↑
Тег: ревматизм
Еліміздің ревматологтары күн сәулесіне теріні қыздырғанда абай болу керектігін ескертеді
Қазір ревматикалық қызба жер шарында жүрек -қан тамырлары дертінен кейін екінші орында тұр. Ең қорқыныштысы бұл кеселге еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың шалдығуы жиілеген.
Алматыда Ресей және Қазақстанның ғалымдары ревматикалық қызба ауруларын емдеудің инновациялық әдістері және тәжірибелерімен бөлісті. Екі күнге созылатын жиынды Алматы қалалық ревматология орталығы мен Қазақстанның Тәуелсіз ревматологтар қауымдастығы ұйымдастырды.
Сонымен аяқ-қолыңыз сырқырап, кейде қақсап , жаныңызды жегі кеміріп, діңкелеткенде терапевт немесе жалпы тәжірибе дәрігері емес, ревматологтың көмегіне ертерек жүгіну керек. Ескеретін тағы бір жәйт буын ауырғанда оны асқындырып алмау керек. Әйтпесе мүгедек болып құрттай қаласыз. Ал елімізде небәрі 160 ревматолог бар. 17 миллион халықтың санын ескерсек, маман жетіспеушілігі жайында айтудың өзі артық сияқты. Халықаралық жиында ревматолог , медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақытшолпан Исаевамен таныстым. Тәжірибелі маманның айтуынша буын ауруына шалдыққандар күннен-күнге көбейіп келеді.
-Мына ревматикалық аурулардың бәрін ревматизм деп бей-жәй қарауға болмайды. Ауруын асқындырғандар мүгедек болып, жұмысқа жарамсыз болып қалады. Қазір осы аурудың ревматоидты буын сырқаты деген түрі көш бастап тұр. Ал кеселдің қалай пайда болатыны жайында айтатын болсақ, оның себебі әртүрлі. Ең бастысы инфекциялық аурулардан сақ болу керек. Тұқым қуалайды Қазір сирек кездесетін аурулардың тізіміне ілінген жүйелі қызыл жегі (Системная красная волчанка) ауруы күн сәулесінің теріге әсер етуінен пайда болуы мүмкін деген болжамдар бар. Яғни абай болыңыздар. Күн астында ұзақ жүруге болмайды. Осы кеселмен көбінесе жас босанған әйелдер ауырады. Тері, буындар, бүйрек , ми және басқа да ағзаларын зақымдайды. Емі бар, ал дәрі-дәрмектер өте қымбат. Елімізде жүйелі қызыл жегіні ақысыз емдейді. Тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Бірақ аурудың неден туындайтынын дөп басып айту қиын, себебі аутоиммундық аурулардың негізгі себептері толық зерттелмеген ,-дейді профессор Бақытшолпан Исаева.
Мамандардың пікірінше денесін күнге қыздыруға құмар тұрғындар ғана емес , буын ауруына шалдығу қаупі жоғары деген тізімге спортшыларды , ауыр жүк тасушыларды енгізіп отыр. Кейде жарақаттың дұрыс бітпеуі , артық салмақ , ағзада иммундық жүйенің бұзылуы , суық тиіп, оның асқынуы да, кейде тұқым қуалайтыны кездеседі. Ревматикалық қызбаның түрі де көп. Аурудың белгілері де әртүрлі. Сондықтан медицина саласының мамандары жылдан -жылға кеселді емдеудің әдістерін жетілдіріп, инновациялық қондырғыларды кәдеге жарату заман талабы екенін алға тартады. Қазіргі таңда инфекциялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер де жеткілікті . Елімізде бұл кеселдің шырмауына ілінгендерді емдейтін жалғыз медициналық мекеме/
- Алматы қалалық Ревматология орталығы. Орталықтың ревматолог дәрігерлері күн сайын 100-ден аса емделушіге медициналық кеңес беріп, ем-шара тағайындайды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жыл сайын қалаға 2500 науқас стационарлық ем алуға келеді. Осы орталықтың директоры Анаргүл Күлембеваның айтуынша ревматологтардың мақсаты буыны сырқыраған емделушілерге кешенді түрде ем-шара жасап, еңбек ету мүмкіндігін шектелуіне жол бермеу.
- Өкінішке қарай емделушілер терапевтер, кардиологтардың көмегіне жүгініп ауруын асқындырып келетін жағдайлар болады. Мұның себебі ревматикалық қызбаны бірден анықтау қиын. Ал біздің орталық мамандарының иммундық жүйеге талдау жасайтын, буындарды ультра дыбыстық сәулемен зерттеу жүргізетін заманауи қондырғылар арқылы дерттің себебін анықтап, науқасқа кәсіби тұрғыда көмек көрсетеді. Ревматикалық қызба дертіне шалдыққан науқастарды емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Айта кететіні ревматикалық қызбаның екі түрі әлемдегі ең сирек кездесетін сырқаттардың тізімінде тұр. Сондықтан буын сырқырағанда ревматологтарға неғұрлым ертерек емделуге келген тұрғынның дертті еңсеруге де мүмкіндігі бар,-дейді Алматы қалалық ревматологиялық орталықтың директоры Анаргүл Күлембаева.
Ревматологтардың жазғы мектебіне терапевт, ревматологтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жиналған. Енді буын ауруларының жиі кездесетін белгілері : бірі адамның буыны ауырып, ісіп, жүріп-тұруы қиындайды. Саусақтың, білектің, тізенің, жамбастың буындары зақымданғанда бас ауыруы, жүректің шаншуы байқалады. Кейбір тізе, жамбастағы буынның май шеміршектері кеуіп, сүйектердің қажалуынан науқастар төсекке таңылады. Қазір отандық медицина ауруы меңдегендерге эндопротездеу арқылы жүріп-тұруына мүмкіндік жасап отыр. Дегенмен ревматологтар аурудың алдын- алуға кеңес береді. Ол үшін ішкен тамағыңыз құнарлы болуы керек, салауатты өмір салтын ұстанып , жиі қозғалып, жарақат алудан сақтану, күн сәулесінен қорғану қаперіңізде жүрсін.
Жазира Бегалы ,журналист.