22 жасар Хусейн Ертұғрұл Түркияның Стамбул қаласында дүниеге келген. Бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде программист мамандығы бойынша білім алуда. Отандасымыздың Түркияда емес, Қазақстанда білім алу себебі қызықтырды.
Хусейн тарихи отанына жақын болу мақсатында жоғары білімді Қазақстанда алуға шешім қабылдаған. Ата-анасы еш қарсылық білдірмепті. «Түркияда лицейде білім алып жүргенімде Қазақстанға келу арманым болатын. Оқудың соңғы жылы елге келудің түрлі жолын іздей бастадым. Бір жолы Түркия қазақтарының Қожа Ахмет Яссауи атындағы қорына барып, сонда басшысын кездестірдім. Ол Қазақстан университеттеріне білім алуға мүмкіндік барын айтты. Мен сол кезде еш ойланбай бір сәтте-ақ Қазақстанға барамын деп шешім қабылдадым. Отаныма жүрегімдегі махаббатым мен сағынышым жетеледі», - дейді ол. Бүгінде жас жігіт Қазақстанда полицейлер бірқатар қиындықтар болып тұратынын айтады. Біздің құқыққорғау органының қызметкерлері оны үнемі түрікке ұқсатып, жиі құжаттарын тексеріп отыратын көрінеді.
«Ал білім беру саласында айырмашылық бар ма екен?» дегенімде, Хусейн «Түркияда тәжірибе жағы жақсы жолға қойылған. Ал Қазақстан теория жағынан мықты екен» деп жауап қатты. Шынымды айтсам, мен бұдан да нашар жауап естимін бе деп ойладым.
Хусейннің отбасында екі ағасы мен әпкесі бар. Ата-бабалары Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай округінен Түркияға қоныс аударған екен. Анасы Түркияда туылса, әкесі көш кезінде Пәкістанда дүниеге келген. «Ұлтым – қазақ, орта жүз ішінде кереймін. Ата-бабаларымыз Қытай саясатының зұлымдығына шыдамай, дін мен салт-дәстүрімізді сақтап қалу мақсатында көшіп кеткен», - деп толықтырды. Отандасымыз елімізде тұратын барлық қазақты туысым деп санайтынын жасырмады.
Түркия қазақтары – шеттегі қазақтардың ішінде ұлттық мәдениетті жақсы сақтап отырған диаспора. Оған екі түркітілдес халықтың жақындығы мен бауырластығы себеп болып отыр. Қазіргі таңда әр түрлі деректер бойынша Түркия Республикасында 20 мыңға жуық қазақ тұрады. Көпшілігі өз өмірінде жетістікке жеткен табысты азаматтар.
«Түркия қазақтары мәдениетті ұмытпаған, дәстүрді берік ұстанады. Келіп бір көз жеткізсеңізде болады. Тек дастарханымызда аз-маз өзгешелік болуы мүмкін. Қайткенменде, Түркияда тұрып жатырмыз. Әсері тимей қоймайды», - дейді қандасымыз.
Мені көбінше, кейіпкеріміздің отаны туралы қазіргі пікірі қандай болады деп алаңдатты. Өйткені, Түркияда жүріп еліміздің шынайы бейнесін білуі мүмкін емес еді. «Қазақстан мен күткенімдей болып шықты. Келгеніме қатты қуаныштымын. Мысалы, Түркиядағы түріктер Қазақстанды ең жақын бауыр халық деп есептейді. Мәдениетіміз жақын болған сон қатты құрметтейді. Табиғи байлықтың арқасында өмір сүріп отырғанын, қандай проблемалары бар екенін жақсы біледі», - дегенде көңілім орныма түскендей болды...
Қазір Хусеинге Қазақтандағы ең басты мәселе тіл мәселесі деп отыр. Айтқаны бекер де емес. «Қазақтың қазақпен қазақша сөйлеспеуі – негізгі мәселе деп білемін. Орысша білгеннің, сөйлегеннің зияны жоқ, бірақ өз қандастарымызбен өз тілімізде сөйлегеніміз орынды. Түркияда менің білуімше, қазақ мектебі жоқ. Сондықтан, ондағы жастар қазақ тілін үйренуге, көбірек сөйлеуге тырысады. Менде өзім қазақшаны онша білмейтінмін, осында келіп, 1 жыл дайындық курсынан өткеннен кейін ана тілімде қайта жақсы сөйлей бастадым», - деп сөзін қорытындылады.
Ал жас жігіттің ендігі арманы – Қазақстан азаматтығын алып қана қоймай, «көк туды биікке желбірететін азамат атану».