Жаһандану үрдісі тек мемлекеттер арасындағы шекараларды жойып қана қоймай, масс-медиа кеңістігінің есігін айқара ашып отыр. Бүгінде бір мемлекеттің телеарнасында пайда болған бағдарлама кейін басқа елдердің арналарында өз көрермендерін тауып жүр. Мәселен, соңғы жылдары әлемде белең алған «Voice», «Минута славы», «Х фактор», «Түнгі студия» бағдарламаларының баламалары отандық арналарымызда көрсетіліп жүр. Соған қарамастан, біздің отандастарымыз дәл осындай, бірақ шетелдік бағдарламаларға баруға әуес. Осыған қарап «Бұл немен түсіндіріледі? Оларды шетелдік байқаулар несімен қызықтырады? Өз еліміздегі «қазақшаланған» бағдарламаларға неге бармайды?» деген сауалдар туындайды. Рет-ретімен жауап беріп көрейін.
Сөздің басын ашып айту керек, отандық шоу бизнес әлі күнге дейін халықтың көңілінен шығатындай жағдайда емес. Елімізде әнші сымақ адамдар қаншама. Әннің әуені мен сөзінің сапасы да өкініш тудырады. Әрине, отандық өнер әлемінің тек жағымсыз жақтары бар деу үлкен қателік болар еді. Оның да сөзге іліп алар артықшылықтары бар. Бірақ, біздің қоғамда қалыптасып қалған «белгілі болғың келсе, таныс керек», «тек қалтанда қаржы бар болса ғана сенімен санасады» секілді стереотиптер үстемдік етіп тұр. Осылардың барлығы түптеп келгенде азаматтарымыздың арман қуып шетел асып кетуіне әкелетін себептер.
Сонымен, жұлдыз атану үшін шетел сахнасын көздеген «мергендеріміз» кімдер? Олардың араларында қарапайым азаматтар да, елімізде танылып қойғандары да бар. Бірақ олардың барлығы неміс, чех, украин шоуларын бағындырып жүрген қырғыз бишісі Атай сияқты лайықты деңгейде өнер көрсетіп жүр ме?
Мәселен, ресейлік «Минута славы» бағдарламасына «Айгөлек» республикалық балалар байқауының жүлдегері, жүргізушісі Еркеш Хасенов қатысып келді. Оның мұндай бағдарламаға қатысуына қолдау көрсеткен танымал әнші, композитор Марат Омаров екен. Еркештен бұрын өзінің жұлдызды сәтін сынамақ болған цирк өнерінің белгілі тарландары Мұтырғановтар әулеті болды. Ресейден ары асып Украина мен көршілес жатқан Қытайдың «Voice» мега жобасына қатысып, әділ қазылардың да, көрермендердің де жүрегін жаулаған, орындарынан тұрып қошеметтеуге ие болған отандастарымыз Даулет Қазғалиев пен Қалжан Темірбаевтар тағы бар.
Қазір «7 арнадан» Ресейдің серке композиторы, продюсері Константин Меладзенің бұрынғы кеңестік кеңістіктің төрт мемлекетін (Қазақтан, Ресей, Украина және Белоруссия) қамтыған екі үлкен жобасы көрсетіліп жүр: біріншісі өткен жылы болып кеткен «Хочу в Виа Гру» болса, екіншісі қазір болып жатқан «Хочу к Меладзе» байқауы («Хочу Меладзе» демегеніне шүкір). Қыздар қауымы арасында өткен «Хочу в Виа Гру» бағдарламасында Карина Фазлиева, Тамаша Орланбаева, Гүлнұр Маликова, Адель Шавдуновалар өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Өкінішке орай (қуанышқа да орай шығар), қыздарымыздың бағы жанбады. Тіпті елімізде танымал «Текила» тобының бұрынғы әншісі Анастасия Россошанскаяның тәжірибесінің молдығына қарамастан өз өнерімен көзге түсе алмады.
Ал тек жігіттер бақ сынайтын «Хочу к Меладзе» байқауы әлі де жалғасуда. Бұл жерде біздің жігіттеріміз қуантып жүр деуімізге әбден болады. Қазір Меладзенің тобында орын алуға Әлібек Альмадиев, Фариз Мамедов және талай отандық музыкалық байқауларға қатысып, топ құрып та үлгерген Анатолий Цой таласуда. Кімнің жеңіске жететіні белгісіз. Алматыда Цойды қолдауға шақыратын баннерлерді күнде көріп жүрміз. Ал қалған отандастырымыз ескерусіз қалған секілді. Бұл Цойдың елімізде бұған дейін жеткен жетістігінің жемісі ме, әлде шоу-бизнестегі «трайбализм» бе?
Отандастарымыздың мұндай бағдарламаларға қатысуы жақсы, олардың жетістіктері үлгі. Бірақ осы жерде тағы бір мәселе ескерусіз қалып отыр. Ол – отандастарымыздың сыртта мемлекетіміздің имиджінің қалыптасуына, патриотизм сезімінің оянуына қаншалықты ықпал етуі. Мемлекеттен тыс аймақтарда өнерін ортаға салып жүргендер біздің төл мәдениетімізді, халқымызды, ұлттық ерекшелігімізді танытып жүрген «өкілдеріміз».
Шетелдік азаматтардың көпшілігі Қазақстан жайында біле бермейді. Бүгінде басқа елдерді тікелей әншілер, әртістер немесе спортшылар арқылы танып жатқандар қаншама. Біздің қатысушыларымызға жеңіске жету, амбицияларын жүзеге асыру міндеттерінен бөлек, жариялық дипломатия секілді, елдің жағымды имиджін қалыптастырып, оң жағынан таныту миссиясы жүктеліп отыр. Көгілдір экранның бер жағында отырып, сахнада өнер көрсетіп отырған бауырларымыздың талантына, сөйлеген сөзіне, өзін-өзі ұстауына сүйсіп, мақтанышпен қарайсын. Міне, біздің халық осындай дегін келеді. Кейде қарама-қарсы әсер қалдыратындар да болады. Сондай сәтте еліміздің ұятын шығармай қатыспағаны артық еді ғой деп қынжыласын. Имидж мәселесі бірден көзге түсіп, ойымызға келмегенімен, мемлекетіміз өте үлкен рөл ойнайды. Сондықтан, біздің елден кеткен қатысушылар әрбір қимылына, жүріс-тұрысына, сөзіне есеп беріп, жауапкершілікпен қараулары керек.
Көкейімде жүрген келесі сауалдар: «Осының барлығының арасында патриотизмге орын бар ма? Патриотизм – отандастастарымыздың елімізді шетелде танытуында ма, не болмаса оларға жұмылып, «өзіміздікі жеңсін» деп дауыс беруімізде ме?» Әрине, шетелде жүргендер елдің назарына ілігеді. Жақсы өнер көрсетіп, мақсатына жетіп жатса, отандасымыз үшін мақтаныш сезімі оянады. «Бұл біздің азамат» деп қуанамыз. Мұны біздің жүрегімізде патриотизм сезімінің оянғаны деуімізге болады. Оларға жаппай қолдау көрсету қоғамның консолидациясына әкеледі. Жастарымызға үлгі болады. Шоқтығы жаңайын деп тұрған жұлдыздарымыз да «Қазақстан», «менің елім, жұртым» деп өз Отаның ауызына алып жүрсе, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, шыққан тегін ұмытпағанының белгісі.
Сондықтан, қай-қайсымыз да болашақта осындай бағдарламаларға қатысуға бел байласақ, артында қалған мемлекетін жайында, сенің қазір оның «айнасы» екенінді ұмытпағаның жөн.