"Әрбір жақсы адаммен жолығып, әңгімелескен сәтімді бір жылға баладым" деген мағынада айтылған Лұқпан Хакімнің сөзі бар ғой. Төмендегі өлең сондай кездесуден туған еді. Осы бүгін мен құрметтейтін тағы бір адамға ұнады. Шын қуаныштымын. Негізі біраз дүние жазған едім. Бірақ, өзіме ұнайтындары тым сирек. Мынау сол сиректің бірі. Қарап көріңіздерші.
Жылату оңай, жұбату қиын – мойындалмайтын заңдылық.
Таусылмайтын әңгіме айтамыз екеуміз таңды таңға ұрып.
Бүгін де, міне, бұйырмайтын бала сипатқа оралдық.
Отырып алып ой-қырдағы үйімізді сағындық…
Бар екен әлі бойымызда бала мінез мәңгілік
Көрге де бірге енетін бізбен елес бейне жаңғырық.
Өнер екен тазалықты сәбиге тән жоғалтпау,
Ал біз оны тамашалаймыз, таңдай қағып, таң қылып.
Содан да болар шалыс бассақ қаламыз бірден мәңгіріп
Алады билеп бойымызды ала да құла сан күдік.
Жұртта қалған тәнімізге үймелейді жын біткен,
Жанымыз кеткен көз көрмеске тыныштық іздеп, қаңғырып.
Тілесек те қанша кешірім сұрап, айтсақ та қанша сан құлдық.
Күнәһар сипат, қисынсыз мінез біздегі бойда бар қылық.
Мазмұнсыз, мәнсіз сөзімізді айтып біз-дағы бір күн өтерміз
Тал бесік пен жер бесіктің арасын жүріп, шаң қылып.
P.S. Ұнайды маған өзіңе тән, өзгеше біткен арлылық…