Шамамен бір ай бұрын мен Google Translate Community қызметімен жұмыс жасау бойынша оқу курстарын өткізгенмін. Курстарға 300 адамдай қатысып Google Translate қызметіндегі қазақ тілінің аудармаларының сапасын әлдеқайда жақсартты. Енді мен сол курстың толық нұсқасын қазақ тілінде осы жерде жариялағым келіп тұр. Курстың орыс тіліндегі нұсқасы сілтеме бойынша орналасқан. Егер сіз Google Translate қызметіндегі қазақ тілінің аудармалары тезірек пайда болсын десеңіз Google Translate Community-ге белсеніп қатысуыңызды сұраймын.
Қызметте толыққанды жұмыс жасау үшін сіздің Google аккаунтыңыз болуы керек.
Алдыменен қызметтің басты бетіне жол тартайық. Ол келесі сілтеме бойынша орналасқан translate.google.com/community
Біз осында аударманың сапасын қалайша жақсартуға болатыны туралы ақпаратты көре аламыз. Өзгертулердің бірнеше негізгі түрі бар:
- Аудару. Сіз таңдалынған тілдердің арасында аударма жұмыстарын жасайсыз. Біздің жағдайымызда ол тілдер казақша және ағылшынша
- Сәйкестіру. Сіз әр сөзді оның аудармасымен сәйкестіруіңіз қажет
- Баға беру. Аударма сапасын 4 баллды деңгеймен бағалайсыз
- Салыстыру. Бірнеше аударма түрлерін салыстырып ең қолайлысын белгілейсіз
- Сонымен қатар осы скриншотта көрсетілмеген өзгерту түрі Validate - Растау. Сіз көрсетілген аударманың дұрыс не бұрыстығын растайсыз.
Егер сіз осы өзгерту түр-түрін толық түсінбесеңіз, өкінбеңіз, практика жүзінде барлығы оңайырақ көрінеді, сізден қандай әрекет керектігін сіз лезде түсініп, тілді білу деңгейіне байланысты өзіңізге ең қолайлы өзгерту түрін табасыз деген ойдамын. Мысалы мен болсам, өзгертулердің әр түрлерін жасауға тырысамын.
Теорияны кішкене түсіндік, енді практикаға көшейік. Кіру батырмасын басып Google Translate Community қызметінің басты панеліне қол жеткіземіз.
Google Translate Community қызметімен толыққанды жұмыс істеу үшін екі тілді жетік білу қажет: ағылшын және қазақ, себебі қазіргі кезде қызметтегі осы тілдер арасындағы аудармалар ең көп санды құрайды.
My languages батырмасын басып біз білетін тілдерді белгілейік. Ағылшын және қазақ тілін табамыз. Қазақ тілінің қасындағы жұлдызша белгісін көріп тұрсыз ба? Бұл тіл қазіргі кезде тестілеу режимінде деген сөзді білдіреді.
Save батырмасын басып, тілдер тізімін сақтаймыз.
Осыдан кейін бізге өзгертулер мәзірі қол жетімді болады. Біз көріп тұрғандай әзірше қазақ-ағылшын тілдерінің жұбында өзгерту түрлері аса көп емес.
Алғашқыда айтқанымдай өзгертулердің бірнеше негізгі түрі бар. Біз қарастыратын өзгертудің алғашқы түрі - Аудару. Бұл өзгертулердің ішіндегі ең қиыны деп айтуға болады. Себебі сіз екі тілді де өте жақсы деңгейде білуіңіз қажет. Кеңес ретінде жазылған ақпарат: аударманың тек бір ғана нұсқасын жазу керек, онда артық үтірлер, қосымша немесе жеке ақпарат болмауы тиіс.
Өзгертулердің келесі түрі - Бағалау. Төрт баллды деңгеймен аударма сапасын бағалауымыз қажет.
Бүгін қарастыратын өзгерту түрлерінің үшіншісі - Растау. Осы жерде тек қана екі жауап түрін беруге болады: аударма дұрыс немесе аударма бұрыс аударылған.
Сіз байқағандай өзгертулердің әрқайсысында негізгі жауаптардан басқа Skip - Өткізіп жіберу деген жауап түрі бар. Егер сіз негізгі жауапқа толық сенімді болмасаңыз, немесе дұрысын білмесеңіз осы жауап түрін таңдаңыз.
Осы өзгертулерді жасай бастағанда, олардың басқа да түрлері пайда болуы мүмкін. Немесе кейбір өзгерту түрлері мүлдем жоғалып кетуі мүмкін, оның себебі қазақ тілді аудармалардың толыққандылығына байланысты.
Статистика үшін сіз жасаған өзгертулер санын қарау мүмкіндігі бар, ол бас мәзірдің My answers бөлімінде орналасқан.

Google Translate Community қызметімен жұмыс жасау тәртібі бойынша осындай кішігірім оқу материалы жиналды. Сізге ол пайдалы болады деген сенімдемін. Және де бәріңізден сұрайтыным - қазақ тілін аударма қызметіне тезірек қосу үшін Google Translate Community-ге белсенді қатысушы болыңыз.
ізгі ниетпен, Марат Шакен
Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасы - Geektimes.ru