misc/class
lib/jquery_pnotify, lib/moment, lib/lodash, misc/notification, misc/social, site/engine
$._social.__cfg = {"init":[{"service":"basic"},{"fb_app_id":"556076531075995","service":"fb"},{"vk_app_id":"3235940","service":"vk"},{"service":"twi"}],"like":[{"service":"fb"},{"service":"vk"},{"via":"GonzoKZ","channel":"GonzoKZ","hash_tag":"","service":"twi"}],"twi":{"like_count":"vertical"},"fb":{"like_layout":"box_count"},"vk":{"like_type":"vertical","like_fixed":true}}; window._SiteEngine = new classes.SiteEngine( { user_id: 0, controller: 'Blog', action: 'page', content_css_version: '1432482607', social_enabled: 1, custom: []} ); (function($){ var GA_ID = "UA-36321844-1"; function gaTrackPageview() { var gaJsHost = (("https:" == document.location.protocol) ? "https://ssl." : "http://www."); var src = gaJsHost + "google-analytics.com/ga.js"; $.getScript(src, function(data, textStatus) { var tracker = _gat._getTracker(GA_ID); tracker._trackPageview(); }); } $(document).ready(function() { gaTrackPageview(); }); })(jQuery);
Интернет-журнал «Культура и общество»
Войти через:
Лучшие посты
По комментариям
По просмотрам
С нами
Сейчас online
А также 192 гостя

Барсик

3034
с нами с 14 ноября 2012

Барсик екеуміздің достығымыз қала шетіндегі ауылға жаңадан тұрғызған үйімізге көшіп келген кезден басталды. Ауламыз қоршалмағандықтан біздің үйге келгіштеп жүретін. Итаяғына жуынды құямыз. Тұрқы неміс овчаркасына ұқсағанымен, қырық иттің илеуінен жаратылған қарапайым ит. Қандай тұқым екенін ажырату қиын.   Адамға арс етіп азуын ақситқанын көрмеппін. Мінезі қызық. «Барсик, Барсик» деп шақырсаң тасырлатып жүгіріп келеді де үш-төрт қадам қалғанда кілт тоқтап, маңқиып тұра қалады. Сосын көгершін аулаған мысықтай жер бауырлап, бүгежектеп, әлденедей ұялғандай жанарын ала қашып, ақырын жылжып жаныңа жақындайды. Кейде Барсикті осы қылығы үшін қаңқ еткізіп бір тепкім келетін. Артынан райымнан қайтамын. Басынан сипап, еркелетемін. «Кім біледі, оның жүрегін жаншып жатқан мұң бар шығар. Тіршілік иесінің қуануға, қайғыруға хақы бар ғой. Біз оны сезбейміз, біз иттің тілін білмейміз. Бәлкім, күшік кезінде адамдардан қатты зәбір көріп, санасындағы қорқыныш бұлты әлі сейілмей жүруі кәдік» деп ойлаймын. Кейде маған бір нәрсе айтқысы келгендей оқталып, көмейі бүлк-бүлк етеді. Әйтеуір оның бойында жасырынған белгісіз тылсым күш барын ұғатынмын...

Барсиктің бір ерекшелігі, мен қай уақытта жұмысқа шықсам да ауылдың ораталығындағы аялдамаға дейін еріп отырады. Біз сол жерден қалаға қатынайтын көлікке мінеміз. Барсик болса, межелі жерге жеткенде «менің міндетім осы» дегендей, кері бұрылып, артына қарамастан, келген ізімен кері тартады. Жұмыстан қай мезгілде оралмайын, жарты жолдан күтіп тұрады. Иттің соңғы әрекетін кездейсоқтыққа балайтынмын. Бара-бара Барсиктің бұл әрекеті қалыпты әдетке айналды. Күнде қайталанады. Құдды бір көзін ашқаннан асырап алған итім дерсің...

Бірте-бірте Барсикке бауыр басып кеттім. Демалыс күндері есік алдында ұсақ-түйек жұмыстарды істеп жүргенімде Барсик үнемі қасыма келіп алады. «Барсик қалайсың», «не жаңалық» деп оны әңгімеге тартып сырласамын. Еш жауап болмаса да небір түрлі сұрақтар жаудырамын. Мүлгіп үнсіз тыңдайды. Арасында менің айтқандарымды түсінген ыңғаймен басын изейді. Ондай сәтте балаша мәз болып, ерекше тебіреніспен сұрағымды еселеймін. Кейде түлен түрткендей атып тұрып, үйіне қарай безе жөнеледі. «Барсик, Барсик» деп қанша шақырсам да артына қарайламайды.  «Қай сөзімнен ағаттық кетті? Ренжіп қалған жоқ па?» деп, өзімді қоярға жер таппаймын. Барсикке бәрібір. Біраздан кейін түк болмағандай қайта жаныңа келіп, әңгімеңе құлақ түрген кейіппен шоқиып отырып алады. 

Бір күні үйге таңға жуық келдім. Жаздың қысқа түні жарықтан дүркірей қашып, төңірек айқын көрінеді. Жұма күні кешке жұмыстан кейін достармен бас қосқанбыз. Ауық-ауық тост көтердік. Небір жәйттің басын қайырдық. Ақыр соңында Түркиядағы әскери төңкеріс жайында пікіріміз екіге жарылып, қызылкеңірдек айтыспен таңның қалай атқанын байқамай қалыппыз. Содан теңселе басып келе жатқан бетім. Барсик алдымнан шықты. Түнімен екі көзі төрт болып мені күткендей, жүзі сынық. Ауыр есінейді. Сәлден соң алдыңғы екі аяғын созып, асықпай керілді де денесін сілкіп-сілкіп алды.

- Барсик, - дедім, құлағының түбінен қасып, -   Ұйқы қайда? Әлде мені күтіп жүрсің бе? Әй, Барсик-ай, осы жолы күтпей-ақ қойсаң болатын еді ғой... Бірақ, саған рахмет! Көңілімді көтеріп тастадың, - деп, алға бір қадам баспақ едім, әлденеге сүрінгендей ептетімнен құлай жаздадым. Денемді тіктей бастағаным сол еді, артқа шалқалап, екі қолымды тіреген қалпымда жерге қонжия кеттім. Орнымнан тұрып, үсті-басымды қағып-сілкіп, Барсикке сұқ саусағымды шошайтып:

- Маған күле қарап тұрсың ба? Күлсең күле бер. Маған бәрібір. Себебі, бәріміз ит секілдіміз. Бірақ, сен иттердің ішіндегі адамысың, - дедім, оған барлай қарап. Менің сөздерім Барсиктің құлағына майдай жаққан болуы керек, құйрығын бұлғаңдатып, әлі де айта түс дегендей елеңдеп қояды.

- Алайда, - дедім, қайтадан ашуға мінген жандай дауысымды зорайтып, - Сендер біз секілді арақ іше алмайсыңдар. Біздің бақытымыз да, сорымыз да сол, арақ іше аламыз. Ішкенде қандай... - деп, Барсиктің бетінен сүймекке  екі құлағынан ұстап өзіме тарта беріп едім, тұмсығын тыржитып, жалт берді.

- Ештеңе етпейді, - дедім Барсикке. – Жүр, біздің үйдің алдындағы орындыққа барып отырайық. Жүрегім айнып тұр. Таза ауа жұтып сергіп алайын, - деп жол бастадым. Барсик соңымнан ерді.

 Біздің үйдің көше жақ қапталында жапсарлас орнатылған орындыққа жайғастым. Ауламыз қоршалмағандықтан төңіректі көзбен оңай шолып шығасың. Қалтамнан ұялы телефонды алып, сағатына қарадым. Таңғы төрт жарым. Денемді сәл шалқайтып, арқамды үйдің қабырғасына беріп, басымды көтере жанарымды көкке қададым. Таңғы тыныштықты қақ жарған алып ұшақ бала бесігіне тағылған сылдырмақтай ауылдың үстінен төніп, әуежайды бетке алып барады.

- Барсик, - дедім, аспандағы ұшақты нұсқап, - сен ұшаққа мініп көрдің бе? Мен өмірімде екі рет Алматыдан ауылға ұшақпен ұшқанмын. Шешем дүниеден озған кезде топырақ салуға үлгеруім керек болды. Екінші рет жиен інім қайтыс болғанда тағы ұшаққа аяқ артуға тура келді. Енді ешқашан ұшаққа мінгім келмейді. Барсик, тыңдап отырсың ба? – деп, итке үңілсем екі көзін жұмып алыпты.

- Әй, бірақ, итке темір не керек?! – дедім, қолымды бір сілтеп, - сен бақыттысың, Барсик! Ажалың жеткенде күні өле қаласың. Басқа мәселеге бас қатырмайсың. Итаяғыңа құйылған асқа тойып аласың да, ана талдың түбіне бір сарып, әрі қарай жүре бересің?

Барсикке қарадым. Жұмған көзі ашылмапты. Тағы әлденелер айтуға оқталғанмын, әрі қарай түк есімде жоқ. 

- Тұрсаңшы. Елден ұят емес пе? - деген дауыстан шошып ояндым. Жалма-жан көзімді ашып, айналама қарасам орындыққа отырған қалпымда қалың ұйқының құшағына беріліппін. Әйелім оятып тұр екен деп ойладым. Ұялы телефонның бетіндегі сағатқа үңілдім. Тура алты болыпты. Бір жарым сағат көз шырымын алыппын. Басым солқылдатып әкетіп барады.

- Баян, сенбісің? – дедім, әйелімнің атын атап, - әлде терезеден бақылап тұрсың ба мені? - деп, маңайды шолдым.

- Ешкімде емес. Бұл – мен, - деді Барсик гүр етіп. Селк ете түстім. Тілім байланып, аузыма сөз түспеді.

- Бұлай жараспайды. Үйге барып ұйықта, - деді Барсик, маған бұйыра сөйлеп. Қарсы алдымдағы нақ Барсик екеніне көз жеткізгесін ақырындап өз-өзіме келе бастадым.

- Барсик, шынымен сенсің бе? Әлде түсім бе? - деп, Барсикке бар назарымды бұрдым, - Шешем марқұм далада ұйықтама деуші еді, - деп, іштей күбірледім. Сосын ақырындап орнымнан тұрып, үйге беттедім. Барсиктің маған тіл қатқанына әлі сене алар емеспін. О заманда, бұ заман, ит сөйлеуші ме еді деп мырс еттім де, үйге кірдім. Барсик мен отырған жерде үнсіз қала берді.

* * *

Түс әлетінде әрең есімді жидым. Әйелім ыстық сорпа әзірлеп қойыпты. Тамаққа тәбетім шаппады. Сыртқа бет алдым. Төбеңнен от қойғандай аптап күннің ыстығы күйдіріп әкетіп барады. Тек, батыстан қылтиған екі шөкім қара бұлттан басқа зеңгір көкте көзге ілінер дәнеңе жоқ. «Бақшаны суару керек» деген ой санамда қылаң беріп, ол ойымнан лезде айныдым. Біріншіден, жұмыстағы әріптес орыс кемпірдің «бақшаны күн ыстықта суаруға болмайды» деген кеңесі есіме түсті. Екіншіден,  Алматының аспанында батыстан ғайыптан пайда болатын бұлттың бірті-бірте шығысқа өрлеп, қатары қалыңдап, арты жауынға ұласатынын жақсы білемін. Құдайдың қарекетімен жағаласқым келмеді. Таң алдындағы Барсик екеуміздің арамызда өрбіген диалогтың сұлбасы көз алдымнан қайта жүгіріп өтті. Құлағым қағыс естіген жоқ. Айна қатесіз көрініс. Барсик маған тіл қатты. Тілі тастай, тақ-тақ етеді. Неде болса Барсиктің өзінен сұрайын деп, «Барсик, Барсик!», - деп айқайладым. Көлеңкеден атып шыққан ит әлденеден құр қалғандай жүгіріп, қасыма келіп бір-ақ іркілді. Бұ жолы именшіктемей, өзін еркін ұстады. «Кеттік» дедім. Ол менің сөзімді күткендей соңымнан ілесті.

Екеуміз біздің көшенің бойымен  ауылдың шет жағына бағыт алдық. Ол жақты елдің бәрі МТП деп атайды. Алайда оның не мағына беретініне ешқашан көңіл аударған емеспін. Кейде ауыл арасында адасып жүрген кейбір адамдар «МТП қай жақта» деп сұрағанда «мына жақта» деп жөн сілтеп жібергенім болмаса, сол жерге барып көрмеппін. Дәл қазір сол жаққа не үшін бара жатқанымды да білмеймін. Әр нәрсені ойлап, жанымда Барсиктің келе жатқанын ұмытып кетіппін. Арс еткен өткір дауыстан селк етіп, денені дір еткізген қорқыныштың жетегімен қаша жөнеліппін. Жиырма-отыз қадамдай жерге алқынып, әрең жеттім. Артыма қарасам дәу сұр ит пен Барсик ырылдасып тұр. Екеуі де бір-бірінің қапысын аңдып, алқымнан ала түсуге әзір. Арпалыс басталса еңгезердей сұр иттің Барсикті екі бүктеп, шайнап тастайтынын уайымдап тас лақтырдым. Қатқан мүсіндей екеуі ырылдасқан қалпы міз бағар емес. Жақындауға батылым жетпеді. Екі ит мәңгілікке   арбасып тұра берер ме еді, кім білсін, кенет «Бөрібасар, Бөрібасар» деген зілді дауысты естіген сұрт ит жалт беріп, үйіне қарай зытты. Бәледен құтылып, тез-тез басып жаным келген Барсиктің жанары үрейге толы.

- Дөңкиіп, өзінде түк қасиет жоқ, - деді ашулы үнмен. Бұл жолы оның адам секілді сөйлегенін күнделікті үйреншікті көрініс есебінде қабылдағаныммен еріксіз күліп жібердім.

- Барсик-ау, сен де – итсің! Ол да – ит! Иттен иттің айырмашылығы қане?!

- Айырмашылық жер мен көктей. Ол сертіне адал емес. Барып тұрған антұрғанның өзі. Иесі оған Бөрібасар деп ат қойыпты. Пішту... Бөрібасардан садаға кетсін. Аңдығаны тамақ. Бірді бірге соғыстырып, іздегені шатақ. Бар ермегі – осы маңайдағы ит біткеннің әлі жектеніне қоқаңдап, күш көрсету.

Барсиктің адам секілді сөйлегені емес,  сұрағыңа байыппен,  байсалды жауап қатқаны ойымды сан-саққа жүгіртті. Біз осы ауылға көшіп келгелі үш жылдан асты. Үш жыл бойы Барсикті күнде көремін. Алда-жалда біреу «Барсик адам сияқты сөйлейді екен» десе менің өзім ол адамға күле қарайтын едім. Міне, бүгін бәрі керісінше, Барсик адам секілді сайрап тұр. Сөйлегенде қандай?! Бөрібасардың барлық былық-шылығын жайып салды. Бәлкім маған жан-жануардың тілін білетін Сүлеймен пайғамбардың қасиеті қонған шығар деген ой жылт етті санамда. Жер-жерде «мен пайғамбармын»  деп жариялап жатқан жандар жетерлік қой. Егер маған Сүлейменнің қасиеті берілсе ешкімге жария етпей-ақ, телеарналарға сұхбат бермей-ақ өз білгенімді өз ішімде бұғып, жан-жануарлармен тілдесіп жүре бермеймін бе?.. Ойымды сұқ көз оқып қойғандай үркіп, жылдам басып МТП жаққа қарай жол бастадым.

МТП-ның маңайы бір-біріне міңгескен терең сай екен. Ну жыныс. Ауыл жақ қапталын қалың қамыс, қоға басқан. Анадай жердегі жалғыз теректің жанына тізе бүгіп, Барсикті шақырдым. Бүгінгі адам нанғысыз оқиғаның мән-жайын анықтайтын сәт туды. Барсиктің қыр-сырына қаныққым келді.

- Барсик, сен бұған дейін адамның тілінде сөйлей алатын ба едің?

- Иә...

- Жарылып кетпей қалай шыдап жүрсің? Егер мен ит  болсам, оның үстіне адамның тілінде сөйлейтін болсам бір сәтте әлемдегі ең танымал итке айналып шыға келер едім. Бұл ауылдың атын әлем біліп, сені көруге жер-жерден ағылатын жұрттың есебі болмайтын. Рас қой, Барсик! Көз алдыңа елестетші. Жан-жағыңда қоғадай жапырылған халық сенімен суретке түсуге таласып жатады. Ортасында маңғаздана қарап сен тұрасың. Айтшы Барсик, рахат емес пе?

 Барсик үндемеді. Маңғаздана қалыпты. Менің айтқандарыма тұшынып, қиялы шарықтап кетті ме, әлде ұнатпай тұр ма, о жағын ажырата алмайсың. Сәлден кейін шорт кетті.

- Жүректі жібітіп, жанды еліткенге шеберсіңдер, е? Бәрібір мұныңнан түк өнбейді. Ит болып жаратылдым, ит болып өлемін... Біле білсең, ауылдағы барлық ит адамның тілінде сөйлей алады, - деп, адам секілді бір жөткірініп, әңгімесін қайта жалғастыруға оқталғанда киліге кеттім.

-  Сонда бағанағы дәу сұр ит те сөйлейді демексің бе?.. Түсінсем бұйырмасын! - дедім, нанымсыз үнмен.

- Керек десең газет-журнал оқи аламын.

- Хат танимын демексің бе?

Шарадай болған көзіме қараған Барсик бір нәрсені бүлдіріп алдым ба дегендей тықыршып:

- Онда тұрған не бар?.. Ара-тұра үй жаққа жел ұшырып әкелетін газеттерді оқып тұрамын. Өмірлерің рахат екен ғой. Немесіне бұлданып, неге көңілдерің толмай жүреді үнемі? - деді. Бұдан кейін оған жауап қатудың өзі артық еді. Екі алақанымды жайып, иығымды қиқаң еткіздім. Жауаптан күдер үзген ол басын ауыл жаққа әнтек бұрып, әлденеге елегізгендей, құлағын тіктеп, үріп-үріп жіберді. Іле-шала көсіліп жатқан алдыңғы екі аяғының үстіне басын тастап, белгісіз бағытқа жанарын қадады. Оның ойға шомған тыныштығын бұзғым келмеді. Адам секілді сөйлей алса, онда адам сияқты ойлай алатыны сөзсіз ғой. «Иттің қиялы, иттің арманы қандай болады екен» деген ой маза таптырар емес. Артынша өне бойымды қорқыныш билей  жөнелді. «Бұлардың барлығы сөйлей білсе, неге біз осы күнге дейін аңғармағанбыз. Хат таниды екен. Мүмкін адамдарға қарсы бір іс ойластырып жатқан шығар. Барсикті бізге тамырымызды басып көру үшін арнайы жіберуі де ғажап емес қой» деген ой сумаң ете қалды. Барсик құдды иттер әлемінің адамдар арасына жіберген жансызы секілді елестеді. Қазір маған атылса жалғыз теректің түбінде жайратып кетуі мүмкін ғой. Оқыс әрекет байқалса қамсыз қалмайын деп, сақтықпен оң қолымды қармап, қолыма іліккен жұдырықтай тасты Барсикке көрсетпей қысып ұстадым. Ақырындап бажайласам, оның жүзінен қараулықтың нышаны байқалмайды. Өз-өзіме келгендей тұтығып:

- Ауыл иттерінің бәрі адамның тілін меңгерген дейсің. Онда олар неліктен иелерімен сөйлеспейді. Сенің де бұл әрекетіңді менен басқа ешкім білмейді ғой, - дедім, уысымдағы тасты нығырлап.

- Адамдарға жаным ашиды, - деді ол, түйеден түскендей. Барсиктің ниеті адал екенін сезген мен қолымдағы тасты тастай сала санымды шапаттап, қарқылдай:

- Сен де тегі... Мүсіркейтін жаратылысты тапқан екенсің... Ой... ішегім-ай... - дедім, күлкімді тия алмай. Ол менің ырықсыз күлкімді жақтырмай, қайта сөз бастады.

- Былтыр жазда осы ауылға қаңғыбас көкшулан ит келгіштеп жүретін. Жанары өткір. Ешкімге соқтықпайтын. Шу-шу еткен ауыл иттері соңынан жүгіріп, жан-жақтан жұлмаласа да қыңқ демейтін. Қайдан келген, әлде біреудің босап кеткен иті ме, біле алмадым. Маған үйір болатын. Сандырақтап әр нәрсенің басын шалып, мен түсінбейтін әңгімелер айтатыны болмаса, өзі туралы аузын ашқан емес. Адамның көзіне түспеуге тырысатын. Бір күні аяқ астынан жоқ болып кетті. Бүгін таңертең сол итті көрдім. Сен орындықта ұйықтап жатқанда жанымыздан өтті. Мені мүлде танымайтындай, елемеді. Тек саған мүсіркеп қарап бара жатты. Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Сосын сені оятқанмын...

Барсик сөзін аяқтаған тұста мен орнымнан тұрып, әрлі-берлі жүрдім. «Құдай-ау, иттің өзі мүсіркейтіндей не жазып қойдым» деп, өз-өзімді жазғырдым. Мына Барсиктің көңіл түпкірінде де сондай емеурін жатқандай. Сүлеймен пайғамбардың қасиеті қонған шығар деген ойымның да күл-талқаны шықты. Өзімді «Уолт Дисней» компаниясы түсірген мультфильмнің көп кейіпкерінің біріндей сезіндім. Ауыр ойдан арылу үшін Барсиктің жанынан тезірек кетуге бел будым. Бұл ойыма дем бергендей Алматының аспанын торлап үлгерген қара бұлт жарылардай сыздап тұр екен. Екеуара әңгіменің әсерінен аңғармаппыз. 

- Барсик, үйге қайтайық. Жауын басталмай ауылға жетіп алайық, - дедім. Ауылдың  шетіне аяғымыз ілінгенде жаңбыр шелектеп құйды. Екеуміздің үстіміз малмандай су. Асығыс адымдап, үйге жақындағанда жүгіре түстік. Барсиктің көкейінде нендей ой жатқанынан хабарсызбын, бірақ бүгін мен үшін Америка ашқандай құпия мен ғажайыпқа толы күн еді...

Мақсат Рамазанұлы 

Жалғасы бар...

 

СЕНУГЕ ҚИЫН ОҚИҒА.
10 апреля 2017
GONZO
просмотров: 4526
Кейбір отандастарымыз әлі күнге шейін 90-шы жылдардың дүмпуін естіиді.
Киелі Айша бибі мазарында
27 февраля 2017
GONZO
просмотров: 3598
Басқасын былай қойғанда, осы ескерткіш түбінде талайлардың кездесіп, талайдың ажырасқанын кім білсін. Сол көптің бірі Шоқан, бірі Мұса. Екеуі туйедей құрдас.