Бір танысым банктерде құжаттарды рәсімдеу кезінде (әсіресе несие рәсімдеу кезінде) саусақ таңбасын алғаны туралы естідім дейді. Досымның сөзінен кейін сұрастырып көрсем, қаржы институттарының мұндай тәсілді қолдануға талпынғаны рас екен. Тек сынақ жүзінде ғана. Алайда бұл біздің қоғамға сәл қорқыныштылау естіледі. Өйткені бізде қылмысқа күдіктілер мен қылмыскерлердің ғана саусақ таңбасы алынады. Сондықтан, мұны енгізгісі келген банктер бұдан бас тартқан. Бұл әзірше болуы мүмкін. Ал, болашақта саусақ басып, қол қойып жатсаңыз таңданбаңыз. Сондықтан біліп жүріңіз.
Бұл қалай жүзеге асады? Мысалы, несие рәсімдеу кезінде сіздің саусақ таңбаңызды сканерленіп, бірден мәліметтер базасына жөнелтіледі. Бұл сіздің қоятын қолыңызды ауыстыра алады. Әрі электронды қолтаңбаңызды алмастыра алуы мүмкін.
Банктердің мұны қолдануы қаншалықты заңды? Банктер мұны қолдана ала ма? Иә, мұны банктер қазірдің өзінде қолдана алады. Өйткені несиені рәсімдеу мен клиенттер туралы ақпаратты қалыптастыруды әрбір банк өз ұстанымына сай жұмыс жүргізеді. Тек, есте ұстайтын бір нәрсе заң бойынша құқық қорғау органдарынан басқа ешкім сіздің келісімсіз саусақ таңбасын беруге мәжбүрлей алмайды. Мысалы: менеджер сізге саусақ таңбаңызды қалдыру туралы өтініш жасаса, бас тарта аласыз. Мұндай жағдайда қолыңызды ғана қоясыз. Келісім берген жағдайда банкте жеке биометрикалық мәліметтерді алуға арналған жабдықтар сертификатталғандығына көз жеткізіңіз. Және суретке түсіру, жазып алу үрдістері туралы мұқият түсініп алыңыз. Бұл туралы банк ұсынған құжатта анық жазылған болуы тиіс. Және сіз туралы мәліметтер қатаң сақталуы тиіс.
Айтпақшы, саусақ таңбасынан бөлек көз қарашығыңыз бен даусыңыз да биометрикалық мәліметтер болып саналады және әр адамның саусақ таңбасы, көз қарашығы басқаларға ұқсамайды. Сондықтан, саусақ таңбасымен бірге көз қарашығыңызды суретке түсіріп, даусыңыз арқылы «қол қойыңыз» десе таңданбай- ақ қойыңыз. Болашақта дегенім ғой.