Поляк қызы Сара Ковальчукпен таныстығым қызық басталды. Қытайда білім алып жатқан бір бауырымнан электронды поштама хат келіпті. Хатында ол польшалық Сара есімді қыздың магистрлік жұмысына көмек көрсетуді сұраған. Тақырып – «Қазақ ырымдары». Әлбетте, ұлты, тілі бөлек елдің жас ізденушісінің біздің салт-дәстүр, жол-жоралғыларымызды зерттеп жатқаны қызығушылығымды оятты. Таныса келе, Сараның қазақ тілін еркін меңгеріп, қазақ мәдениетін бір кісідей танып-біліп қоймай, өз білгенін Польша жастарына үйретіп жүргеніне де таңдай қақтық. Ал оның өзге ойлары мен қызықты пікірлерімен төменде ұсынып отырған шағын сұхбаттан таныса аласыздар.
Сара, қазақ тілін үйреніп, оның салт-дәстүрлерін зерттеуге деген қызығушылығыңыз қалай оянды?
Мені тіл үйренуге жетелейтін нәрсе – өзге жұрттың мәдениетін зерттеуге деген құштарлық. Ал мәдениетті зерттеу үшін, әрине сол елдің тілін білуің қажет. Өйткені, өзге тілде жазылған деректер сол елдің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін – жалпы картинасын өз тіліндегідей суреттеп бере алмайды. Бала күнімде түрлі елдердің билерін билеуге құмартатынмын. Сірә, менің Сіз сұрап отырған қызығушылығым осы билерден бастау алған да шығар. Қалай болғанда да, өзім туып-өскен Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің түркітану бөліміне оқуға түскеннен кейін, қазақ, түрік тілдері, бұл халықтардың мәдениеті бірден баурап алды. Бір тұстары біздің мәдениетімізге ұқсас шығып қалып жатса, кей тұстары – құпия жұмбақ. Бірақ, зерттеп тани түссең, астарында терең сыр, мән-мағына жатады.
Қазақстанға келмей, сырт елде жүріп зерттеу жұмыстарымен айналысу қиындық тудырмай ма?
Өкінішке орай, Қазақстанда әлі жол түскен жоқ. Бір жыл бұрын Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне Польша Үкіметінің стипендиясы бойынша оқуға барғым келген. Бірақ сәті болмады, дәл сол уақытта біздің университеттер арасындағы келісім аяқталып қалған екен. Менің Қазақстанға баруға деген құштарлығым ерекше. Зерттеу нысанымның – қазақ ырымдары екенін былай қойғанда, қазақ тағамдарының дәмін татып, Наурыз мерекесін тойлауға қатысқым келеді. Сондай-ақ, қазақ достарым жиі айтатын Қазақстанның нағыз бұрқасынды, қары мол қысын да көрсем деймін. Познаньда қар өте аз жауады, күн жыл он екі ай жылы болып тұрады, сондықтан маған Қазақстанның қысы ерекше болып елестейді.
Сөзіңе қарағанда, Қазақ елі жайлы бір кісідей біліп қалған сияқтысың. Ал Польшаның өзге жастары Қазақстан жайлы не біледі?
Шыны керек, поляк жастары Қазақстан жайлы өте аз біледі. Әйтеуір, Астана, Алматы сынды қалалардың атаулары таныс көрінеді. Ал мәдениеті, картада орналасқан жері, салт-дәстүрлері туралы сауал тастасаң, тоқырап қалады. Соған орай, ара-тұра Польша мектептеріне барып, балаларға Қазақ елі жайлы білгеніммен бөлісуге тырысамын. Адам Мицкевич университетінде жұмыс жасайтын Гүләйхан есімді қазақ апайымыз бар. Сол апайдың көмегімен жыл сайын Наурыз мерекесін тойлауды дәстүрге айналдырдық. Оның аясында қазақ тағамдарын әзірлеп, балаларға «Қара жорға» биін үйреттік. Гүләйхан апай өзі туып-өскен ел жайлы қызықты әңгімелер айтып, балаларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Бәрекелді! Қазақ достарыңыздың қатары көбейіп қалған болар?
Қазақ достарым бар, бірақ қазақша сөйлейтіндері, өкінішке орай, санаулы ғана. Жыл сайын Польшаға көптеген қазақстандық жастар білім алуға келеді. Көбі орыс тілінде сөйлегендіктен, қазақша әңгімелесе алмаймыз. Дегенмен, ғаламтор арқылы қазақша сөйлесетін достарым жетерлік. Олар әлемнің түрлі елдерінде өмір сүріп жатса да, әрқашан көмекке әзір, қызықтырған сұрақтарыма толыққанды жауап береді. Олар осындай ақкөңіл, ашық, қонақжай мінезімен нағыз қазақ халқының сипаттарын таныта білуде. Мәселен, магистрлік жұмысымның аясында қазақ ырымдарын зерттеп жатсам, қазақ достарым өз таныстары арасында да сұрау салып, маған әлі жұмбақ болып келген көп түйіндерді тарқатып берді. Олар мені мүлде танымаса да, қолдан келген көмектерін аяп жатқан жоқ.
Айтқандай, магистрлік жұмыс тақырыбыңыз ретінде қазақ ырымдарын таңдауыңызға не себеп болды?
Меніңше, ырымдар барлық елде бар. Тек не басқаша атау алған, не басқаша сипатталады. Бірақ, қазақ ырымдары мағынасының тереңдігімен ерекшеленеді. Олардың әрқайсысында философия, тарих тұнып тұр. Әрине, бір магистрлік жұмыспен бұл тақырыпты түгел тауысып тастай алмасым белгілі. Өз басым бұл жұмысты – үлкен зерттеу еңбегінің алғысөзі сияқты ғана бағалап отырмын. Ал оны терең танып-зерттеу үшін қазақ ауылдарын аралап, көпті көрген қариялардың әңгімелерін тыңдау қажет. Мамандығым бойынша, аудармашы не түрік тілінің мұғалімі болуым мүмкін. Алайда зерттеу жұмысымды ешуақыт үзбек емеспін.
Польша-қазақ саяси-мәдени, ғылыми қатынастары Сіз өмір сүріп жатқан ортада қаншалықты сезіледі?
Әзірге Польша дүкендерінен «made in Kazakhstan» тауарларын кездестіру мүмкін емес. Бәлкім, қазақстандық күнделікті қолданысқа жатпайтын тауарлар Польшаға әкелінетін болар, алайда олармен қарапайым халық таныс емес. Әйтеуір, телеарна жаңалықтарынан ғана екі ел арасындағы саяси-экономикалық қатынастар жайлы естіп қалып жатамын. Бірақ білім-ғылым саласындағы байланыстар жақсы жолға қойылған. Екі ел студенттері бір-бірінің жоғары оқу орындарына барып, тәжірибе алмасып жатады. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге келетін қазақ жастары да көп. Меніңше, мұның өзі – екі елдің достық қарым-қатынасындағы үлкен бір қадам.
Сара, әңгімемізді қазақ жастарына айтар тілегіңізбен түйіндесек...
Қазақ бауырларыма: «Қазақ тілін үйреніңіздер! Өз еліңізді мақтан тұтыңыздар және мәдениетін сақтаңыздар!» дегім келеді. Қазақ халқы өте қонақжай, мені танымайтын жандардың өздері де қонаққа шақырып әлек. Мен де Сіздерді Польшаға келуге, біздің мәдениетімізбен танысуға шақырамын!
Рахмет!