Автокөлікті алдын-ала төлемсіз, бөліп төлеу арқылы сатып алыңыз. Осы тектес жарнаманы жиі еститініңіз анық. Мысалы: 1 миллион теңге тұратын көлікті банк арқылы пайыздық үстемақысыз өз бағасына аласыз. Әрі бөліп төлейсіз. Сонда банкке қандай пайда? Автокөлік сатушы салонға ше? Көп адам бас қатыратын сұрақ. Ретімен баяндап көрейік.
Ең бірінші банк пен автокөлік салоны арасында арнайы келісім жасалады. Банк арнайы несиебағдарламасын ұйымдастырады. Ал, автосалон автөкөлік бағасына жеңілдік жасайды. Бұның автосалон үшін пайдасы көлікті көбірек сатады. Өйткені көпшіліктің бірден сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Ал, банк арқылы бөліп төлеу шартымен сатып алуға мүмкіндігі бар. Бөліп төлеу шартын жеке салонның өзі жүзеге асыра алмайды.
Ал, банк үшін қандай пайдасы бар? Банк үшін пайда дилер берген жеңілдік есебінен болады. Мысалы: автокөлік 1 миллион теңге тұрады. Банк дилермен келісе отырып, 10 пайыздық жеңілдікпен яғни 900 мың теңгеге сатып алады. Клиенттерге бұл көлікті өз бағасына 1 миллион теңгеге сатады. Сіз көлік салонынан, бірақ банктен 1 миллион теңгеге сатып аласыз. Осылайша банктің пайдасы 100 мың теңгені құрайды. Сондағы тізбек былай болады: автокөлік салонынан банк арнайы жеңілдікпен сатып алады. Бұл сатып алу кезінде банктің алдын-ала төлем жасамайтынын, яғни банк өзіне сатып алмайтынын ескерген жөн. Сатып алу клиент салонға келгенде жүзеге асады.
Банк көлікті клиентке бөліп төлеу шартымен өз бағасына несиеге сатады. Клиент автокөлікті арнайы несие бағдарламасы арқылы бөліп төлеу шартымен, пайызсыз автосалон бекіткен бағаға сатып алады. Қаржыны белгіленген мерзімде банкке қайтарады. Бұл үш жаққа да тиімді. Тұтынушы дәл сол бағаға салонның өзінен-ақ автокөлікті сатып алмаймын ба деуі мүмкін. Әрине 1 миллион теңге қолыңызда болса, бірден сатып алған жөн.
Алайда қаржыңыз жетпейтін болса, бөліп төлеуге жүгінесіз. Ал, көлік салондарының өздерінде бөліп төлеу қарастырылмаған. Қазақстандық банктерде көп жағдайда бөліп төлеу бағдарламасы жарты сомасын алдын-ала төлеу арқылы жүзеге асырылады. Кей жағдайда алдын-ала төлемсіз 100 пайыз бөліп төлеу бағдарламасы кездесіп қалуы мүмкін. Бұл үшін банктердің сайтын шолып шықсаңыз жетіп жатыр. Қалаған ақпаратыңызды табасыз. Болмаса өзіңізге ұнаған автокөлікті сататын салонға барып, банк менеджерлерімен ақылдасып көрсеңіз болады.
Ескеретін жайт автокөлік қарыз соманы банкке қайтарғанша банкте кепілдікте болады. Кепілдік дегенге жаман ойлап қалмаңыз. Ол қағаз жүзінде ғана. Көлік алуды ойлап жүрсеңіз, сәттілік! Ескеретін жайт, соңғы уақытта шетелден қолданыстағы көлік әкелу азайғандықтан, қазіргі нарықтағы ескі көліктің бұзылмайтын, соғылмағанын табу қиын. Сондықтан, жаңаға көз салған әлдеқайда тиімді. Жаңа көлік пен ескі көлік алудың айырмашылығы туралы келесі жазбада.
2012 жылдың қорытындысы бойынша мәлімет: Қазақстанда сатып алынған әрбір екінші жаңа автокөлік несиеге рәсімделген.