«Ертеңнен бастаймын», «бұл туралы ертең ойланам» немесе «ертең істеймін» деген сөзді өзіңіздің ішкі даусыңыздан жиі етисіз бе? Менің ойымша біздің өміріміз бітпейтін «ертеңдерден» тұратын секілді. Осы жаман әдеттен арылудың жолдарын іздеп пихологтарының бірнеше мақаласын оқып шықтым. Шын мәнінде адамзаттың бұл еріншектігін америкалық ғалымдар прокрастинация деген ауруга жатқызыпты. Калгари университетінің (Канададағы оқу орны)Пирс есімді профессоры бүкіл әлемнен жиналған 24 мың адамға сауалнама жүргізген. Олардың 95 пайызы істерін ертеңге қалдырады екен. Ал 25 пайыз респонденттер осы «дерттің» созылмалы түріне шалдыққан.
Блог жүргіземін дегенді ойға алғалы көп уақыт өтті. Күн сайын компьютер алдында түн жарымға дейін отырсам да бір мақала жазбадым. Осылай бір жыл өтіпті. Үй шаруасы, бала күтімі, теледидар қарау күнделікті орындалғанымен жаным қалаған мақала жазу ісі кейінге шегеріле берді. Бұған бөгет болған тек күнделікті күйбең ғана емес, «менің мақаламды кім оқиды», «біреулер мұны менен де жақсы жазады ғой» деген өз қабілетіме сенімсіздік еді. Әйтсе де мен бұл дертпен күресудің жолын тапқан секілдімін. Менің мақсатым, оқылған ақпаратты аударып жаза салу емес, өз тәжірибеме сүйене отырып сіздерге де істеріңізді бүгін бітіруге жәрдемдесу. Алдын-ала ескертем, бұл психолог ұсынған әрекет етуге арналған нұсқаулық емес, тек өзіме уақыт үнемдеуге көмектескен тәсілдер ғана:
- Әуелі сіз күнделікті қандай іс атқарасыз сараптама жасаңыз. Ұсақ-түйекке дейін тізіп шығуыңызды өтінемін. Ішінде міндетті түрде пайдасыз істер табылады. Мәселен, менде бұл интернетте қажетсіз ақпараттарды оқу, «лайк» басу отбасыма қатысты ғана ақпараттарды жариялау, теледидардан не басы, не аяғы жоқ бағдарлама, киноларды көру. Таңертең сағат қоңырауы шылдыраған сайын он не бес минутқа кері шегеріп жату. Мойындаңызшы, бұл да пайдасыз әрекет қой. Ешкімнің ұйқысы сол уақытта қанып қалмайды,тек кері әсерін тигізеді. Өз басымда әйтеуір солай. Қысқасы, осындай паразит істерден арыламыз. Әркім өзі үшін пайдасыз әрекеттерді өзі шешеді.
- Уақытыңызды жоспарлаңыз. Яғни ойша не қағазға жаза отырып күніңізді бірнеше бөлікке бөліңіз. Тізімге күнделікті атқаратын БАРЛЫҚ жұмысыңызды тізіңіз. Мұны ең дұрысы жатар алдында атқарған дұрыс. Бұл көп уақытты алады десеңіз қателесесіз. Мен үшін бес минут жеткілікті, ал келесі күннің сәтті өтуі үшін бұл тым көп емес деп ойлаймын.
- Таймер құрылғысын қолданыңыз. Жоспарға сәйкес әр іске бөлінген уақыт біте салысымен әрекет етуіңізді тоқтатыңыз. Көп жағдайда іс соңына дейін бітеді. Ал жоспарлаған уақытыңыз бітті тек ісіңіз аяқталмай қалса, қамықпаңыз, ертеңге қалдырыңыз. Таң қалып отырған боларсыз «қалай ертең?» деп. Мақаланың мақсаты ертеңшілдікпен күресу екені рас, дегенмен бір күнде бітпейтін істер бар. Жоспардың арқасында олар өз орнынан жылжыды.
- Соңғысы, өзіңізге есеп беріңіз. Мұны күнделікті не апта, тіпті ай сайын жасасаңыз да болады. Немесе жақын адамыңыздан сізден мұны талап етіп отыруын өтініңіз. Өйткені, таңқаларлығы, біз өзімізге қарағанда басқа адамның алдында жауапкершілікті болып келеді екенбіз.
Бітті. Бұл жазбаммен мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Ойлап қарасақ, кез келген мемлекеттің жүйесі осындай. Тек осыны жеке басқа енгізу қиынырақ екен. Күресіп көріңіз, мүмкін сіз де аталған дертті жеңіп қаларсыз.