«Оян, қазақ!!!» - деп жазғым келмеді. Біз оянғалы қашан: көзіміз ашылды, дұрыс-бұрысты саралай алатын деңгейге жеттік. Енді енжарлық пен немқұрайлылықты, жалқаулықты жеңу ғана қалды. Сол үшін жаздым: «Көтеніңді көтер, қазақ!» - деп. Сол үшін тағы да: «Осы қыздың есі дұрыс емес... бұлай жазу ұят емес пе?..» - деп кінәлаңдар мені, қаралаңдар, жамандаңдар, мейлі... маған енді бәрібір! Қит етсе: «Ұят болады...» - деп шығасыңдар. Қайда болған сол ұяттарың кеше?.. Кеше Қазанатта тұлпарлар дүбірлеп шапқанда, 11 елдің ішінен біздің батыр суырылып шыққанда жанкүйер боп, қиқулатып дем беріп отырудың орнына жатты ғой ұйықтап ұяттарың өздеріңмен бірге! Міне...
«Ұят болған екен!..» - деп осындайда айтады. / Бұл сөздің де айтылатын орнын біліп жүріңдерші, айналайындар!!! / Ұят емес, масқара!!! Өз тілінде сөйлей алмайтын қазақты көргенде бет шымшисыңдар, сынайсыңдар көшеде қатемен жазылған билбордтарды көргенде, отырып алып: «Біз осы қашан қазақ боламыз?..» - деп көкисіңдер, ал жеме-жемге келгенде жатасыңдар тоңқайып ұйықтап! Көкпар өтті өткен жылы – кеңселеріңнен шықпадыңдар, астаналықтар! Жарайды, жұмыс күндеріне сәйкес келіп қалды. Кеше жексенбі еді ғой, аударыспаққа арсылдап жүгіріп келетін орның еді ғой, қазақ?.. Мына суреттерден көріп отырсыңдар қаншама орынның бос болғанын...
Таңым бар...
- Астананың операсына қырылып кезекке тұрып билет аласыңдар /арзан емес билеттері/ - ал, кіруі тегін десе де атшабарға келмейсіңдер...
- Барасыңдар түк түсінбесеңдер де сол операға, кеш бойы отырасыңдар «титр» оқып – ал, өзіміздің ұлттық ойынға келгенде: «Аударыспақ деген не сонда?..» - деп мақау бола қаласыңдар...
- Барасыңдар сонда колготки киіп алған еркектердің биін тамашалауға – аттың үстінде жүрген мықты жігіттердің ойынын көруге келмейсіңдер...
Иә, барыңдар операға да! Мазақ етіп отырғаным жоқ! Ол да – өнер! Тамашалаңдар! Тек, адам өзінің төл мәдениетіне жанашыр болуы керек қой, ең әуелі! Кеше жанкүйерлер арасынан біраз шетелдік азаматтарды көрдім. Олардың көргісі келеді, өйткені, жоқ оларда көкпар да, аударыспақ та! Шет жаққа шыққанда сол барған елінің мәдениетімен танысқысы келеді олар. Ал, біздің қазақ өз жерінде отырып «аударыспақ» деген қандай ойын екенін білмейді. Мен де білмегем! «Гуглдан» іздедім, ақтардым біраз, қарап шықтым «Википедиядан», сосын кеше барып өз көзіммен көріп қайттым. Енді – білем!!!
Күні кеше Астанада қазақтың ұлттық ойыны «Аударыспақтан» Бірінші Азия Чемпионаты өтті! Естімегендер болса... бірақ, менің айналамдағы дос-таныс-әріптестерімнің барлығы хабардар. Өйткені, ерінбей отырып 200-ден астамына ватсаппен жібергенмін аударыспақтың афишасын. Өтінішімді қоса жолдадым: «Осы афишаны әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызға жариялаңыздаршы...» - деп. Қамшы салдырмастан қимылдайтын достарыма алғысым шексіз!!! Түк болмағандай, міз бақпастан үнсіз қалған замандастарыма көңілім баяғыдай: өштеспеймін де, жауласпаймын да... бірақ, бұлай «игнор» жасағандарына іштей ренжідім. Оны жасыра алмаймын. Мен: «Жарнамалашы...» - деп, анау «Билайн...КаспийБанк...Колалардың...» афишасын жіберген жоқ едім ғой. Бүкіл қазаққа ортақ, мақтанып айтуға тұрарлық үлкен доданың алдында: «Ей, бауырларым! Барайық бәріміз! Мынадай шара өтіп жатыр екен...» - деп, әлеуметтік желідегі парақшаларында бір ауыз жылы сөз жазып қойса - оқырмандарының саны кеміп қалмас еді ғой... жарайды, бұған тіреліп қалған ештеңе жоқ! Жай... көңілі ғой адамның! Бұл да болса менің айналамдағылардың өз ұлтына деген жанашырлығын көрсеткен «инцидент» болды.
«Адам көөөөп боп, отыратын орын таппай қалмаймыз ба?.. Сағат қаншада барғанымыз дұрыс... ертерек барайық па?..» - деп телефон соққан Ләйлә /Сұлтанқызы/ аласұрып. Мен күлдім. Себебі, көкпарда көргенмін... дәл сол жағдай қайталанды. Жетім қозыдай көзіміз жаутаңдап отырдық тағы да әр жерде шоқиып-шоқиып. Көңілі кең қазақпыз ғой – кең отырдық; қыстырылып отырсақ қызықтырақ болар еді, бірақ...
Сонымен, өзіміздің палуандарды қолдауға кім келді – кім келмеді?.. Кім келуі тиіс болатын?.. мынадай сараптама жасадым:
|
|
Олар ойлайды: |
Мен ойлаймын: |
1 |
Журналисттер
|
Продюсер айтса – барам ғой съемкаға, сұхбат алып қайтам... айтпаса – не істеймін барып?.. менің не қатысым бар?..
|
Сен – қазақсың!!! Сюжет жасайтын болсаң да, жасамайтын болсаң да келуің керек еді. Арнайы бағдарлама түсіретін кезде ғана жылпылдап жүресіңдер! /Қатты айтсам кешіріңдер, әріптестер.../ Мен журналисттерді көрермендердің арасынан көргім келді. Бір-екеуін ғана байқадым. Ал, егер Астанадағы бірнеше телеарнаның басын біріктірген Медиа Орталықтың тілшілері топырлап келер болса – бос тұрмас еді қаншама орын. «Хабар...24kz...Білім және Мәдениет...Қазақстан...Қазақ Радиосы...» - Қайда болдыңдар, әріптестер?.. Ұрандатып: «Еліміздің болашағы... Мәдениетіміздің өркендеуіне үлес қосу... Көк байрағымызды көкке көтеріп... » - деп әншейінде әдемі сөздерді жиып-теріп, ауыз жаппай сайрайтын сендер емес пе едіңдер?.. Неге келмедіңдер қазақтың спортшыларын қолдауға, неге қуана алмадыңдар бір қазақтың баласы 10 елдің палуанын ойсырата жеңгенде?.. Уақыт болмады ма?.. Ей, Біржан батырымыз 10 секундта қарсыласын аттан құлатып, абсолюттік чемпион атанды... ал, сендер уақыт дейсіңдер... Ұят, әріптестер, ұят...
|
2 |
Әншілер
|
...ол жерге мені шақырған жоқ; ...тойым бар, бара алмаймын; ...менің не қатысым бар?
|
Сен – қазақсың!!! Саған қандай шақыру керек, бауырым?.. Тек: «Ән айтып кетші...арнайы ВИП орын дайындап қойдық, кел!..» - деу керек пе?.. Жарайды! Алматы және басқа қалалардағы әншілер Астанаға жете алмады дейік. Алайда, «аударыспақ өтейін деп жатыр екен... бара алмайтын болдым... жігіттерге сәттілік!..» - деп те жазбадыңдар ғой адамның көңілі үшін. /Есімдерін жазып, абыройларын төкпей-ақ қояйын, іштері сезіп отыр ғой.../ есесіне, айдаладағы шетел футболшыларының суретін салып Инстаграмға, түнімен ұйықтамай телміріп отырдыңдар теледидарға. Алыстағылардың жайы осылай! Ал, Астанада тұратын жұлдызсымақтарымыз туралы айтудың да қажеті жоқ шығар?.. ешкімді көрмедім көрермендер арасынан!
Қазақтың тойы, әдетте, кешке басталады. «Әншілер тойларын тастап, атшабарға келуі керек еді...» - дегенім емес. Уақыты, мүмкіндігі бола тұра, келіп өз спортшыларымыздың жеңісін қарапайым халықпен бірге көріп, халықпен бірге қуана алмағандарына ішім удай ашиды. Әйтпесе, сахнаға жылтырақ көйлекпен шығып: «Халқым, сен аман бол! Қолдаушым өзің!.. өнерімді қолдайтын - өзің...» - деп тебірене сөйлеп, басы еденге жеткенше иіліп, сосын әдемілеп майысып ән айтқанда шебер ғой бәрі... қалай ренжімейін??? Екі күннің бірінде: «Анадай конкурс боп жатыр, халқым, дауыс бер... мынадай фестивальға шығып жатырмын, халқым, қолдау көрсет...» - деп миды ашытады Твиттерде. Дауыс жинау керек болғанда шыр-пыр болады солай. Ал, нағыз жауапты сәтте қазақпен бірге неге бола алмайды?.. Неге қоғамдық өмірге араласпайды?.. Әрқайсысының Твиттерде де, Инстаграм, В контакте желілерінде минимум 20 мыңнан 50-60 мыңға дейін оқырмандары бар. Неге үн қоспады?.. Мен қай-қайсысының болса да «аңдыдым» жазбаларын. Иә, нақты фактпен сөйлеу керек болған соң, өтірікші болмайыншы деп біразының жазбасын бақыладым. Игнор!!!
Айналайын, әншілерім-ай! Тәуелсіздік күні жақындағанда шала бүлініп «Туған жер» туралы, Астана күніне орай «Айхай-ахоу... Елордам менің!..» - деп «одноразовый» ән жаздырып халықты алдауды қысқартсаңдаршы! Ақымақ емес қазағың! Кімнің «кім» екені кеше-ақ көрінді! Шырылдауық шегірткедей егін бар жерде секіріп, гонорар жоқ жерге бас сұқпай жүрсіңдер ғой онсыз да. Түсінікті, әркімдікі – тіршіліктің, бала-шағаның қамы... бірақ... ең құрығанда, айда-жылда өтетін осындай игі бастамаларды қолдауларыңа болады ғой. Қара бастың қамы деп жүргенде, қара қазақтың ұлттық өрнегі саналатын құндылықтарды жоғалтып алмайықшы...
|
3 |
Депутаттар
|
Депутаттардың не ойлағандарын білмеймін, шынымды айтсам...
|
Сен – қазақсың!!! -деп ойладым мен. Сен – қазақтың депутатысың!!! Айналдырып кеп «қос қатын алуды заңдастыру мен көшелердің атын өзгерту» жайында мәселе көтере бергеннен түк өнбейді. Халқыңмен бірге бол! «Маған дауыс бер, елім!» - дегеніңде, ерді ғой аңғал қазақ соңыңнан. Болдың ғой депутат! Енді шықсаңшы кабинетіңнен! «Депутаттар ерігіп жүр...» - дегенім емес! Алайда, қазақтың ұлттық ойынына жанашыр боп неге отырмады халық арасында?.. Неге арнайы шақыртуды күтеді?.. Жай бір концерт емес менсінбей, мұрын шүйіріп қоя салатын, «Нұр Отан» -ның қолдауымен өткен шара ғой. Әншейінде осы: «Партия қайда болса – мен сонда!..» - деп бәйек бола қалатындары қайсы?.. Жарайды, іс-сапарға кеткен шығар кейбірі, кейбірінің ас үйінде құбыры жарылып үйінен шыға алмай қалған шығар... қайын жұрты келіп қонақ күткен шығар... құдалық атқарған шығар... не басқа да қауырт шаруалары шығып қалды делік... Сенат пен Мәжілісті қоса алғанда 150-дей депутат бар. «Тоғыз әйелдің толғағы бір» деп, барлығы қаладан кетіп, барлығы үйінен шыға алмай қалды деу – ақылға сыймайды ғой...
|
Мен – журналист емеспін, блогер емеспін, Ұлттық спортты насихаттап жүрген қауымдастықтағы біреудің қатыны да, тоқалы да емеспін! Мен – бір тентектеу қызымын қазақтың!!! Мені көп сынайсыңдар сендер! «Маржан жаман! Құдай үшін Маржаннан үлгі ала көрмеңдер!» - дейсіңдер. Жаман қыз барды атшабарға кеше, жақсы адамдар, сендер қайда болдыңдар?.. Жаман қыз жанкүйер болып қайтты қазақтың жігіттеріне, жақсы адамдар, сендер неге жете алмай қалдыңдар?.. Жаманмын! Иә, жаман қызбын мен! Білем мен жаман екенімді! Ал, сендер өздеріңнің қандай екендеріңді білесіңдер ме?..
«Мұсылманмын!» дейсіңдер – қалай дұрыс дәрет алу керектігін білмейсіңдер,
«Қазақпын!» дейсіңдер – қазақтығыңды дәлелдейтін сәтте сүмірейіп бұғып қаласыңдар!
Мен – жаманмын! Қазаққа кішкене де болса жаным ашитын жаманмын! Ал, сен кімсің, бауырым?..