Шынайы сүйіп, отау құру бақыты бұйырмаған әйелдердің көптігі сізді толғандыра ма? Өз басым бұл туралы көп ойлаймын. Өйткені, құрбыларым мен туыстарымның арасында күйеуге шықпаған қыздар әлі де көп. Сыртынан «кәрі қыз» атанған олар да, ертеңгі күнім не болмақ деп көп ойлайтын шығар? Күйеуге шыға алмады делік, бірақ ана атану бақытын таппау, меніңше әйел адам үшін нағыз қасірет...Үлкен апайлардың кейбір қыздарға: «отбасы құра алмасаң да, бала туып ал, жалғыздықтан іш құса болмай»-деген сөздерін естіп, таң қалатынмын. Күйеуге шықпай, жалғызбасты ана атанған дұрыс па? Мүмкін, әлі де кеш емес, өз бақытын табар деп ойлайтынмын. Бірақ, уақыт өте келе, табиғатқа қарсы тұра алмайтыныңды, есейе келе көзқарастың да түбегейлі өзгеретініне көзім жетті. Сондықтан, кеше «өзім үшін туу деген не? Есің дұрыс па?» дейтін құрбыларыма, мен бүгін «бұл сенің өмірің, өзің шеш, қайткен күнде де сені қолдаймын» деп айтамын.
Бұл мақаланы жазуға Фейсбук әлеуметтік желісіндегі бір дау түрткі болды. Таныс азамат – «қандай да бір себептермен тұрмыс құрмаған әйелдердің өзі үшін бала тууына қарсымын. Бұл барып тұрған жауапсыздық! Бала толыққанды отбасыда, әке тәрбиесін көріп өсуі керек»- деп жазыпты. Менің айтарым, негізі өзі үшін туып алды деп айту дұрыс емес. Қазір кім көп? Басы бос қыз көп. «Отырған қыз орнын» табады дейді. Ал таппаса ше? Жолы болмады делік. Ертеңгі күні қартайғанда жалғыздың күйін кешіп, іш құса болғаны дұрыс па? Әлдебір білгіштер эгоист екен, заңды некеге тұрмай, бала туып, оны әкесіз тәрбиелеп отыр! Баланың болашағына қазірден бастап балта шапты! Азаматтың тәрбиесін көрмеген баладан нендей адам шығады?!- деген пікірлер жазыпты. Мені таң қалдырғаны, кейбір әйелдер де солай ойлайды екен. Оларың тең жартысы күйеуге шығып бала туғандар. Ал шынайы маxаббатын кездестіре алмағандар, отбасын құра алмаған қыздар не істеуі керек сонда?!
Негізі, ана болу, сәби сүю - ол біздің табиғи болмысымыз. Тіпті парызымыз да деп те айтар едім. Ана маxаббаты барлығынан жоғары, шынайы, кіршіксіз деп білемін. Сондықтан, өз басым, әрбір әйел адам ана атану бақытына лайық деп сенемін. Бәріміз де пендеміз, арамызда қыз бала өсіріп отырғанымыз да бар. Ертеңгі күні тағдыры қандай болатыны белгісіз. Асылық қылмай, асыра сөйлемейікші...Оның үстіне әкесі бар баланың бәрі бақытты, бәрі екі жақтың да толыққанды тәрбиесін алып жатыр деп кім айтты?....
Әлия Махамбет