"Әралуандық жасасын!" 9 мамырда осындай ұранмен 2017 жылғы "Евровидение" ән байқауы басталады. Букмекерлер болжам жасапты. Мынадай: алғашқы 10 орын Италия, Болгария, Швеция, Португалия, Бельгия, Австралия, Армения, Әзірбайжан, Румыния, Франция өнерпаздарына бұйыруы мүмкін.
Байқауға қатысатын 42 әнді ерінбей-жалықпай тыңдап шықтым. "Евровидениені" Пугачева қатысқан уақыттан бері үзбей қарап келе жатқан тұрақты көрермен ретінде интуицияма сеніп, қос жартылай финалдан қорытынды кезеңге өтуі мүмкін әндерді өзімше анықтадым. Алғашқы жартылай финалдан Швеция, Грузия, Австралия, Черногория, Әзірбайжан, Португалия, Польша, Кипр, Армения және Словения өтуі ықтимал. Финляндия, Грекия, Исландия, Албания, Чехия, Латвия әндері қазыларға ұнамайтын сияқты. Молдова 2010 жылы 22-орынға әрең іліккен SunStroke Project тобын қатыстырып отыр, бұл жолғы әнінің сол жеті жыл бұрынғы "саксофонды попсасынан" айырмашылығы жоқ. Финалға өтпейді деп сенемін.
Екінші жартылай финалдан келесі кезеңге Австрия, Румыния, Нидерланды, Венгрия, Дания, Ирландия, Беларусь, Болгария, Эстония, Израиль өтеді деп ойлаймын. Бұл күні этно-фолк жанрындағы байқау болады, себебі румын, венгр, белорус музыканттарынан этникалық сарындарды естиміз. Биыл этноуорльд стиліндегі әндер бағаланса екен деймін. Өкінішке қарай, осы екінші топта өнер көрсетуі тиіс ресейлік әнші байқау тізімінен алынды. Сайыстың бұл бөлімінде қазылар сан-маринолық Валентина Монеттоны төртінші рет өкпелетеді деп ойлаймын. Осыған дейін үш рет өте қарапайым, тіпті, жеңіл-желпі саналған әнмен қатысқан Монетто, неге екені белгісіз, тағы да сондай арзанқол дүниемен келіпті.
Биылғы байқау үлкен бестік елдеріне де жеңіс сыйлауы мүмкін. Финалға бірден қатысатын бұл елдер арасынан Италия, Франция, Ұлыбритания музыканттары фаворит саналып отыр. Байқау қожайыны - Украина атынан қатысатын рок-музыканттардың әні де сапа жағынан ешкімге дес бермей тұр.
"Евровидениеде" әнмен бірге, музыканттардың сахнадағы образы да бағаланады. Бұл жолғы ән байқауында әдемі етіп өрілген бұрымы бар черногориялық жігіт көптің есінде қалмақ. Жалпы алғанда, Киев байқауына сымбатты жас жігіттер көп қатысып отыр: Австрия, Болгария, Израиль, Кипр, Швеция, Словения, Испания орындаушылары - солардың қатарында. Сол сияқты поляк Кася Мось пен француз Альма сияқты сұлу қыздар да әдемі әнімен жанкүйерлерінің қолдауына ие болады деп сенемін.