Ерасыл - батыр, талантты қолбасшы Қабанбайдың шын есімі. Біз болашақ ұлымыздың аты дарабоз ердің есіміндей болса екен деп армандадық. Міне, сол қуанышты сәт те көп күттірмей есігімізды қаққан-ды.
«Жақсылықтың ерте - кеші жоқ» дейді қазақ халқы. Иә, ол да рас шығар. Бірақ, кейде сол жақсылық өз уақытында болса ғой... Бәрі аяқ астынан болып, дүниеге жеті жарым айлық ұлды әкелдім. Шыр еткен даусын естігенде, оның демін кеудемде сезгенде бір керемет күйге ендім. Сондай қап-қара, кіп-кішкентай қорғансыз жан! Өз көзіме өзім сенбеймін! Алайда, дәрігерлер нәрестемді бір-екі минут болмай құшағымнан алып кетті. Медицина саласынан бейхабар болғандықтан ба, мұның артынан ешқандай қорқынышты сезінбедім. «Кешке таман емізуге әкеледі» деп үміттеніп жатқан менің ойымды бала дәрігері бұзды.
«Идаялова Динара деген кім?», - деді бойы ұзын, қысқа шашты әйел. – «Сіз өмірге әлі жетіле қоймаған, мерзімінен ерте туылған сәбиді әкелдіңіз. Балаңыздың салмағы бар болғаны 1850 кг, ал бойы 49 см. Ол өте ауыр халде жатыр, өз бетінше тыныс ала алмайды, өйткені өкпесі дұрыс жетілмеген. Біз қолымыздан келгенімізді жасауға тырысамыз, ұлыңыз біраз күн инкубаторда жатады. Егер көргіңіз келсе жансақтау бөліміне кіріңіз», - деді суық қабақты орыс ұлтының келіншегі, кейін шығып кетті.
Ауыр халде жатыр?! Қаншалықты ауыр? Не ойларымды, не істерімді білмедім! Үстіме дереу күлгін халатымды кие салып, жансақтау бөліміне жүгіріп кеттім. Кіре сала ұлымның қайда жатқанын сұрадым. Жұмысынан қолы тимей, әбігерге түсіп жүрген дәрігер қолымен палатаның оң жақ шетін көрсетті. Сұқсұрдай дәу, ақ кювезді көзім шалды. Және менің... балапаным... Қап-қара балапаным... Кіп-кішкентай мұрнына басынан үлкен тыныс алатын құралды қыстырып қойыпты, білегінде терісінен қалың системалық ине, кішкентай аяқтарында дененің температурасын қадағалайтын зор датчик, ап-арық, пысылдап ұйықтап жатыр. Датчик болса «мені көрдің бе» дегендей әрбір минут сайын есті шығарып жағымсыз дыбыс шығарады. Өз-өзімді ұстай алмай жылап жібердім. Жүрегімді бірнеше бөлікке бөліп, тіліп-тіліп тастағандай! Еріксіз шыққан жас тамшылары сауылдап ағып, тоқтар емес. Осы түрімді байқап қалған дәрігер маған жекіп сөйлеп, жыламауымды сұрады. Мен сияқты аналарды талай көріп, тіпті жыламсырағандардан мезі болған шығар. Бөлмеден атып шығып, өз палатама қарай жүгіріп кеттім. Еңіреп, ботадай боздап жылаймын. Палатадағы босанған өзге әйелдер мені жұбатумен әлек. Олардың сәбилерін көріп, қайта көзіме жас аламын. Неге мен?! Неліктен менің балам осындай күйде?! Қай жерден қателік жібердім?! Міне, осылайша талай түндерді өткіздім. Қоңырау шалып құттықтаушылар, лебіз білдірушілер көп болды. Бәрінің айтатыны бір, тіпті жаттап алғандай: «Әлі де адам болып кетеді, уайымдама». Қайғыға батып отырған маған бұл сөздер керісінше әсер етті. Ешкімнің қоңырау шалып, құттықтап немесе балам жайлы сұрағанын қалаған жоқпын. Жақын адамдарымды ренжітіп те алған шығармын, бәлкім. Бірақ мен сол сәтте ешкімнің жағдайын немесе көңілін бағуға тырыспадым және құлқым да болған жоқ. Бар ойым өмірі үшін жан таласып жатқан ұлымда. Ерасылымда. Тәңірімнен жатпай-тұрмай баламның амандығын тіледім. Жаратқанымның берген сынынан сүрінбей өтуімді сұрадым. Маған Алламнан басқа ешкім көмектесе алмайтынын білемін. Міне, осылайша күндер өтіп жатты. Басында жансақтау бөліміне кіруден қорқатынмын, өйткені баламды көрсем болғаны көз жасым дайын тұрады. Өзімді соншалықты әлсіз деп ойламаппын.
Алайда, өз-өзімді қолға алып, бекем болу керек! Өйткені, ұлым мен қобалжысам, ренжісем, қайғырсам бәрін сезіп жатады! Сондықтан, мен оған қалай да көмектесу керекпін! Еңсемді түсірмей, ең бастысы ұлымды аяғынан тұрғызуым қажет! Инкубатордан тезірек шығарып алуым керек! Ойларыммен, қорқыныш пен үрейлеріммен арпалысқа түскен мен жүрегім ауырса да ұлымның жанына барып әңгіме айтуды шығардым. Күндіз-түні жанында болдым. Ол өз бетінше емшек еме алмаған соң жіңішке шланг арқылы тамақтанады. Сондықтан, сүтімді сауып шприцтің көмегімен балапаныма сүт ішкізуді үйрендім. Баламды қолыма алып та көрдім. Мені танитын сияқты. Сөйлесем тындап жатады. Сонымен не керек, шала туылган балам күннен-күнге жетіліп, халі бірқалыпты бола бастады. Өз бетінше тыныс алуға бейімделді. Бірақ, дәрігерлер тыныс алу құралын әлі өшіріп тастаған жоқ. Енді нәрестемді ультрофиолеттің астына жатқызып қойды. Жанарына зақым келмеу үшін көздерін байлап тастады. Қара байлауыш балапанымның әбден мазасын кетірсе керек, қолайсыздықтан қайта-қайта жылай береді. Әлсіз болған соң, дауысы да әрең шығады. Кювездің екі жағынан қолдарымды сұғып басынан сипап, тыныштандырып қоямын. Ол ыңыранса жүрегім қарс айырыла жаздайды. Жансақтау бөлімінің дәрігерлермен де жақсы тіл табысып кеттім. Қайта-қайта сұрақтар қойып мазаларын да алған шығармын, сірә. Бастысы - баламның амандығы. Сондықтан, маған бәрібір болды, ол үшін отқа да түсуге дайын болдым.
Бір күні палатада ұйықтап қалыппын. «Где Идаялова?» деген дауыстардан шошып ояндым. Жүрегім зірк ете қалды. «Не болды? Балам аман ба? Ұлыма бірдеңе болды ма?», - деп сасқанымнан сұрай беріппін. Сөйтсем, мені іздеген апай: «Бәрі жақсы, сені балаңмен бір палатаға жатқызады. Өйткені, жансақтау бөлімінде орын жоқ. Енді сен жанында боласын, киімдеріңді жина», - деді. Мен не ойларымды білмеймін. Бұл жақсылықтың нышаны ма, әлде менің балама қарағылары келмей ме? Ал, егер ауа жетпей өліп кетсе қайтем? Дәрігерлер естерінен ауысқан ба? Немқұрайлылық танытқандары несі? Өзінше ашуланып жүрмін. Сорлы басым қуанудың орнына қорқып жүргенімді қайтесіз. Содан таңға дейін көз ілмей, инкубаторды торауылдаумен болдым. Ұлыма қараймын, дем алып жатыр ма, әлде жоқ па? Өйткені, барлық құралдарды өшіріп, тіпті алып тастаған, тек сол даусы жағымсыз датчик қана қалыпты. Кювездің астында жылт-жылт еткен көрсеткіштерге қайта-қайта қараймын, дәрігерлерді де қайта-айта шақыртамын. Сөйтіп, ол түнді де өткіздім. Ертесінде сол баяғы суық қабақты бала дәрігері келіп баламның жағдайын түсіндірді. Инкубатордан шығарып, қолға алып тұруын өтінді. Бір-екі күн өткеннен кейін шлангты алып тастап, ұлыма бөтелкеден сүт ішкіздім. Ему рефлексі де пайда болды. Сонымен көп кешіктірмей аман-есен үйге де оралдық. Қорқынышты, ауыр, қайғылы күндер артта қалды. Аллаға шүкір. Алайда анда-санда еске түсірсем жүрегім ауырып кетеді, көз жасымды бір сығып та аламын. Жазмыштан озмыш жоқ. Тәңірдің жазғанынан кім құтылып кете алады дейсіз?