Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.....
Бүгінде көздеген мақсатыңа жетуге итермелейтін түрлі мотивациялық ойларды жазу кеңінен тараған. Қанатты сөздер проза, поэзия тіпті кинотуындыдан да болуы мүмкін. Ұтымды сөз қай кезеңде де болсын, өзекті, қажетті. Сондай сөздерді бүгін белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романынан алып отырмыз. Өз басым, бұл кітапты ер-азаматтарға оқуға кеңес берер едім. Туындының өзектілігі соншалық, оны оқыған әрбір бозбала, жігіт, отағасы кейіпкердің кей тұстарын өзінен табатын секілді.
Қазақ асықпай-саспай, бабымен тойлағанды ұнатады.
Соғыста өлем-ау немесе жараланып, өмір бойы қор болып, кемтар болып қалам-ау деген ой онша күйзелтпейді. Өлетіндер өздерінің нашарлығынан, ебедейсіздігінен өліп жататын тәрізді.
Соғыс деген ол сұмдық! Соғыс ол апат! Соғыс адамды қор ету!
Жаман әдет жұқпалы деген рас...
Ауыздан шыққан анттың бәрі орындалса адам адам емес, баяғыда-ақ періште болған болар еді...
Ерді намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқатады екен.
Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын.
Еркектер зорығып өлетін ауыр жұмыстарды бұ күндері қыңқ деместен әйелдер атқарып жүр. Оның сыртында, үй тіршілігін істейді, бала өсіреді, кәрі ата, енелерін күтеді.
Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғанын білмей де, байқамай да қалады екенсің!
Дарыны лайықты түрде бағаланбаған, кенеттен өмірден кеткен жазушының әрбір сөзі мығым, берік. Діттеген жеріне қателеспей барып тиеді. Расымен де, алашапқын мына заманда, көп нәрсені байқамаймыз. Сондықтан, осындай терең ой салар асыл сөздерді оқи отырып, өмірдің өзі нағыз сый екенін ұмытпайық!!!
«Comode.kz» сайтында жарияланған
5 қараша 2015 жыл