↑
Автор: Мэлс СЕЙДАХМЕТОВ
Мэлс СЕЙДАХМЕТОВ
с нами с 28 февраля 2016
Күреңбел қасіреті
Көптен қолыма түспей жүрген «Күреңбел қасіреті» атты кітапты автордың өзінен алып, туындының жазылу тарихынан қанығудың орайы туды. Шығарманың авторы жетпістің желкенін нық ұстаған, ұзақ жылдар ішкі істер басқармасында қызмет етіп, подполковник шенімен құрметті зейнет жасына шыққан Құрманбай Еспенбет ақсақал. Өзінің туып-өскен өңірінің тарихына әбден қанық Құрманбай атамыз, жастайынан ата-әже, ауылдың көнекөз қарияларынан, кеңестік ұжымдастырудың зарын тартқан қасіретті жылдар жайлы оқиғаларды бар ықыласымен тыңдап, қағазға түртіп жүріпті. Сол естелік деректердің негізінде, шынайы оқиғалардың желісімен көркем де әдемі әдеби шығарма дүниеге келген. Кітапта суреттелетін ауыр нәубетті кезең, тұтас қазақ елі душар болған қиын кезеңдердің бірін боямасыз баяндайды.
Айта кетпеске болмайтын бір жайт, былтыр 28 елдің 780 авторы қатысқан Лондондағы «Еуразия және Орта Азия елдерінің IV ашық кітап фестифалінде» аталған туынды «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленген. Фестифальдің қазылар алқасы, кітаптың орысша және ағылшынша үлгісі болмағандықтан, үшінші жақтың оқып түсіндіруі бойынша бағалаған көрінеді. Техникалық себептер болмағанда кім біледі, бәлкім қазақ елінің атынан бәйгеге түскен туынды топ жарып қалар ма еді...
Кітапты оқи отырып, бүгінде сылдыратып «пәлен жылы ұжымдастырудың кесірінен халық ашаршылыққа ұшарады» деген жеңіл сөздердің арғы жағы қаншалықты зілді екендігін түсініп, жүрегіңіз қанжылып, көз алдыңызға кино лентасынан өткізгендей нақты визуалды бейнелер елестейді. Бес бөлімнен тұратын туындының құндылығы – бұ дүниенің қызығын көруге жазбай, сүйегі көмілмей, жоқтаусыз кеткен, жан азабын тартқан бірнеше жүз мыңдаған ата-бабаларымыздың тарқалмаған шерінен сыр шертіп, тұнып тұрған тарихтың суреттелуі. Зұлматты шаққа дейінгі мамыражай өмір мен халықтың көз жасы тиылмаған, қан-қақсатқан кезеңнің екі ортасында автор, қазақи болмысты да жеткізуді ұмытпаған. Адал достықты, мөлдір махаббатты, қазақы дәстүрді, ұлтжандылықты, асыра сілтеушілік пен адамның іштарлығын қаламгер қалтқысыз қағаз бетіне түсірген.
Кітаптағы оқиғалар Іле мен Жоңғар Алатауының аралығында орналасқан табиғаты тамаша – Күреңбел өлкесінде өрбиді. Бүгінде ол өлке Алматы облысы Кербұлақ ауданының аумағына кіреді.
Әңгіме басты кейіпкерлер, Асан мен Зебиненің таныстығынан басталады. Асан, әкесі Көбеспай бастаған топпен Алматының базарына мал өткізіп, киім-кешек, мата, өрік-мейіз, қант тағы басқа қажетті заттарды алып қайтқан беттері болатын. Бесүйдің жоғарғы жағындағы бастаудан су ішуге келген Асан, бастау басында шелегіне су толтырып отырған әйелді көреді. Сырттай әйел деп топшылағанының, қыз екенінін байқағанда ажарынан көз алмай, аузы ашылып қалады. Бастаудан сұлу қызды кездестіретіндігі үш ұйықтаса түсіне кірмеген, әншейінде сөзуардың бірі Асан, қызға шатып-бұтып сөйлеп, есі шығып, қара терге түседі. Ақ бәтестей өңі, доғадай иілген қара қастары, күлімсірегендегі бетінде пайда болатын кішкентай шұңқырдың өзі Асанның көзіне оттай басылып, түсініксіз, бірақ тәтті сезімді өткереді. Зебине қазақы ибалығын сақтап, ұяңдық танытқанымен, өзінің Асан дегенде көңілі алып ұшатынды шығарды. Екі жастың арасындағы сезім үлкен махаббатқа ұласып, кедергілер мен қиындықтарға қарамастан Асан мен Зебине қосылады.
Бақытты өмір енді басталды ма дегенде, қиындықтар бірінен кейін бірі қаумалап, қой үстіне жылан жұмыртқалаған мамыражай өмірдің шырқы бұзылады. Байларды кәмпескелеу науқаны, шолақ белсенділердің озбырлығына ұласып, тыныш заман түрпі тигендей ойрандалып, халықтың көз жасы көл болады.
Ашығып-ашынған жұрттың біраз бөлігі, «не көрсек те көппен бірге көрейік» деп атамекенін тастап кетуге қимай жатса, біразы шекара асып Қытайға қарай босып жатты. Қытайға өткісі келгендер, соны ұйымдастырып, осы өңірдегі халықтың біраз бөлігін шекара асуға көмектесіп жүрген Кіндікбайға жүгінетін. Автордың айтуынша, Кіндікбай белгілі бір себептерге байланысты есімі өзгертілген, Қаңлы руының Құндақбай атты батыры. Құндақбай қара торы, тығыршықтай, орта бойлыдан биіктеу, қарулы, құралайды көзге атқан мерген, өте айлакер, қырағы, сақ, бір сөзбен айтқанда батыр тұлғалы азамат. Қантөгіспен келген Кеңес үкіметінің әбиүр әкелмейтіндігін білген Құндақбай, Қытайға өтіп кетеді. Сол жақта жүріп, Күреңбелге апиын сатуға келіп-кетіп жүрген дүнгендерден елдің амандығын біліп, сәлемдемелерін жолдап отырады. Қытайға өтуге ниеттілер табылып жатса елге оралып, халықты дін-аман шекарадан өткізіп тұрған. Адаммен тез тіл табыса алатын қасиетінің арқасында, толып жатқан сенімді достары үнемі қасынан табылатын. Құндақбайды тұтқындау Кеңес үкіметінің шекарашыларының арманына айналады. Қаншама айла-шарғы, тұзақ құрып көрсе де, ол бәрінде де сан соқтырып кетіп жүрді.
Үкіметтің қыса түсуінен Көпесбайдың ұлдары Асан, оның ағасы Хасан мен нағашысы Ералы, Құндақбаймен келісіп, Қытайға өтудің жоспарын құрады. Алайда Қоқысбек дейтін пасықтың құрған жоспарды біліп қоюы тұтас ауылды қырғынға ұшыратады. Бұл қырғыннан да аман қалған Құндақбай Асанның анасы Қарабәйбіше мен ұлы Нұрмұқаш тағы бірнеше адамдармен Қытайға өтіп кетеді. Бұл жолғы Құндақбайдың елге өтуі соңғы рет емес еді. Одан бұрын кеңестік милиция қолынан Асан қаза табады. Жақындарынан айрылған Зебиненің көз жасы тиылмай, тағдыры талай келкекке ұшырайды.
Кітапта кейіпкерлердің тағдыры жеке-жеке баяндалады. Романды оқу барысында жақсылықтың бумеранг секілді жақсылық болып қайтатынына бірнеше рет көз жеткізуге болады. Осы қырынан алғанда шығарманың тәрбиелік маңызы да зор.
Халқымыздың басынан өткерген осынау қасіретті жүрекпен сезіндірер кітапты, ұлттық ерік-жігер мен қазақы рухты аспандату үшін әрқайсымыздың оқып шыққанымыз абзал...