Өткен сенбіде Астанада "Multispace" коуоркингінде сөз сөйлеген болатынмын. Фейсбукта алдын ала жарияланған іс-шара жайлы арнайы парақшада "қатысамын" деген түймені түрткендер саны 52 адамды құраған болатын. Бірақ іс жүзінде одан көп есе аз адам қатысты. Мен бұрын-соңды осындай өте аз жиналған аудиториямен бірінші рет жұмыс істеуім. Кейін Алматыға оралып, осының себептерін сараптап көруге тырыстым. Астанада демалыс күндері адам жинау үлкен проблема екенін бұрыннан-ақ естуші едім, бұл жолы оған өз көзім жетті. Менің ойымша, бұл жерде бірнеше себеп бар:
1) Астаналықтар аптасына бес күн бойы Елордада жұмыс істеп, демалыс күндері Алматыға немесе басқа қалаларға тайып тұрады да, демалыстарын сол жерлерде өткізеді. Мен Астанаға шығар алдында бас қаламызда тұратын бірталай достарыммен хабарласқан болатынмын. Біреуі Астанада болатын болса, онда ертең мен де сенімен шығу керекпін десе, екіншілері басқа қалаларда демалыстарын өткізіп жатқанын айтты. Бұл бірінші себеп.
2) Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, жаңбыр жауған күндері Астанада қалған астаналықтар уақытын үйде өткізіп, сыртқа аса шыққысы келмейді екен. Расымен сенбі күні ауа райы жаңбырлы болды.
3) Астана аумағы Алматыныкімен салыстырғанда едәуір кіші, бірақ әрбір қаладағыдай бұл жерде де "қала орталығы", "қаланың шеті" деген ұғымдар бар. Астаналық таныстарымның айтуы бойынша, мен семинар берген орталық сол қаланың шетінде орналасқан екен, бұның өзі кейбір астаналықтар үшін жол жүріп, уақыт құртуға ерінудің себебі бола алады екен. Біз болсақ Алматыда іс-шара өтіп жатса, ауа райын елемей, қар борап тұрса да дірдектеп, кептелісте ұзақ уақыт тұрып, қаланың бір шетінен екіншісіне бара береміз.
4) Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, олар жақында ашылып, смм жұмысын әлі толықтай ретке келтіріп үлгермепті, сол себепті мен қатысқан іс-шара жайлы ақпарат көп адамға тарай қоймапты.
5) Әр қаланың өз ерекшелігі бар, соны ескермеген менен де қателік кеткен шығар.
Не болса да, Астанаға әр кез барғанымда бас қаламыздың таза ауасын жұтып, достарымды көріп, біраз қуат жинап аламын. Ұйымдастырушылардың жұмысына келетін болсам, өткізу орны кең, жарық, техникалық жабдықталу деңгейіне жоғары баға беруге болады. Айтқандай, бұл іс-шара Astana Mall (Ajar) деген жерде өтті. Айтыңыздаршы, бұл жер шынымен де қаланың шетінде жатыр ма? :)