунистік тәлімнің мықтылығы осыдан болар, бәлікім?! Дегенмен, қазақ тілін меңгере алмаудың тағы бір теориясы ретінде кез келген ми қызметінің қабылдай алмауы айтылады. Мәселен, 2002 жылғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов былай деп мәлімдеді: «Егер миымды ауыстырамасаңыздар, мен қазақ тілін меңгере алмаймын!». Осыдан кейін, қазақ баспасөзінде «мемлекеттік тілге миы жетпейтін мемлекеттік қызметкерлер қызметтен кетсін» деген талаппен көптеген материалдар басылды.
4.Әлеуметтік дүмпу орын алады
«Барлық іс-қағаздар мемлекеттік тілге көшірілсе, не барлығы жаппай қазақшаға ауысса мемлекетімізде қоғамдық наразылық пайда болып, әлеуметтік жарылыс болады» деген ұстанымдағы адамдарда бар екен. 2005 жылы Алматы қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов «Алматы қазақша сөйлемейінше, Қазақстан қазақыланбайды», - деп іс-қағазадарды толығымен мемлекеттік тілге көшіру бастамасын айтқан еді. Бұл ұсынысқа халық ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов үзілді-кесілді қарсы шығып, тіпті президентке былай хат жазған болатын: «Егер Алматыны қазақшаға көшірсек, онда әлеуметтік дүмпу орын алады...». Дегенмен, бүгінгі уақыт көрсеткендей, сол кездегі Олжас Омарұлының болжамы негізсіз жанайқай болып шықты.
5.Мемлекеттің өзі мүдделі емес
Белгілі экономист Петр Своик сұхбаттарының бірінде «Егер мемлекеттің өзі қазақ тілінің дамуына мүдделі болмаса, шенеуніктердің өзі көбінше орыс тілінде сөйлесе, онда маған қазақ тілін меңгерудің қажеттілігі қанша?», - деген болатын. Бір жағынан, ресейлік позициясымен танымал сарапшының айтып отырғаны рас. Қазіргі мемлекеттік аппараттың мемлекеттік тіліне деген немқұрайлы қарауы қалыпты жағдай болып орнықты. Алайда, биліктің бұйрығынсыз-ақ, қазақ тілін ұлт пен мемлекет болашағы үшін үйренуіне ешкім тосқауыл болып жатқан жоқ.
6.Қазақ тілін үйренуге жағдай жасалу керек
Көпшіліктің айтатын негізгі себептің бірі. «Тілді үйренуден қашып отырған жоқпыз, тек жағдай жасап беріңдерші» деген пікірдің орынды екенін айта кеткен жөн. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Қазақ тілін үйрену мен танымал ету - өте өзекте мәселе. Бұған қатысты менің пікірім мынадай: зорлықпен ештеңе үйрете алмайсың. Тілді үйрету үшін жағдай жасалу керек».