Елімізде бокс спорттың бір түрі ретінде әрқашан алдыңғы қатарда келеді. Кез-келген жазғы олимпиадалық ойындарында біз басқа спорт түрінен болмаса да, осы бокстан міндетті түрде алтын медаль күтетініміз рас. Осы күнге дейін боксшыларымыз халық үмітін ақтап келеді. Өзім кішкентайымнан боксқа қызығамын, әсіресе Сильвестр Сталлоненің «Рокки» фильмдерін көріп алып, орнымда тыныш отыра алмайтынмын. Өкінішке орай, әкем бокс қауіпті спорт, басыңнан зақым аласың деп мені бокс үйірмесіне жібермей қойған. Сөйтіп басқа спорт түрін таңдауыма тура келді. Жас кезімдегі арманымды жүзеге асыру үшін бір жыл бұрын ешқандай қаражатсыз бокс клубын ашуға шешім қабылдадым. Қуанышыма орай, тапқан спортзалымыздың басшысы залдың ақшасын айдың соңында төлесең болады деп келісімін берді.
Қаламыздағы бокс залдарының жұмыстарын зерттей келе біраз кемшіліктерді байқай бастадым:
- Жаттықтырушылар балалардан нәтижені тым тез талап етеді. Себебі ол жаттықтырушылардың жұмысы қалалық бокс федерациясына байланысты болғаннан кейін, олардан мүмкіндігінше тез арада нәтиже күтеді.
- Таланты бар балаларды тез іріктеп алу мақсатында, жаңадан келген баланы біраз уақыттан бері жаттығып жүрген спортшымен қолғап түйістіруге жібереді. Яғни әлсіз балалар кетіп, шыдағандары ғана қалады деген сөз.
- Жаттықтырушылар тек сүйікті бокшыларын ғана үнемі жарыстарға апарып отырады. Кез-келген бала жарысқа қатысып отырмаса, міндетті түрде уақыт өте боксқа деген қызығушылығы түсе бастайды.
- Жаттықтырушылар клиенттерді қалай дұрыс тарта білуді және клиенттермен қалай дұрыс жұмыс жасауды білмейді. Әрине олар жарнаманы білу міндетті емес, бірақ қазіргі күні жарнамасыз ешқандай бизнес дамымайтыны анық.
Осындай мәселелерді ескере отырып, бокс клубтың жұмысына біраз өзгерістер енгіздім:
- Әлсіз жаттықтырушылардың орнына балалармен жұмыс істей алатын, боксты жанындай сүйетін жаттықтырушыларды жұмысқа ала бастадым.
- Боксқа қызығушылығы бар, бірақ бокс үйірмесіне жазылуға әртүрлі себептермен қорқып жүрген балаларға арнайы «Жаңадан бастаушыларға арналған бокс» деп жарнама бере бастадым.
- Балалардың қызығушылығын жоғалтып алмау мақсатында, клуб ішінде екі-үш ай қатысып жүрген жас балалар арасында кішігірім жарыстар ұйымдастырып, мадақтау қағазы мен медальдар бердік.
- Кеңінен жарнама компаниясын жүргізе бастадық: ғаламторда, әлеуметтік желілерде, мектептерде, көшеде және тіпті компьютер клубтарында ойын ойнап отырған балаларға қолдарына жарнама қағазшаларын тараттық.
Нәтижесінде көптеген жас балалар бокс залымызға келе бастады. Бірақ бізге балалардан бұрын ең алдымен олардың ата-аналарын көндіру керек екенін түсіндік. Кез-келген ата-ана баласының таза, жақсы жаттырушысы бар залда жаттыққанын қалайды. Ата-аналара арасында сауалнама жүргізіп және әңгімелесу арқылы олардың бокс арқылы қандай мәселелерді шешкісі келетіндеріне көз жеткіздік:
- Қазіргі балаларды компьютерден тұрғызу мүмкін емес. Таңертеңнен кешке дейін компьютердің алдынан шықпайды.
- Мектептегі дене шынықтыру сабақтарының саны жеткіліксіз. Яғни, ол дегенің жас балаланың дұрыс физикалық өсуіне қажетті деңгейде әсер ете алмайды. Сол себепті балалар өте әлсіз болып барады.
- Ата-ана таңертеңнен кешке дейін бала бағамын деп жүріп, балаларының ата-анасын қалай тыңдамай кеткенін байқамай қалады. Сонымен қатар қалада әкесіз өсіп жатқан ұл балалар жеткілікті. Не дегенмен анасы әкенің орнын баса алмайтыны анық. Осындай сәттерде жаттықтырушының рөлі өте маңызды. Баласының басқа балалардан таяқ жеп, жылап тұрғанын көру кез-келген ата-ананың жүрегін ауыртады.
- Мектеп жасындағы балаларда артық салмақтың пайда бола бастағанын жиі байқалуда.
Осындай мәселелерді ескере отырып, бокс үйірмесінің бағдарламасына біраз өзгерістер енгізілді. Кейіннен балаларындағы өзгерістерді байқаған ата-аналар өз алғыстарын білдіріп, таңдаған жолымыздың дұрыс екенін байқатты.
Ұстанған жолымыздың дұрыстығын түсініп, біз қаламыздың басқа аудандарынан жаңа бокс залдарына ашып, боксқа қызығушылық танытып жүрген жастарды жаттықтыра бастадық. Бірақ, өкінішке орай бір жылдың ішінде қаражаттың жетіспеуінен ашылған 6 залымыздың 3 жабуымызға тура келді, себебі залдың орналасуы балалардың келуіне қатты әсере ететінін түсіндік.
Бокс залдарын жабу біз үшін өте қиын болды. Қанша дегенмен күнделікті бірге сенімен бірге күліп-ойнап, боксты енді үйреніп келе жатқан балаларды тастап кету өте қиын екен. Араларында расында өте талантты балалар бар, қазақтың боксқа өте бейім екенін осындай кезде түсінеді екенсің. Болашақта мүмкіндік болып, одан әрі дамып жатсақ, міндетті түрде сол аудандардан жаңа бокс залдарын ашуға тырысамыз.