- Ахмет мырза, бірінші сұрақты сіздің отбасыңызға қатысты қойсам деп отырмын. Өзіңіздің жанұяңыз жайлы айтып беріңізші.
- Мен 2002 жылы отбасын құрдым. Қазір үш балам бар: үлкені 2004 жылы, одан кейінгісі 2007 жылы, соңғысы өткен жылы дүниеге келді. Жұбайым Түркияның Измир қаласынан. Біз көптен бері Қазақстанда тұрып келе жатқан азаматтар болғандықтан, өзіміздің жауапкершілігімізді сезініп, балаларымыз қазақ пен түрік тілдерін қатар меңгерсің деп, екі жастан бастап оларды қазақ тілді балабақшаға бердік. Балаларыма қазақ тілімен қатар түрік тілін де үйреттім. Қазір екі тілде де еркін сөйлейді. Осында (Алматыда, ред.) түрік балалары оқитын арнайы мектепке барады. Мектепте осы екі тілге қоса ағылшын мен орыс тілдерін де үйреніп жатыр. Яғни, Алла қаласа, менің балаларым көптілді азаматтар болады. Бірақ, негізгі екі тілді білулері міндетті.
- Балалар тәрбиесі қашан да өзекті мәселелер қатарында. Балаға сәби күнінен бастап берілген тәрбие оның болашақта қандай адам боларына ықпал ететіні белгілі. Бала тәрбиесінде сіз қандай әдістерді қолданасыз?
- Мен балалар тәрбиесіне келгенде әке мен шеше үлкен психолог болу керек деп есептеймін. Себебі балаға сіз бір нәрсені түсіндіру үшін қаталдық танытатын болсаңыз, ол бала кейін қорқақ болып өседі. Ал қорқақ болып өскен бала ешқашан өзінің ойын айта алмайды, көпшілік алдында аша алмайды, үнемі ұялады. Өскеннен кейін осы қорқақтықтың арқасында жалтақ болады. Сондықтан мен мұндай әдісті балаларға қолданбауды жөн көремін. Егер ұсақ-түйек қателіктер жасайтын болса, оларға барынша білдіртпей дұрысын көрсету арқылы тәрбиелеуге тырысамын. Ал үлкен қателік жасаса, онда бетпе-бет сөйлесіп, «Айналайын, сенің бұл істегенін мына-мына себептерге байланысты дұрыс емес. Егер дәл осылай жасайтын болсаң, ақыры осындай болады. Саған бұл қажет болатын болса, істей бер. Ал егер қажет емес десең, ондайынды қой. Былай істе...» - деп жол көрсетуге тырысамын. Бұл менің бірінші әдістемем.
Екіншіден, мен балаларымды көбірек кітап оқуға жұмылдырамын. Балаларым менен қандай да нәрсе талап етсе, мен оларға «алдымен сендер маған осынша бет кітап оқып беріндер» деген талапты қоямын. Бұған себеп, біріншіден, балаларымның сөздік қорын кеңейту, екіншіден, ой еркіндігіне үйрету. Сондай-ақ, мен балаларымның интеллектуалды деңгейі кішкентайынан бастап жоғары болу керек деген қағиданы ұстанамын. Және міндетті түрде оқыған әрбір кітабының қысқаша мазмұнын жазып берулерін талап етемін. Өйткені, қолында қаламы бар азамат, егер ол қаламына нығым болатын болса, ешқашан біреудің бодандығына бармайды, әрқашан азат ойлы болып, еркін сөйлейді. Менің ұзақ уақыт журналистика салаласында жүріп түйгенім осы болды. Осы себепті қазір балаларымды оқуға және жазуға үйретіп жатырмын. Оның мынадай пайдалары бар: біріншіден, балама бір нәрсені айтқан кезде, егер ол кең көлемде ойлайтындай деңгейге жететін болса, бір айтқаннан қағып алады. Ал оған жету үшін міндетті түрде сөздік қорын жасына сай, мысалы 8-9 жаста, кем дегенде жеті мыңнан бастап он мыңға дейін жеткізуді көздеу керек. Екіншіден, оқып-түйгеннің барлығы ол үшін үлкен сабақ. Өйткені, сол кітаптарды жазып жатқан азаматтар бүгінгі таңда дүние жүзінің қай жерінде болмасың, сол елдің тұлғалары болып есептеледі. Сондай тұлғалардың ойын кішкентайынан бастап бойына сіңіретін болса, ол бала, менің ойымша, жаман ойлы болмайды. Мұндай әдістемемнің нәтижесін қазірдің өзінде көріп жүрмін. Балалардың алғырлығы, зейінділігі тек кітап арқылы ғана артады. Ешқашан компьютерлік ойындар арқылы балалардың көзі, ойы ашылмайды, санасы оянбайды. Қашан өзін тәрбиелейтін нағыз сырласы – кітаптармен сырласып, олармен достаспағанынша, ол баланың болашағы жоқ деп есептеймін.
- Кітап оқу мәселесіне тоқталсақ. Сіз балаларыңызға қандай кітаптар оқытасыз?
- Қандай кітаптар оқытамын деген мәселеге келетін болсақ, мен балаларымның жасына қарай ертегілерден бастадым. Олар қазақ, түрік ертегілерін қатар оқып өсті. Одан кейін біртіндеп ғибрат хикаялар, әңгімелер сынды кітаптарды көбірек оқыттым. Қазір түріктің және қазақтың балаларға арналған классикалық шығармаларына бейімдеп жатырмын. Мысалы, өткен жылы үлкен қызым түріктің классикалық шығармаларының 30 шақтысын бітірді. Ол дегеніңіз үлкен байлық. Өйткені, бала ертең сол кітаптар арқылы өзінің ойын жетілдіреді, тарихын таниды, сол кітаптар арқылы әдебиетін үйреніп, өзінің қоғамдық орнын иеленеді.
- Балаларыңыздың компьютерлік ойындар ойнауына түбегейлі қарсысыз ба?
- Әрине, кітаптармен қатар мен балаларыма ойын ойнауларына рұқсат беремін, оның ішінде компьютерлік ойындар да бар. Бірақ компьютерлік ойындардың логикалық ойды дамытатын болғанын қалаймын. Яғни, кез-келген ойын алдында балаларыма қояр талабым: «Сені ойландыратын болсын, балам. Сен оның нәтижесін ойланып барып шешетінге бол. Сонда мен саған күніне жарты немесе бір сағат ойнауға рұқсат беремін». Осындай ойындардың да берері мол деп есептеймін. Өйткені, әр заманның өзінің технологиясы бар. Сол технологияны балаға кішкентай кезінен үйретуге тиіссіз. Кез-келген нәрсеге тыйым салатын болсаңыз, баланың қабілетін жоқ қылып жіберуіңіз мүмкін. Сондықтан, сол технологияны өзінің ретімен, тәртібімен үйренгенін дұрыс деп санаймын. Мүмкін ол бала болашақта үлкен программист болып кетуі мүмкін. Немесе компьютерге қатысты бір жаңалық ашатын шығар. Әрине, мұнын барлығы болашақтың еншісінде. Бірақ тыйым салмау керек! Мен ондайды ұнатпаймын.
- Ия, сізбен келіспеске болмайды. Алайда, тыйым салу керек жағдайлар да болып тұрады. Сондай сәттерде не істеу керек екені жайында айтып өтсеңіз...
- Ондай жағдайлар да орын алады. Тыйым мен тәрбиелеу халықтық педагогикада бар нәрсе. Қандай тыйымдар дейтін болсақ, біріншіден, өзіне, өзінің отбасына немесе ұлтына керек емес дүниелермен көбірек шұғылданатын болса, әрине ондай тыйымдарды айтып отырасың. Оларды балалардың логикасына жеткіземіз. Егер логикасына жетпесе, сенің үйде жоқ кезінде, өзі бос немесе достарымен кездесіп қалған жағдайларда теріс әрекеттер жасауы мүмкін. Бірақ оның дұрыс еместігіне көзі жететін болса, өзімен қатар достарын да жаман қылықтардан тыя ма деген ой келеді.
- Сіз жоғарыда қазақ тілінің отбасыңызда алатын орны жайлы айтып кеттіңіз. Ал қазақ дәстүрі қандай рөлге ие? Түркиядан Қазақстанға келгенде қандай жаңа дәстүрлерді өзіңіз үшін аштыңыз?
- Қазақ пен түрік халқының ортақ дәстүрлері көп. Сондықтан, бізде бар нәрсе қазақтарда да бар, қазақтарда бар нәрсе түріктерде де бар. Кейде бізде ұмытылып қалған дәстүрлер қазақтарда, қазақтарда ұмытылған бізде кездесіп жатады. Өзіміздің түркі дәстүрлерімізді жаңғыртатын болсақ, балаларға оны кішкентайынан сіңіретін болсақ, оның санасы еркін болады, ешқашан жаман қылыққа бармайды деп есептеймін. Сол себепті ата-бабамыздың талап еткен талаптарының бүгінгі заманға лайықталған көрінісін міндетті түрде жеткізуге тырысамын. Оның ішінде үлкенге қарсы сөйлемеу, кішілерге ізет танытып, дөрекілік жасамау, үлкен болғаны үшін үлкендігін пайдаланып, кішкентайларды езбеу, жалпы әдептілік қағидалары осы кезеңде балалар үшін маңызды рөл атқарады. Менінше, балаларға тәлім-тәрбиені өз уақытында беру керек. Балаларға өте үлкен жауапкершілікті артып, баланы балалық қылықтарынан да айырмау керек.
Сонымен қатар, өзіміз балалық кезімізде ойнаған ойындарымызды үйретеміз. Жиналып алып әр түрлі салттық ойындарды көрсетуге тырысамыз. Мысалы, Наурыз мерекесін атап, салт-дәстүрлерімізді көрсетеміз. Қызыма кішкентайынан қазақтың ұлттық киімін кигізіп, бірнеше рет алаңға апарып, мерекені қалай тойлайтының көрсеттім. Наурызда жасалатын көптеген салт-дәстүрлер Түркияда ұмытылған. Ал Қазақстанда олар өте жақсы сақталған. Кейде қазақтың тойына, Түркияда болсақ, түріктің тойына барамыз. Тойлардың да өз ерекшеліктері бар. Әрине, бала болғаннан кейін «неге бұлай», «неге осылай» деп көп сұрақ қояды. Соларға жауап беруге тырысасын. Былайша айтқанда, өз заманына лайықты, салт-дәстүрін құрметтейтін, оны әрқашанда өзінің есінде ұстайтындай етіп тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз.
- Әр ұлттың өз ерекшілігі бар екенін ескерсек, түрік халқы мен қазақ халқы арасында баланы тәрбиелеуде айырмашылықтар бар ма?
- Бар. Біріншіден, қазақ халқы қыз балаларды өте еркін ұстайды. Түріктер бұл жағынан қатал болып келеді. Олардың әрбір әрекеттерін қадағалап, бақылап отырады. Өйткені, қызды біздің қоғамда намыс деп көреді. Сондықтан, оның арының, намысының тазалығы ата-анасы үшін де, халқы үшін де бірінші орында тұрады. Екіншіден, ұлды ұлша, қызды қызша тәрбиелеу қазақта, әсіресе, ауылды жерлерде жақсы сақталған. Ауылда өскен балалардың қарапайымдылығы, тазалығы, өзгеге деген, өзіне деген адалдығы сақталған. Дәл осылар біздің (түріктің, ред.) ауылдарымызда да бар. Қаймағы бұзылмаған халықтың ауылда екеніне иланып отырмыз. Бірақ, бізде ұл балаларды кішкентайынан бастап, кем дегенде, шағын кәсіптің иесі болсын деп мамандыққа қарай тәрбиелейді. Осы жағы Қазақстанда енді-енді жолға қойылып келе жатыр. Бірақ әлі де ойдағыдай іске аспай тұр. Мысалы, мен өзім 10 жасымнан бастап тігіншілікті меңгердім. Бала күнімнен бастап бір жағынан шалбар тігуді үйренсем, бір жағынан оқуымды оқыдым. Сондықтан да, өз тәжірибемнен еңбектің адамды тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екеніне көзім жетті. Кішкентай кезімнен «инемен құдық қазу» деген сөздің астарын ұғындым. Кейде осы жасқа келіп біреу соларды істе десе, істеп, соған барар ма едім деген ой туындайды. Қазір мен ондайға бармас едім. Ал ол кезде мұнын барлығы маған ойын секілді көрінді. Соның арқасында мен сабырлықты, үлкенге құрмет танытуды үйреніп, шебер адамның қолының алтын екендігін, ондай азаматтардың ешқашан несібесін күтіп отырмай, кез-келген жерден наның таба алатының түсіндім. Осыдан болар, балаларды жастық шағынан бастап мамандыққа тәрбиелеудің амалдарын қарастыруымыз керек деп есептеймін.
Баланы алты жасқа дейін өзіңіздің салтыңызға, дәстүріңізге сәйкес жалпы білім беріп, алты жастан бастап тоғыз жасқа дейін өнердің бір жағына қарай икемдей бастау керек. Себебі, осы жас аралығында олардың қабілеттері ашылады. Ал тоғыз жастан он алты жасқа дейін балаларға мамандықты таңдата алсаңыз, қоғам ұтылмайды. Баланың қабілеті мүмкін тоғыз жаста, мүмкін он жасында көрініс берер. Бірақ, он алтыдан кейін оған бір нәрсені үйрету қиын болады. Оған білім мен ғылымды бере аларсың, дегенмен, осылардан тыс қолына ине беріп, ұстата алмайсын. Неге бала көп тілді тез меңгереді? Өйткені, балалар көп дүниені ыммен түсінеді. Одан кейін ойынмен түсінеді. Ойын көргенді ол тез қағып алады. Баланың темір иуге, көлік жөндеуге, күрек ұстауға икемі бар ма, соны жетілдіру керек. Ал есейгеннен кейін дәрігер бола ма немесе сол сүйген мамандығын ары қарай жалғастыра ма, не істесе де тұрақты болады.
- Сонда қазақ жастарының ЖОО аяқтаған соң өз орындарын таба алмай жүргенінің бірден-бір себебі – бала күнінен қалыптаспаған тұрақсыздық болып тұр ғой?
- Мен кәсіпкерлердің бірлестігін басқарып отырғаннан кейін Қазақстанда көптеген жастарымыздың тұрақсыз екенін көріп отырмын. Неге тұрақсыз? Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, бір жерге жұмысқа тұрады. Ұнамаса, екі-үш айдан кейін шығып кетеді. Басқа жерге барады. Ол жерді де ұнатпай тастап кетеді. Бір жерге тұрақталып, сабырлық танытып, соны ары қарай үйреніп, «осыны игерсем болашаққа нық қадам баса аламын» деген ой қалыптаспай жатыр. Алғашқы күні хатшы болып орналасса, екінші күні ақшасы көп деп менеджерлікке ауысып кетеді. Хатшылық та мамандық. Оған үйренем десең, кем дегенде екі жыл керек. Мықты менеджер болу үшін 4-5 жыл уақыт кетеді. Тұрақсыздық кесірінен ол ештене істей алмай қалады. Бір жерге сіңісіп, тұрақтасаң – жетістікке жету оңай. Өкінішке орай, бұл мәселені әлі жолға қоя алмай келе жатырмыз. Соның салдарынан Қазақстанда көптеген мамандықтар дамымай қалуда. Он жыл бір мамандықтың басын ұстайды, соған қызмет етеді, ал он бірінші жылы жалақысы көп деп кетіп қалады. Сенің он жылдық еңбегін, тәжірибен қоқысқа лақтырылды. Оны жетілдіруді, көтеруді ойламадың. Ал оны сен ойламасаң, кім ойлайды? Сондықтан, баланың болашақ кәсібі жайлы ерте кезеңнен бастап ойланғаны жөн.
Бүгінде қаншама жастар университеттерде білім алып жүр. Бірақ не үшін оқып жүргенін білмейді. Дипломын алып сыртқа шығады да, қайда барарын, не істерін білмей қалады. Қолында дипломы бар, бірақ мамандығы жоқ. Мұндай дерттен айырылу керек. Әрбір адам өзінің жақсы көретін, болашақты «мен осымен маңсапқа жетемін» деген кәсіпті иеленудің жолдарын жасау керек. Және сол оқуын аяғына дейін жеткізуі тиіс. Жеткізіп қана қоймай, дамытудың жолдарын қарастыруы қажет. Себебі, әрбір мамандықты жетілдерген сайын, сен өзің жетілесін. Сен жетілсең, елің де жетеледі. Ал елің жетілсе, адамзат та жетіледі. Адамзат ұшақ, телефон, компьютерлерді т.с.с. ойлап тапты. Оларды кім шығарса да, қазір рахметін айтып жатырмыз. Осыларды жасау үшін қаншама адам науқас болды, қаншамасы нансыз қалды, «жынды» деп айыпталды. «Бұл жұмысынды таста, жөні түзеу істі тапсаңшы» дегендер де болды. Ол кісілер ешқайсысын да елемеді. Аяғына дейін барды, ақыры керегін тапты. Тапқандары бүкіл әлемнің иелігінде. Солардың істеген ерлігінің арқасында адамдар оның игілігін көріп жатыр. Қоғамға сондай «жындылар» керек шығар. Олар болсама, әркім тыныш, жаны қиналмайтын жұмысты жасап жүре беретін еді. Қоғам болса, алға баспайтын еді.
- Көптеген ата-ана үшін баланың кілең «бес» деген бағаға оқығаны маңызды. Ал ол оны қалай ма, қаламай ма, қолынан келе ме, келмей ме – мұның барлығы ескерілмейді. Осы мәселеге қалай қарайсыз?
- Мен де «бес» болғанын қалайтындардың қатарындамын. Бірақ мұғалімге ықпал етуі арқылы емес, өзімнің ықпал етуім арқылы. Мен бұл мәселені шешудің үш жолын қарастырамын. Мысалы, бала қандай да пәннен төмен баға алса, оны жігерлендіріп қайта көтермесең, сабаққа деген қызығушылығы жоғалады. Менің балам сабақтан «төрт», «үш» алып жатса, онымен бірге отырып жұмыс жасаймыз. «Не болды? Қай жерінде қиындық туындады? Нені түсінбедің?» - деп сырласамыз, ұрыспаймыз. Балам: «Мен сабаққа жақсы дайындалдым. Бірақ дәптерімді ұмытып кеттім» - дейді. «Онда дұрыс, кемшілік сенен кетті. Енді күнделікті кешке кітап, дәптерінде түгендейтін бол» - деп баланың бір кемшілігін ақырын жоясың.
Екіншіден, кез-келген баланың қабілеті болады. Бірақ ол қабілет таланттан туа ма, әлде соған деген қабілеттен туа ма? Немесе соны көбірек істеп, қолды үйретуден туындай ма? Біз «өй, баламның математикаға таланты жоқ» - деп бетін қайтарып жібереміз. Дұрыс, кейбір балалар есепті тарс етіп тез түсінеді, кейбірі тек отыз сабақтан кейін барып ұғады. Қабілет деген осылай біртіндеп ашылады. Алла Тағала барлығын тең жаратты. Біреуге физикадан, ендігісіне әдебиеттен қабілет берді. Мүлде түсінбейтін, ұқпайтын қабілет бермеді. Мидың ондай қызметі жоқ. Түсінбегеніңді түсінудің бір жолы – сол нәрсемен көбірек айналысу. Тарихқа жарты сағат уақытынды артық бөлсең, математикаға екі сағатынды арна.
Үшіншіден, әр түрлі пәннен беретін ұстаздардың арқасында бала бойындағы көптеген қабілетінен айырылады. Мысалы, ұстаз пәнді жақсы білгенімен, оқушыларға жеткізе алмайды. Не болмаса көңіл күйі болмайды. Себептер көп. Ал біз сол себептерді анықтап, кедергілерді жоятын болсақ, оның барлық қабілеті ашылады. Адамды Алла Тағала өзінің халифаты ретінде жараттым дейді. Халифаты ретінде жаратса, адам кем болмайды деген сөз. Тек қабілетті аша білудің жолдарын қарастыру керек. Оның бір мүмкіндігі – үнемі қайталай беру. Қазақта керемет мақал бар: «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың» деген. Ал істесең – шебер боласың! Бұл жерде біз мынаған мән беруіміз керек – баланы жалықтырып алмау. Ол үшін мәселені ойын түрінде көрсетіп, шешу жолдарын табуға үйрету қажет. Ойнап жүріп қалай меңгеріп алғанын өзі де, сен де түсіңбей қаласын.
- Балаларыңызды шынайы өмірге қалай бейімдейсіз? Қандай нұсқаулар бересіз?
- Адамның бойында мынадай бір керемет қасиет бар. Сол қасиетті дұрыс пайдалана алу керек. Ол – адамның жасаған дүниесімен мақтануды жақсы көруі. Мысалы, жағымды-жағымсыз жаңалық естідін немесе қолының бір жерін сыңдырып алдын, көрген адамның біріне болмаса, біріне айтасың. Міндетті түрде. Бұл сенің шығармаң емес, бірақ саған қатысты үлкен дүние. Бұл адамның мінезі. Сондықтан балаға кішкентай күнінен бір нәрсені жасауды үйрету керек. Сосын «мынауың не?» деп балағаттаудың қажеті жоқ. Керісінше, мақтау керек. Оны осылай жігерлендіріп қойсаң, болашақты ол қазір жасап тұрғанынан мың есе артық етіп істейтін болады.
- Ахмет мырза, мазмұнды да қызықты сұхбат бергеніңізге рахмет!