Кез-келген спортшының арманы, халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетіп, елдің көк байрағын желбірету. Бокс спортында спортшыларды екі деңгейге бөліп қарастыратыны белгілі: біріншісі әуесқойлар боксы болса, екіншісі кәсіпқой бокс. Қазіргі таңда әуесқой бокста еліміздің боксшылары үлкен беделге ие, кез-келген үлкен жарыста біздің спортшылармен санасатындай дәрежедеміз. Бірақ кәсіпқой бокста әзірше ондай жетістіктермен мақтана алмаймыз.
Кәсіпқой бокстың меккесі болып саналатын АҚШ-та еліміздің көк туын жерге түсірмей жүрген боксшымыз, ол – Геннадий Головкин. 2006 жылдан бері сегіз жылдың ішінде рингте отыз жекпе-жек өткізген жерлесіміз барлығында жеңісті ешкімге бермей келеді. Көптеген бокс әлеміндегі сарапшы мамандар Головкиннің бокс тарихынан ойып тұрып орын алатынына сенімді. Әсіресе оның соңғы кездегі айқын жеңістері кейбір көрермендерге ляззат сыйласа, кейбір адамдардың «Головкин атын шығару үшін тым әлсіз қарасылтармен бокстасуда», «Головкин үлкен боксшы атанатындай әлі күштілермен боксқа түсіп көрген жоқ» - деген сияқты сын әңгімелер айтылып жүр.
Расында Головкин үлкен жекпе-жектерге дайын, тіпті әлемнің ең танымал бокс жаттықтырушыларының бірі болып саналатын Фредди Роучтің өзі Головкиннің соңғы Гилмен болған жекпе-жегін көріп, жерлесіміздің дайындығына жоғары баға берді. Бірақ, Генаға атақты әрі мықты қарсылас табуға не кедергі болып тұр? – деген сұрақ туындайды.
Бірінші. Головкин екі чемпиондық белбеудің иесі бола тұра, АҚШ-та әлі үлкен танымалдылыққа ие бола қойған жоқ, яғни жанкүйерлері көп емес. Кәсіпқой бокста ең алдымен жекпе-жектің қаншалықты пайда әкелетініне назар аударылады. Мысал ретінде Геннадий Головкиннің Дэниел Гилмен өткізген соңғы жекпе-жегі кештің басты боксы бола тұра және HBO телеарнасында тегін көрсетілгеннің өзінде 984 000 адам ғана жинаған. Жоспар бойынша осы жекпе-жекті кемінде миллионнан аса адам көру керек болатын.
Екінші. Головкин өте мықты боксшы, сол себепті кез-келген промоутер осындай жекпе-жек ұйымдастырудың арқасында үлкен қаламақы алуды қалайды. Егер Головкинмен болатын жекпе-жек өте күрделі бола тұра, үлкен пайда алып келмесе, онда мұндай жекпе-жек ешкімге тиімсіз.
Үшінші. АҚШ-та кәсіпқой бокс жекпе-жегін ұйымдастыру үшін телеканалдардың PPV (ақылы көру) рейтингісіне көп көңіл бөлінеді. Екі алып телеканал HBO мен Showtime танымал боксшылармен жеке келісімшартқа отырып, оларды өзара бөліп алған. Екі телеканалдың бокшылары арасында бокс жекпе-жегін ұйымдастыру өте қиын, тарихта мұндай жағдай тек бір рет ғана Леннокс Льюис пен Майка Тайсон арасында ғана өткен болатын.
Кәсіпқой бокста үлкен жетістікке жету үшін мықты бокшы болу ғана жеткіліксіз. Сонымен қатар ең алдымен боксшының барлық мүмкіндігін жарнамалай отырып, мықты қарсыластармен келіссөз жүргізе білетін промоутерлік компания қажет. Қазіргі күні Головкинді танымал ететін промоутер жетіспей жүрген сияқты. Не дегенмен Головкин сияқты мықты боксшымен жекпе-жекке түсу үшін кез-келген чемпион үлкен табыс күтетіні анық. Еліміздің мақтанышы осылайша үлкен жеңіске жете берсе, болашақта Головкиннің де ұлы боксшылар қатарына қосылуы анық.