III
Ұрымшы - Олойдан Бай-Соғды хакім Ерқұзұлға дейін үш жыл жүрді. Қаншама қиыншылықты бастан кешті. Қаншама күш жұмсады. Тасты таулар мен қорқынышты ормандар арқылы өтуіне тура келді. Киімдері баяғыда- ақ тозып, жалба-жұлбасы шыққан әр жері алақандай болып жыртылған киімінің арасынан саяхатшы бейшараның сарғыш тартып, кебе бастаған денесі жылт-жылт етеді. Ал аяқтары ірілі-кішілі жараларға толы еді.
Алайда Бай-Соғды хакім данышпандықтың кемеліне жеткен адамдарға жетіп, одан данышпандық соңғы сөздін есту үшін осылардың бәріне төзді. Ол жабайы аңдар сияқты жемістер мен тамырлар, сосын шөптермен тамақтанып, еттің, тәтті шараптың және тәтті жеміс-жидектің дәмін ұмыта бастады.
Жападан жалғыз орманда әлденеше рет қатты ауырып, өзінің өлер сағатын бойұсына күтті. Алайда Алла тағала оған ерлікке тән әрекеттерінің жемісін көруді жазған еді. Бұл үшінші жылдың аяғы болатын. Айнала төңірек гүлге оранып, шаттыққа кенелген көктем күшіне енген сәтте Бай-Соғды хакім Ерқұзұл тұратын үлкен Чече көлінің көкпеңбек жағалауын мөлдір суын көргенде, қуанғаннан жылап жіберді. Бұл өмірлерінде өзі көрген қиялмен көз алдыма келтіруге болатын жер біткенің ең әдемісі еді.
-Ерқұзұл хакімді Алла жарылғасын!- деді.
Бай-Соғды пальма жапырақтарымен жабылған оның шалашына жақындай беріп. Оған қарттығына қарамастан өңін бермеген мығым денелі таза киінген шал қарсы шықты. Дәл мұндай қартты Бай-Соғды хакім кездестірермін деп күтпеген еді.
-Сен шаршадың ба? Сенің тамақ ішкің келе ме? Сен шөлдеп қалжыраған жоқсың ба? Саған киім қажет пе?-деп сұрады Ерқұзұл мейірлене. Міне, Чече өзені, ең бірінші, барып шөліңді басып жуын...
-Мен Хантығайдың Бай-Соғды хакімімін,- деді Бай-Соғды қысылып. -Менің лақап атым – Хантығайдың аққуы.
-Солай де, сен сонда «Алқызыл раушан күлкің сенің»,- деп ән шығарған Бай-Соғдының өзімісің. О-о, пәлі, мен сені, Хантығайдың аққуы, көргеніме қуаныштымын. Маған аяғының жарасын жууға, жаңа көйлек кигізуге және қымбатты қонағым ретінде сені құшып сүюге рахым ет.Сирек құстарың алыстағы елдерге ұшып жететін тәрізді сенің тамаша әндерің маған да келіп жетті.
Олар өзенге келген сәтте Бай-Соғды хакім мөлдір де салқын зәмзәм суға бас қойды. Ерқұзұл оған жымия қарап тұрды. Бай-Соғды шөлін басып, еңсесін тіктеген сәтте Ерқұзұл оған таңдана сауал қойған еді.
-Хантығайдың аққуы, сені шөл өлердей қинаса да, сен мына көлді ішіп тауыса алмағаның қалай?
Бай-Соғды хакім әзілдеп тұрған болар деп ойлап жауап берді.
-Біздің барлығымыз шөл қысқанда оны тіпті тұтас теңіз суы баса алмас деп ойлаймыз.
Ерқұзұл хакім жылы жымиып, өзеннің жағасында жас бұтақты жұлып жеп тұрған тағы ешкіні көрсетіп:
-Сен қалай ойлайсың, Хантығайдың аққуы, егер де ешкі күнде келіп ең жас бұтақтарды жұлып жесе, бұл ағаштың өсуі мүмкін бе?–деп сұрады ол.
-Жоқ, онда ол қурап қалады.
Ерқұзұл тағы да күлді. Ал Бай- Соғды ойға берілді. Осылай олар үш күнді бірге өткізді. Ал Бай- Соғды хакім дем алып, өзінің үстіндегі киімдерін таза киімдерге ауыстырып үлгерді. Ол өзінің саяхаты туралы әдейі тіс жармады. Алғашқы сөзді Ерқұзұлдан тосқан еді. Хакім болса Бай-Соғдыны тап көптен күткен бір бауыры ретінде сынай танытты. Тек төртінші күні Ерқұзұл тіл қатқан еді.
-Хантығайдың аққуы, сенің қазір үйіңе аттануыңа болады. Сен жақсы дем алдың, азық-түлік қорыңды да сайлап алдың. Иініңе жаңа киім ілдің... Менің сені ренжіткім келмейді. Тек сен соншалықты уақытыңды текке жоғалттың және көптеген қиындықты, қауіп-қатерді бастан кештің. Сені мұнда сенің тәкаппарлығың мен басқалардан оқ бойы озық болсам деген тойымсыз менмендігің алып келді. Үйіңе қайт, өз әңдерінді шырқа...Сенің әнің құрғатқан әр тамшы жас, әр қуаныш күлкісі соншалықты бақыт, ол туралы армандауға тіпті хандардың батылы бармайды. Иә, сені мұнда алып келген өзгелер түгілі өзің байқай бермейтін – тәкаппарлығың. Ол сенің нұрлы жанарыңды күңгірт тарттырды. Сол сәт саған әлем күңгірт тартқан секілді болып көрінді.
Сен өзіңнің ақылыңа сендің. Ал бұл барлық қызметшілеріңнің ішіндегі ең екіжүздісі еді. Ол тіпті үш ұйықтасаң түсіңе енбейтін нәрсені ойына салуға тырысады. Біздің бақытымыз бір күнде, ал өмір шындығы өзіміздің арымызда. Ал өмір соншалықты қарапайым. Оның мәні не ішіп, қандай киім киетініңде емес. Аш-жалаңаш адам тек аш-жалаңаштығынан әділетті болмайды.
- Ерқұзұл хакім, мен мұның бәрін түсінемін және сенімен толық келісемін,- деп жауап берді Бай-Соғды. -Тек біздің өміріміз ажалдың алдында тіпті де түк емес екенін біле тұра қалай тыныш ұйықтаймын?..
-Өмір бойғы ізгілікті ісің, жасаған жақсылығың, жаңалығы телегей теңіздей ақылың, даңқың мен сұлулығың сені құрып кетуден құтқара алмайды. Ерқұзұл хакім рахаттана күлді.
-Хантығайдың аққуы, сен жоқ нәрседен қорқып отырсың... Ажал тек бір өзің жайлы ойлағанда ғана, ал өзгелер жайлы ойлағанда ол жоқ... Бұл қаншалықты жай нәрсе десеңші, Хантығайдың аққуы. Піскен жеміс сабағынан үзіліп жерге құлайды, бұл өлім бе?..
Осы бір қарапайым сөздерден соң Бай-Соғдының жан дүниесі жадырап сала берді. Ерқұзұл хакімнің аузына нені алмай отырғанын түсінді. Оны өзінің кәрілігі, әлсіздігі, уақытша күңгірт тартқан жүрек сәулесі қорқытты...
Он жылдан соң Хантығайдың аққуы үйіне қайтып оралды. Іле бүкіл хандыққа көктемде ұшып келген құстардай жаңа әндері кеңінен тарай бастады. Ол әндер еңбекшілердің бақыты, бірін-бірі өліп- өшіп сүйген жандардың махаббаты, қарапайым адамдардың бақыты жайлы еді. Даладағы бақташылар, соқа соңындағы диқандар, өрмек төгуші қыздар да, оттың қасында өздерінің тонған денелерін жылытып отырған шалдар да бұл әндерді жаңғырта қайталады.
Д. Н. Мамин – Сибиряк. Золото. Москва. «Правда» баспасы 1985 ж.
Орыс тілінен аударған: С. Баязитов